Журналистиканы таңдауыма ой салды

Сурет: https://kazgazeta.kz/
Ол әрқашан тек шындықты айтатын, әділдікті жақтайтын маман. Сондықтан мен бұл саланың мамандарына құрметпен қараймын.
Мен неге журналист мамандығын таңдадым? Белгілі журналист, қазақ журналистикасында терең із қалдырған, «Айтуға оңай» бағдарламасының жүргізушісі Бейсен Құранбекті (1971жыл, 9 желтоқсан – 2020 жыл, 18 мамыр) танымайтын көрермен жоқ шығар. Кішкентайымнан сол бағдарламаны сүйіп көретінмін. Бейсен ағамның жүзі жылы, сөйлеген сөзінен-ақ қандай ақжүрек адам екені көрініп тұратын еді.
Мамандық таңдау кезінде біраз қиналдым, өзіме не ұнайтынын түсіне алмадым. Кітап оқығанды жаным сүйетін. Санжар Керімбайдың Бейсен аға жайлы жазған «Бейсен және болмыс» кітабын көріп, оқуға асықтым. Кітапты оқып, Бейсен Құранбектің қандай адам болғанын жақын таныдым. Нағыз үлгі тұтарлық, біртуар адам екеніне көзім жетті.
Содан соң қабілетім бар, неге журналистиканы таңдамасқа? Деп ойладым. Осы мамандық бойынша іздене бастадым. Жақынырақ танысып, бұл саланың атмосферасы, ұлт үшін қызмет ететін журналист мамандарының қарапайымдылығы қатты ұнады. Журналистика саласына деген махаббатым оянып, қайтсемде журналист боламын деген мақсат пайда болды.
Журналист мамандығының жалақысы аз, басқа мамандық қарастырып көрмедің бе дегенді ести бастадым. Бірақ мен үшін маңыздысы өзіме ұнаған іспен айналысу болды. Мен үнсіздердің үні болып, естір құлаққа жеткізетін, тек шындықты айтатын, әділдіктің алдында жүретін маман болғым келеді. Ал егер қоғамда шындықты айтатын журналистер болмаса, халық кімге сенеді? Үнсіз қалып, әділдік іздеген жандардың сөзін кім жеткізеді?
Мен үшін журналистика-тек ақпарат тарату емес, ол-қоғамның айнасы, халықтың үнін жеткізетін күш. Журналист болу-үлкен жауапкершілік әрі үлкен мәртебе. Кішкентай кезімде теледидардан журналистерді көріп, мен ешқашан олар сияқты бола алмайтын шығармын деп ойлайтынмын. Алайда, өмірде мүмкін емес ештеңе жоқ. Талпынып, еңбек ете білсең орындалмайтын мақсат жоқ. Осылайша, менің бұл мамандыққа деген құштарлығымды оятқан, журналистика саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Бейсен Құранбек болды. Мен ол кісіні әркез үлгі тұтамын.
Қорытындылай келе, журналист болу-мен үшін жай ғана мамандық таңдау емес, жүрек қалауым мен өмірлік мақсатым. Болашақта ел сенімін ақтайтын, сөз құдіретін түсінетін, жауапкершілігі мол журналист болу үшін бар күшімді саламын.
СЕНБЕКҚЫЗЫ Зылиха,
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,
«А.Бубенцов атындағы орта мектептің» 11-сынып оқушысы





