Өнерлі өрендерді өрге өрлеткен

Сурет: М.Сайранбектің Instagram парақшасынан алынды.
Ұстаз — Малика Сайранбек – өнер жолын таңдаған, өз еңбегімен жетістікке жетіп келе жатқан жас мамандардың бірі. Ол Ағайынды Абдулин атындағы музыкалық колледжді тәмамдағаннан кейін театр саласында еңбек жолын бастайды. Театрда «Алғашқы махаббат», «№ 13» , «Махаббат туралы», «Алладин , «Мақта қыз» спектакльдерде өз ролінде ерекшеленіп, көрермен көңілінен шықты. Жас актриса 2025 жылы Шығыс Қазақстан драма және оперетта театры үшін үлкен премьера Шыңғыс Айтматовтың «Шынарым менің шырайлым» спектаклінде өнерін көрсетті. Театрдағы жұмысы оған үлкен тәжірибе сыйлағанымен, өмірінде бір оқиға орын алып, сол себепті бұл саладан әзірге демалыс алуға шешім қабылдайды.
Алайда Малика өнерден алыстап кеткен жоқ. Керісінше ол өзінің шынайы миссиясын – балаларға музыка үйрету екенін түсінді. Колледжде оқып жүрген кезінің өзінде-ақ музыкалық мұғалім ретінде жұмыс істеп, ерекше шеберлігімен көзге түскен. Маликаның сабағына қатысқан әрбір бала ғана емес, ата-аналар да оның кәсіби шеберлегіне жоғары баға берген. Тіпті оның жұмыс мерзімі аяқталғаннан кейін де ата-аналар балаларының қабілетін дамыту үшін дәл осы мұғалімнен үйренгенін қалаған.
Осы сенім мен қолдаудың арқасында Малика 2026 жылы өзінің жеке музыкалық мектебін – «Undariya»-ны ашады. Қысқа уақыттың ішінде, небәрі бір айда, ол 15-ке жуық тұрақты оқушы жинап үлгереді. Бүгінде бұл мектептің оқушылары түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Мысалы «Altai Fest» халықаралық байқау фестивальінде Айсана есімді оқушысы саханаға бірінші рет өнер көрсеткеніне қарамастан жүлделі Гран-при иегері атанды.
Малика Сайранбек – тек мұғалім ғана емес, ол – шабыт беруші, өнерге жол ашушы тұлға. Оның еңбегі мен табандылығы – көптеген жасқа үлгі болары сөзсіз.
САЙРАНБЕК Мөлдір,
Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы
Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің
«Қ.Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейі» коммуналдық
мемлекеттік мекемесі 11-сынып оқушысы.
Курс жетекшісі: Құдайберген Саяжан,
журналист





