Жұмбаққа толы тау: Дятлов асуының құпиясы

Дятлов асуы: Дереккөзі:https://massaget.kz/syrly-alem/dyatlov-asuyinyin-kupiyasyi-60-jyildan-keyn-ashyildyi

1959 жылдың суық ақпан айы. Орал тауларының қақ ортасында тоғыз жас турист белгісіз жағдаймен қаза табады. Бұл оқиға кейін тарихта Дятлов асуы оқиғасы деген атпен қалды. Жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, бұл қайғылы оқиға әлі күнге дейін адамдарды ойландырып, түрлі болжамдарға жетелейді.

Экспедиция жетекшісі Игорь Дятлов тәжірибелі саяхатшы болған. Оның тобы – жас студенттер мен түлектер – қиын қысқы жорыққа аттанады. Барлығы жоспар бойынша жүріп жатқандай көрінген. Алайда бір сәтте олармен байланыс үзіледі. Іздеу жұмыстары басталғанда, құтқарушылар күтпеген көрініске тап болды.

Туристердің шатыры қар астында қалған, бірақ ең таңғаларлығы – шатыр ішінен пышақпен кесілген. Бұл олардың сыртқа асығыс, тіпті үреймен шыққанын көрсетеді. Кейбір іздер жалаң аяқ қар үстімен жүгіргенін дәлелдейді. Қатты аязда бұлай сыртқа шығу – ақылға сыймайтын әрекет.

Іздеу барысында табылған денелер де көптеген сұрақ тудырды. Кейбір туристердің денесінде ауыр жарақаттар болғанымен, сыртқы зақым аз көрінген. Бір қыздың тілі жоқ болғаны анықталды. Ал кейбір киімдерден радиация іздері табылған. Бұл деректер оқиғаны одан сайын күрделендіріп жіберді.

Оқиғаға байланысты ондаған болжам айтылды. Бірі – қар көшкіні болды десе, енді бірі әскери сынақтардың құрбаны болды дейді. Тағы біреулер табиғаттан тыс күштер немесе белгісіз құбылыстар әсер етті деп сенеді. Кей зерттеушілер қатты жел мен ерекше дыбыстар адамдарда үрей туғызып, оларды шатырдан қашуға мәжбүр етті деген пікір айтады.

Кеңес заманында бұл іс ұзақ уақыт құпия сақталды. Құжаттардың бір бөлігі ғана кейін ашылды, бірақ нақты жауап табылмады. Осы белгісіздік — Дятлов асуы оқиғасын ерекше құпияға айналдырды.

Бүгінде бұл трагедия тек тарихи оқиға ғана емес, адамзат үшін шешілмеген жұмбақтың символына айналды. Табиғаттың қаталдығы ма, әлде адамзат білмейтін күш пе – нақтысын ешкім айта алмайды.

ТАРАС Асемгул,

Атырау облысы, Индер ауданы, Бөдене ауылы,

«Бөдене орта мектебінің»  11-сынып оқушысы