Садақ ату — ұлттық спорттың ежелгі түрі

          Елімізде кейінгі жылдары  ұлттық  спорттың түрлері бойынша өтетін жарысқа садақ ату да қосылуда. «Deshti Qypshaq» қазақ садақ ату федерациясының ұйымдастыруымен мергендер жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Федерациясының президенті Мәсімғазы Айдар Советұлы мектеп оқушылары арасынан да нысананы көзге атқан мергендер дайындау мақсатында  Алматы қаласы мектептеріне ұсыныс білдірген. Алғашқы тегін үйірме М.Әуезов ауданының №202 мектеп гимназиясында ашылды. Үйірмеге қатысуға мектеп оқушылары қызығушылық тануда.

—Балалардың бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында үйірме құрып отырмыз. Садақ атудың техникасын дұрыс меңгеру үшін оның шығу тарихы, жасалу жолдары, қандай қашықтықта атқан садақты, кімдер қолданған. Жаугершілік заманда садақтың рөлі қандай деген тақырыпты да айтатын боламыз, — дейді гимназия директоры Болат Жанайханұлы.

  Садақ ату — мергендік спортының бір түрі. 1900 жылдан бері — жазғы Олимпиада ойындарының тізіміне кірген. Шыдамдылық, жүйке мықтылығы, өткір көз және қуатты қол – осының барлығы садақпен атқанда жеңіске жету үшін қажет. Бүгінгі күні осы спорт түрімен әлемнің 140 елінде айналысады, ал садақ ату көп күшті қажет ететін, соңғы жебеге дейін жалғасатын жарыс.

—Жаугершілік заманда садақ жауынгерлердің мықты қаруы болғанын әр мектеп оқушысы біледі. Әдебиет пәнінде, «Батырлар» жырларында, хиссаларда садақ, жебе, қорамсақ туралы жиі айтылады. Садақ пен оқ —Мезолит заманынан бері бар, садақты үйеңкі, басқа да қатты ағаш шыбықтарын доғаша иіп, екі ұшын қайыспен керіп жасайды. Күрделі садақтың сыртқы бетіне сіңір тартылып, ішкі жағы мүйізбен қапталады, кейде ортасы мен екі шетіне сүйек бастырма қағылады. Садақтың ағашына керілген жіптің атаулары — кіріс, адырна, қайыс. Кіріс — садақтың керме бауы, қайысы Адырна — садақтың кермесі, яғни садаққа иіп тартылған қайыс. Садақшының жарағына кіретін нәрселері: жебе салынған қорамсақ, қолды жебеден сақтайтын жапсырма, садақ тартатын, қолды сақтайтын қолғап немесе саусақ киер, — деп федерация президенті садақ туралы қысқаша мәлімет берді.

  Айдар Советұлы  2016 жылдан бастап дәстүрлі садақ ату өнерін дамытуды қолдаушылардың бірі. Садақ атудан Қазақстан чемпионатының алғашқы жүлдегері.  Алматы қалалық  дәстүрлі садақ атушылар сайысында 1 орын;
Қырғыстан мемлекетінде өткізілген табақ атудан 1 орын иеленді.
Мажарыстан, (Венгрия)  Дюльа  қалашығында өткен HDH-IAA istorical Archery World Championship Еуропа чемпионатына қатысып, дәстүрлі садақ өнері бойынша алғаш рет Қазақ елінің байрағы көтеріліп, ән  ұраны шырқалды. Сонымен қатар, А.С.Мәсімғазы — «Abyroi.kz» @abyroikz.kz Ұлттық киім бренд ательесінің негізін қалаушы директоры.

  Балалар мен жасөспірімдер үшін бастаған игі бастама баянды болғай!

                                                                                                    (Өз тілшіміз).