Биология сабағында ойындарды қолдану тәсілдері
( 6-7-8 – сынып оқушыларына арналған)
Өмірді зерттеу
Биология — мектеп бағдарламасының бір пәні. Биология сөзі көне грек тілінің «биос» — өмір және «логос» — ғылым деген сөздерден шыққан. Яғни биология термині қазақша өмірді зерттеу дегенді білдіреді.
Биология Жер планетасында өмір сүретін тірі ағзалар, жабайы және үй жануарлары, өсімдіктер, бактериялар, саңырауқұлақтар, адамдар тағы сол сияқты тірі ағзалар жайлы ғылым.[1]
“Биология” терминін ғылымға алғаш 1797 жылынеміс ғалымы Т. Руз енгізген. Биология Оңтүстік —шығыс Азия елдерінде (Қытай, Жапония, Үндістан) YI — I ғасырларда дами бастағанымен, тіршілік құбылыстарына жүйелі түрде сипаттама берген грек және Рим философтары мен дәрігерлері болды. Соның ішінде Гиппократ ( 460 – 370 жылдары) алғаш адам мен жануарлардың анатомиялық және морфологиялық құрылысына жүйелі түрде сипаттама беріп, оларда болатын түрлі аурулардың қалыптасуындағы сыртқы орта мен тұқым қуалаушылықтың рөлін атап көрсеткен.
Аристотель ( 384 – 322 жылдары) өз еңбектерінде жануарларды құрылысы мен тіршілік әрекеттеріне қарай 4 топқа бөлді. Сонымен қатар адамның анатомиялық — морфологиялық құрылыс ерекшеліктерін, ой — өрісінің дамуын да зерттеді.[2]
Сабақтағы ойын әдістерінің пайдасы
«Ойынсыз ақыл -ойдың қалыпты дамуы да
жоқ және болуы да мүмкін емес».
В.А.Сухомлинский
Ойын – оқушылардың сабаққа қызығу белсенділігін арттырып, ойлау қабілетін дамытуға, ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Сабырлылық сақтап, бір — біріне қолдау көрсете біледі. Сондай — ақ тапқырлыққа, алғырлыққа, жылдамдылыққа баулиды. Дұрыс таңдап алынған ойын оқушының қиялын, сана — сезімін өсіріп, сөздік қорын молайтып, өз бетімен еңбектенуге дағдыландырады. Ойын үстінде оқушы оқиды, үйренеді, ізденеді, дағдылланады, тәрбиеленеді, бір – бірінің қарым – қатынасы жақсарады. Өз бетімен қорытынды жасауға үйретеді, іскерлік пен түрлі дағдыны меңгереді. Жаңа материалдарды меңгеріп бекітуге, қорытындылауға үйренеді. Оқушыларды белсенділікке шақырады, түрлі дағды мен шеберлікті меңгеруге, қиындықты жеңуге, төзімділікке баулиды. Ойын элементтері оқушылардың:
-саналық;
-көрнекілік;
-жүйелілік;
-беріктік;
-логикалық ойлау қабілетін жетілдіру үшін қажет.
Ойын бір қарағанда, баланың бос уақытын текке кетіреді деп ойлаймыз. Бірақ, пайдалы ойын болса, ата – ана баласына танымдық ойындарды көбірек ойнауына көмектесуі қажет. Логикалық ойындар, тест сұрақтары, танымдық ойындар, сауалнамамен көбірек айналысқан балалар мектепке келгенде, қай пән болмасын тез меңгеріп алатыны содан. Сабақ барысында әр тақырыпқа байланысты мүмкіндігінше ойын әдістерін пайланау — мұғалімнің түсіндіріп отырған материалын оқушылардың аса зор ілтипатпен тыңдап, жемісті, сапалы меңгеруіне сенімді көмекші бола алады. Оқушылардың белсенділігінің артатын тұсы да осы ойын әдістерін пайдаланған дәрістерде байқауға болады. Сабақта тақырыптық ойындармен өткізгенде, оқушының сөйлеу қабілеті дамиды, сөздік қоры көбейеді. Оның белгілі бір тақырып аясында шығармашылығы дамиды. Ойын тәсілдерін қолдануға байланысты үй тапсырмасы берілгенде, ұл – қызының пәнге деген қызығушылығын арттыру мақсатында ата – ананың да белсенділігі қажет. Тапсырманы баласымен бірге ойын әдістерін түрлендіріп орындауға көмектессе, оқушының дүниетанымының кеңеюіне бірден бір көмекші болады.
Биология сабағында қолданылатын ойын әдістерінің бірқатарын атап өтейін.
3. «Қызықты биология» — сауалнама түрінде, сұрақ – жауап түрінде өткізуге болады. Бұл әдісте оқушы сұраққа тез әрі қысқа, нақты жауап беруге үйренеді.
4. «Үздік биолог» — жануарлар мен өсімдіктер, басқа тірі организмдер әлемін терең зерттеп, өзі қалаған бір тәжірибе жұмысын талдайды.
5. «Театр» сабағы. Тұтас адамды алсақ, адам денесінің мүшелерінің қызметтерін сөйлету арқылы жасөспірімдер жандүниесіне ұйымшылдық, бірлік, татулық қасиеттерін қалыптастыра аламыз.Денсаулықты күту, тазалықты сақтауды жадымыздан шығармаймыз. Зиянды тағамдар мен экологиялық таза тамақты ішкен адамның ағзаларының саулығы, немесе денсаулығында кінәрат барын талдауға болады.
Театрда спектакльдегі рөлдерде ойнайтын – әртістер. Олар тақырыпқа сәйкес киінеді. Оқушылар да адамның көзі, құлағы, жүрегі, өкпе — бауыры, қолы мен аяғы, тыныс алу органдары болып, сахнада әр мүшенің маңызына тоқталады. Адамның бір мүшесінде ақау болса, денсаулығының нашарлауы пайда болады. Ол – толыққанды адам болмайды. Еңбекке жарамсыз. Мұның түйіні, ең бірінші адам денсаулығына аса ыждаһаттылықпен қарап, жақсы күтіну қажеттілігін үйретеміз. Шәкірттер үй жағдайында болсын, мектепте болсын астың өзін таңдап ішіп – жеу қажеттігін ұғуға тырысады. Тазалық сақтауды үйренеді. Бауырмалдылық, жанашырлық деген сөздің мағынасын түсінеді. Адам ағзасына зиянды тағамдардан алыс жүру қажет екенін айтады. Сондай – ақ балалар сахна өнеріне бейімделеді.
6. «Ғылым жетістіктері» атты ойын сабағына тоқталсам, әлемдік және қазақстандық ғалымдардың рөлінде оқушылар сөз алып, қысқаша ғылыми жетістіктерін ортаға салады. Сондай мәліметтер арқылы балалар биология ғылымы және оның жетістіктерінен көп хабар алады. Қазақстанда алғашқы биологиялық ғылыми мекемелер туралы айтылады.
7. «Гүл» дүкені ойын сабағы ұйымдастырылады. Ойынның бұл түрі көптеген оқушыларға ұнайды. Гүл – әдеміліктің, нәзіктік пен сыйластықтың белгісі. Екіншіден, баланы кәсіпкерлікке баулиды.
8. «Сұхбат сәті» оқушылар әр салаға байланысты сұрақтар дайындау үшін биология саласы туралы кең мәлімет жинайды. Кітаптар оқиды, кейбір сәттерді қағаз бетіне түсіреді. Ізденеді. Мәліметтерді жинай отыра сол салаға байланысты сауатты сұрақтар дайындауға үйренеді. Ойынға байланысты қазақстандық биологтар туралы кең түрде оқып – білді деп айта аламын.
9. «Өсімдіктер әлемі» — қазіргі экологиялық мәселеге жасөспірімдердің көзқарасы және оны қорғау жолдары туралы жеке пікірлерімен бөліседі. Жасыл желекті экологиялық апаттан қорғап қалу үшін әр отбасы, адам, қоғам мен оқушы әрекеті сөз болады. Биология пәнінде тәжірибе сабақтарын өткізуге кез келген құралға байланысты ойын ойлап табуға болады.
10. «Лупа» ойыны. Ойынның осы түрін өткізу үшін оқушылар өздері мәтін дайындайды.Оқушылардың әрқайсысы өзі таңдаған лупаны алып, артында жазылған сұрақтарға жауап береді.
Тәсілдерді қолдану арқылы оқушылар өз пәнімді толық меңгеруі үшін әр баланың қабілетіне қарай сабақтың теориясы негізінде тәжірибе, қызықты ойындар, түрлі әдістерді пайдалануға тырысамын.Сабақтың барысы, сергіту сәті және қорытынды бөлімдері болады.
Қорытынды бөлімі, оқушының сабаққа қатысу белсенділігін бағалау.
Сыныптағы барлық оқушының сабаққа қатысуына жеке шолу жасап, мақтау сөздер айтамын. Сабақ кезінде белсенділік таныта алмаған шәкіртпен жеке сөйлесемін. Оқушылар «Мен көктегі күндей күліп, бұлттай ақпын!» ойынына қатысады. Сабақ кезінде белсенділік танытып, сұрақтарға қатесіз, мүдірмей жауап берген оқушылар күн астына жиналады.
Осы тұрғыдан алғанда, биология пәні сабағында оқушыларға әр тақырып қызықты әрі жадында сақталып қалуы үшін ойын әдістерінің пайдасы орасан зор.
ЖУМАБЕКОВА Лязат Анварбековна,
Алматы қаласы, Әуезов ауданы,
«№133 – мектеп – гимназия» КММ
биология пәнінің мұғалімі.
Пайдаланылған әдебиеттер:
[1], [2] «Уикипедия»
ашық энцеклопеядиясынан алынды.