«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Заң аясында

Жұлдыз Сүлейменова: «Жаңа Конституция- Әділетті Қазақстанның құқықтық тірегі»

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ведомствоға қарасты құрылым басшыларымен кезесіп, Ата Заңға енгізілетін іргелі өзгерістерді талқылады. Мемлекеттік қызметшілер сала министріне сауалдарын қойып, құжаттағы өзгерістерді талқылады.

Ата Заңның жаңа жобасы қоғам мүшелері мен сарапшылардың алты айға созылған қызу талқылауынан өтті. Талқылау кезеңінде 2 мыңға жуық ұсыныстар келіп түскен. Соның нәтижесінде, заңның 84 пайызы жаңартылды. Бұл реформалардың өзегінде жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясы мен мемлекеттің жаңа саяси моделі жатыр. Құжат заман талабына сай, барлық қазақстандықтардың мүддесін көздейді. Конституциялық комиссияның алты мәрте өткен отырысында құжат мәтіні тағы да мұқият зерделенді.

Реформаның ең маңызды жаңалығы Конституцияның 3-бабында білім, ғылым және инновацияны дамытудың мемлекеттік қызметтің стратегиялық басымдығы ретінде алғаш рет ресми бекітілуі. Бұл норма адам капиталын дамытуды мемлекеттік саясаттың ең жоғарғы сатысына шығарды. Жаңа конституция аясында мемлекеттің барлық ерік-жігері ең алдымен зияткер ұрпақ қалыптастыруға жұмылдырылатын болады.

«Жаңартылған мәтінге сәйкес, азаматтардың білім алу құқығы әлеуметтік кепілдіктермен қайта нығайтылды. Мемлекеттік оқу орындарында бастауыш және орта білім алудың міндеттілігі және оқудың тегіндігі заң жүзінде бекемделді. Жаңа Конституция жобасы — бұл әрбір азаматтың сапалы білім алуы мен табысқа жетуіне жол ашатын «Әділетті Қазақстан» идеясының нақты көрінісі», -деді сала министрі.

Білім беру жүйесінің сапалық сипаты да Конституциялық деңгейде реттелді. Мемлекет тарапынан бекітілетін жалпыға міндетті білім алу стандарттары меншік нысанына қарамастан, барлық оқу орындары үшін ортақ талапқа айналады. Жекеменшік сектордағы білім беру мазмұны мен жауапкершілік деңгейі заңмен қатаң реттеліп, білім нарығындағы тәртіпті күшейту көзделген. Сондай-ақ, білім мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты елдің басты ұстанымы ретінде сақталады.

Жиынды қорытындылай келе, Жұлдыз Сүлейменова конституциядағы өзгерістер білім саласының дамуына жаңа серпін беретінін жеткізді және әріптестерін осы жасампаз идеяларды бірлесе іске асыруға жұмылуға шақырды.

ОАМ ресми сайтынан алынды.

Сәйкес жаңалықтар

Президент Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы Заңға қол қойды

Астанада пранк жасаған блогерлер қамауға алынды

Абай облысының полициясы мектептердегі терракт туралы жалған ақпаратқа байланысты мәлімдеме жасады