«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Заң аясында

Буллингсіз болашақ: жауапкершілік кімнің қолында?

Қазіргі таңда қоғам бара-бара қатігезденіп бара жатыр. Соның салдарынан буллинг мәселесі қарқынды дамуда. Буллинг – бір адамды стилі үшін, қандай да бір іс-әрекеттері үшін келемеждеу, түсінікті тілмен айтқанда – «мазақтау». Жастар арасында, әсіресе мектеп оқушылары арасында буллинг тақырыбы өршу үстінде. Мектептен соң немесе тіпті үзілісте жәбірленушіге психологиялық  және физикалық қысым көрсетіледі. Қай жағынан қарасақ та, буллинг жасаушы баланың рухын сындырып, өзіне деген сенімділігін сөндіріп тастайды. Ал өзіне сенімсіз адам оқуға да, басқа қоғамдық белсенділікке де қызығуға күш-жігері жоқ. Бұл – тек бір баланың ғана емес, тұтас қоғамның болашағына әсер ететін мәселе.

Буллинг себептері. Буллинг көбінесе отбасындағы тәрбие, баланың айналасындағы достарының ықпалы, әлеуметтік желілердің әсерінен болады. Көбіне «Неліктен қыршындай балалар бір-біріне әлімжеттік көрсетеді?» деген сұрақ туындайды. Бұның себебі – отбасынан жылулық пен қажетті көңіл көрмеген балалар. Көбінесе бұндай сыртқа күшті болып көрінгісі келетін балалардың артында өзіне сенімсіздік, қоршаған ортасына ашу-ыза тұрады. Олар біреуді кемсіту арқылы өздерін биік қоюға  тырысады. Ал өзін-өзі қорғай алмайтын тұйықтау балалар олардың қармағына тез ілініп кетеді.

Салдары қандай? Буллинг құрбаны болған балада үрей, жалғыздық сезімі үстемдік алады. Соңында депрессияға, тіпті өмірден түңілуге дейін алып келуі мүмкін. Ал бұл – біздің ұлт ретінде мықты халық болуымызға қайшы. Ал буллинг көрсетуші балаларға тоқталсақ, олар өсе келе сабаларына түспесе, ауыр қылмыскерлер болып, абақтыда шіруі мүмкін.

Буллинг түрлері. Буллингтің негізгі төрт түрі бар. Олар: сөзбен қорқыту, күшпен қорқыту, реляциялық түрі және кибернетикалық буллинг.

Күш көрсету арқылы болатын буллинг адамның тәніне зиян тигізеді. Оның дүние-мүлкіне зардап әкеледі. Мәселен, иықпен қағып өту, ұру, төбелесу осы қатарға жатады. Әдетте буллинг басқа түрлерден басталып, ақыр соңында күш көрсетуге алып келеді. Күш көрсету – өлімге апаруы мүмкін ең қауіпті буллинг түрі. Нақты осы түр жасөспірімдер арасында жиі кездеседі.

Сөз арқылы болатын буллингте адам айқайлау, дауыс көтеру, күлкі ету, кекету-мұқату арқылы зорлық көрсетеді. Құрбанды қорлау, оның намысына тию, сыртынан ол туралы жалған әңгіме айту, өсек тарату, дөрекі сөйлеу, жәбірлеу – сөз түріндегі буллингке жатады. Осы буллинг түрі психологиялық жараларға әкеледі.

Реляциялық буллингті кейде әлеуметтік агрессия деп те атайды. Бұл – бір адаммен қарым-қатынас құру арқылы оған зиян келтіру, кемсіту. Сондай-ақ реляциялық буллинг түсінігін бір адамның басқа жанның репутациясына кір келтіру, оның қоғамдағы беделіне нұқсан келтіру мақсатында жасаған әрекетін сипаттағанда қолданады. Реляциялық буллинг сырт көзге жақын араласатын адамдар арасында байқалмай өтуі мүмкін. Сондықтан ол ұзақ уақыт бойы басқа адамдарға сезілмей, бірнеше жылға жалғасып кетуі ықтимал.

Қазіргі таңда кибербуллинг деп аталатын түрі жиі кездеседі. Мамандар әсіресе пандемия кезінде оның өршіп тұрғанын айтады. Кибербуллинг – интернет, әлеуметтік желілер, түрлі сайттар арқылы қорқыту. Жәбірлеуші телефон арқылы хабарласып немесе әлеуметтік желіде жазып, адамды қорқыта алады. Сондай-ақ ауызша қорлап қана қоймай, белгілі бір фото, видео жариялап, масқаралауы мүмкін.

Жауапкершілік кімде?

Отбасы – ең алдымен, ата-ана баласының мінез-құлқына, қарым-қатынасына назар аударуы қажет. Үйде махаббат пен түсіністік бар жерде агрессия азаяды.

Мектеп – ұстаздар балалар арасындағы қарым-қатынасты бақылап, буллингке жол бермеуі керек. Арнайы психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істеуі маңызды.

Қоғам – әрбір ересек буллингті көргенде бейжай қарамай, араласуы тиіс. Әлеуметтік желіде де қорлау мен кемсітушілікке тосқауыл қою қажет.

Жастардың өздері – ең бастысы, балалар бір-бірін сыйлауды, түсінуді үйренуі керек. Әркімнің ерекшелігін құрметтеу – буллингсіз болашақтың кепілі.

Буллинг болып жатқанын көрсек не істеу қажет?

Дер кезінде тоқтатып, жәбірлеушімен арнайы жұмыстар жүргізілуі тиіс. Бұндай оқиға көрсек бейжай қарауға болмайды! Ол қоғамның әр бөлігінде болуы мүмкін: көшеде, білім беру орталықтарында, демалыс орындарында. Біздің міндет – бұндай жағдайлар қасіретті оқиғаларға айналмай тұрып, дер уақытында тоқтату. Себебі әр адамның өмірі қоғам үшін, ел үшін қымбат. Буллингпен күресу – тек бір тараптың емес, барлығымыздың ортақ міндетіміз. Егер отбасы, мектеп, қоғам бірігіп жұмыс істесе, жас ұрпақ үшін қауіпсіз әрі мейірімді орта қалыптасады.

Ата-ана баласына сенім мен мейірім сыйлап, оның бойында құрмет пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруы керек. Мұғалімдер сыныптағы әр оқушыға тең көзқараспен қарап, буллингтің алдын алуға бағытталған түрлі тренингтер мен тәрбиелік шараларды жиі өткізгені жөн. Қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары да буллингке қарсы насихат жүргізіп, балалар мен жасөспірімдердің құқықтарын қорғауға үлес қосуы қажет.

Сондай-ақ ең басты рөлдің бірі – балалардың өздеріне тиесілі. Олар бір-біріне қолдау көрсетіп, өзгелердің ерекшелігін сыйлап үйренсе, буллинг азаяды. Құрдастар арасындағы түсіністік пен достық – мықты қоғамның негізі.

Демек, буллингсіз болашақ құру – біздің қолымызда. Ол үшін әрқайсымыз жауапкершілікті сезінуіміз абзал.  Өз үлесімізді қоса білсек қана, балаларымыздың жарқын болашағын қамтамасыз ете аламыз!

РЫСПЕК  Айзере,

Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы

«№49 мектеп-гимназияның» 10 – сынып оқушысы

 

 

 

Сәйкес жаңалықтар

Президент Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы Заңға қол қойды

«Ата Заң – тәуелсіз ел тұғыры»

Түркістан облысында полиция жасөспірімдерге қатысты 200 құқық бұзушылықты анықтады