Ұлттық рухты ақын
Журналист, қоғам қайраткері Жарасқан Әбдірашевтің туғанына -75 жыл
Кім едік ?
Кім болдық біз?
Халық таныр!
Әйтеуір ұмтылғанбыз жарыққа бір!
Марқұмбыз — бәрімізде болашаққа,
Жер — деген Адамзатқа алып қабір».
Жарасқан Әбдірашев
Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ақынның шығармашылығын насихаттау мақсатында «Жасын жырдың жарқылы» поэзия кеші өткізілді.
Кешке арнайы Жарасқан шығармашылығын зерттеп, Австрия астанасы Вена қаласында ағылшын тілінде «Аралдан ұшқан ақсұңқар» атты монографиясы басылып шыққан, 3 томдық шығармалар жинағының 1 томына «Рух бостандығының жыршысы» атты 5 бөлімнен тұратын монография авторы, биыл ақынның туылған күніне арнайы жазылып «Ана тілі» газетінің № 10 санына басылып шыққан «Рух бостандығының жыршысы» атты мақаласының авторы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Францияның халықаралық Конкорд Академиясының мүше- корреспонденті Мұсаев Алпысбай Мұсаұлы ZOOM платформасы арқылы қатысып, ақын шығармашылығымен оқырмандарды кеңінен көзіне жас ала отырып таныстырды.
Жарасқан Әбдірашев 1948 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданының Ақшатау ауылында дүниеге келген. Жарасқанның әкесі колхоз басқармасының төрағасы болғандықтан, үйлеріне жиі-жиі келетін қонақтардың өнерін көкірегінде түйіп өскендіктен, бала кезінен қаламын ұштап: аудандық, облыстық газеттерде өлеңдері, мақалалары, әңгімелері жарияланады. Ақынның «Тұңғыш кітап» деп аталатын тырнақалды кітабы 1969 жылы жарық көрді. Бұдан соң «Ақ қайран», «Найзағайлы жаз», «Саяхат», «Парасат пен парыз», «Дала, сенің ұлыңмын», «Соғыстан соң туғандар», «Перзент парызы», «Сана соқпағы», «Әзілің жарасса», 3 томдық таңдамалы жырлар жинағы: «Сана соқпағы», «Көңіл көкпары», «Шежірелі шаңырақ»шықты. Ал эпитафия жанрында жазылған «Құлпытас» жинағы ақын қайтыс болған cоң, екі айдан кейін ғана жарық көрді.
Ақын 1954-1960 жылдары Ақшатау бөлімшесіндегі бастауыш, Арал қаласындағы орта мектепте оқыған. 1963 жылы Жақсықылыш жұмысшылар кентіндегі орта мектептің тоғызыншы сыныбын тамамдап, Қазалы ауылшаруашылық техникумының механика факультетіне қабылданды. 1965–1969 жылдары қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне түсіп, одан соң осы оқу орнының аспирантурасында сырттай оқыды.
ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бітірген қаламгер журналистика саласында қызмет етті. Ақын аударма саласына да еңбек сіңіріп, орыс жазушысы М.Зощенконың, үнді ақыны Р.Тагордың 1969ж., француз ақыны П.Элюардың, беларусь ақыны Я.Купаланың таңдамалы өлеңдер жинағын, балалар ақындары К.Чуковскийдің «Дәрігер Айболит», А.Бартоның «Ойыншықтар», «Өсіп келем» сияқты туындыларын, сондай-ақ А.С.Пушкиннің, А.Блоктың, Г.Гейненің таңдамалы өлең кітаптарын, Б.Окуджаваның, Е.Евтушенконың, Р.Рождественскийдің және басқалардың шығармаларын тәржімелеген. Ақынның өз шығармалары да орыс, неміс, венгр, украин, өзбек, тәжік, әзірбайжан, түрікмен, қырғыз, саха тілдеріне аударылған.Шығармашылық жолына тоқталар болсақ. 21 жасында КСРО Жазушылар одағына мүшелікке қабылданған, Қазақстан Жазушылар одағының Мағжан Жұмабаев атындағы сыйлығына ие болған лирик ақын, эпитафия жанрында өнімді еңбек етіп, бұл жанрды қазақ әдебиетіне орнықтырған ақын, осы жанрда жазылған «Құлпытас» жинағы ұлттық поэзиямызға қосылған тың жаңалық болды. Ал, эпиграмма жанрындағы жазылған туындылары «Әзілің жарасса…» деген атпен 1989 жылы жарық көрді.
Жарасқан Әбдірашев — сатирик. Сатиралық өлеңдер оның шығармашылығында үлкен орынға ие болып, «Тамаша» ойын-сауық отауының бас редакторы болды. Жарасқан Әбдірашев – аудармашы. Александр Пушкиннің, Поль Элюардың, Александр Блоктың, беларусь ақыны Янка Купаланың, үнді қайраткері Рабиндранат Тагордың, палестин ақыны Муин Беистің шығармаларын кәсіби тұрғыда қазақ тіліне аударды. Ол – сыншы. 1969-1970 жылдары «Қазақ əдебиет» газетінің сын бөлімін; 1970-1974 жылдары «Жалын» альманағының сын және поэзия бөлімін; 1974-1985 жылдары «Жұлдыз» журналының сын жəне библиография бөлімін басқарған кезеңде қазақ әдебиетінің көкейтесті мәселелерін тілге тиек еткен көптеген сыни еңбектер жазды. Әсіресе, «Жалын» альманағында қызмет еткен жылдарында «Тураби трибунасы» деген айдармен ащы шындыққа суарылған мақалалар жазып, «Әділсын Жұлдызұлы» деп қол қойған нағыз майталман сыншы.
Жарасқан Әбдірашев — балалар жазушысы. Балаларға арналған көптеген өлеңдер, мысалдар т.б. жазумен қатар Агния Барто, Корней Чуковский т.б. шетелдік танымал балалар жазушыларының шығармаларын аударып жас оқырмандарға ұсынған.
Ақынның ұлы, белгілі режиссер Рүстем Әбдірашевтің «Қаладан келген қыз» фильміне қаламгердің балалық, жастық шағы арқау болған. Ол – қоғам қайраткері. Аграрлық партияның белді мүшесі ретінде ауыл тұрғындарының азаматтық, экономикалық, әлеуметтік, мәдени құқықтары мен мүдделерін қорғау жолында қалам қарымымен қызмет етіп, қайраткер тұлғаға айналды. Міне, осындай артына өшпес мұра қалдырып, елі үшін қызмет еткен абзал жан.
Шығармашылығы туралы замандастарының сағынышқа пікіріне Әбіш Кекілбаев: «Жарасқан — қайта оралып тумайтын хас тарлан. Сол үшін де опынамыз, ойсыраймыз» — деп ақынның жастай өмірден озуын аза тұтады.
Қуандық Түменбаев: «Соғыстан соң туған ұрпақтың бір өкілі қасқайып қарап тұр. Жарасқанның болмысы. Ол- өлеңнің өзі. Ол — өзіне — өзі құлпытас қойып кеткен тұлға. Оған өлеңі куә» — деп артына өлеңмен өшпес із қалдырған ақын болмысын аша түседі.
Бекен Ыбырайым: «Өлең өлкесінде өзгеше көзге түсіп, өз қатарынан бұрын көрінген, жетпісінші жылдардың бас кезіндегі жас ақындардың арасынан топ жарып танылған дарын — Жарасқан еді», — деп ақын туралы толғанады.
Бағашар Тұрсынбайұлы: «Бір өлеңі жыртығына жамау, бір өлеңі жүрегіне дауа болған ақын», — деп жоғары баға береді.
Смағұл Елубаев: «Жарасқан ақын өз — өзіне өлеңнен құлпытас орнатып, Аллахи ақиқатты іздеген адам» — ақынның нағыз адамдық сырын аша білді.
«О, Махаббат,
Сегіз әріп,
Бір арман
Қырық қыздан құралған… – өлеңі жастар арасында мәтелге айналып кеткен, бұл ақынның сөз құдіретінің мықтылығы. Жарасқанның өлеңдерінде Құрманғазы атамыздың рухы бар», — деп Сатыбалды Нарымбетов ақынды бағалай білді.
«Дала — оның дәптері, домбырасы. Жарасқан жарысып, жалығып жазған жоқ, сағынып жазды. Оның ғажап лирикасы, талайды тәубесіне келтірді», — Қали Сәрсенбай да Жарасқан жырларынан күй сарынын ұға білді.
«Ақынның жаны поэзиясында дейміз. Оның жырлары — алдымыздан шығар ақиқаты болар, бәлкім. Оның бір ақиқаты — ақынның күндері оралмайтын болса да, өмірге өлеңімен оралатын болар…. Оралуы — өмірмен бірге жаралуы, өмірмен бірге жаңғыруы. Тіпті, өмірмен бірге жасаруы десек те болады,» — деген Жақау Дәуренбеков философиялық ойлары шындық. Ақын 2001 жылы 10 ақпанда Алматы қаласында дүниеден өткен. Ақын дүниеден өткендегі ақындар толғауы да ерекше.
Ажал –хақ ғылым деймін,
Ашқандай тың жаңалық.
Ішімнен күбірлеймін,
Ішіме жын қадалып.- деп ақын Алмас Темірбай жырласа,
«Қалықтай ұшсаң сәлеміндейсің ғашықтың,
Түскен соң жерге жаншиды жанды жасық мұң.
Жапалақтаған кіршіксіз таза ақша қар,
Күнәкәр жерге түсуге неге асықтың?» – деп ақын Гүлсана Қуатбайқызы мұңын айтып, ақынды өлімге қимай тебіренсе, ақын Темірхан Медетбек:
Жарасқаным, дара тұлғам,
Сенде сезім ой шыныққан.
Білем сенің жаратылған
Тұла бойың қайшылықтан — ақынның адамдық болмысын ашса, ақын Шөмішбай Сариев:
ЖАРАСҚАН, біз Аралдың баласы едік,
Ұлы теңіз барында тамаша едік.
Ата –баба ту тіккен ұлы жері,
Аманөткел –Қамбаштың арасы едік.. — деп туған жерден түлеп ұшқан түлегін жырласа, ақын Әбдірахман Асылбек:
Ау, Жарасқан, Жарасқан.
Сен кім едің, кім едің?-
Әлімнен ұшқан ұл едің, — деп Бұқар жыраудың мақамымен жырлайды.
Ал, Мұзафар Әлімбай: «Қаламгерлік, жауапкершілік тізгінін бір сәт те босаңсытпаған балалар ақыны, кішкентайлардың үлкен ақыны болып қала бермек» — десе, Зейнолла Қабдолов: «Өлеңдерінде керемет бір юмар бар» — деп ақынның әзілмен жеткізер сыншылдығын айтады. Тұманбай Молдағалиев: «… ақын болғанда — жақсы екенін, сөз қадірін білетінін танытқан жігіт» — деп ақынның сөз қадірін айта түссе, Қалтай Мұхамеджанов:
«..ерекше бір табиғи құбылыстың тұлғасы» — деп ақын табиғатын түсіне біледі. Қадір Мырза Әлі: «Жарасқан — өз болмысынан ақылды қазақ» — десе, Исраил Сапарбай: «Ақылдассам да ақыным, шатақтассам да жақсы шайырым» — деп сағына еске алса, Бақытжан Майтанов: «…еркіндей басып, еркелей келген дарынды жас Ақын жүрегі Шындық деп соғады» — деп ақынның шын болмысын ашады.
Бекежан Тілегенов: «Жарасқан — Тәңір жаратқан адам» яғни, тума дарын екендігін айтады. Ал, ақынның шығармаларын талдаған:«Жарасқан Әбдірашевтің «Сортопырақ» поэмасы — айтары мол шығарма» — деп Сәмен Құлбарақ жоғары баға береді.
Жарасқанның ақынның 33 жыл отасқан тағдырлас жары, жеке хатшысы Нәзігүл Нұрғалиқызы өз естеліктерінде ақынмен алғаш таныстығы туралы аңызға бергісіз әңгімесінде: «Оқып жүргенде үнемі сабақтан шыққан соң, бір топ жігіттер жетоныма таласып, сыртқы киімімді алып береді. Солар улап-шулап мені Таулы қыраттағы апамның үйіне дейін жаяу шығарып салады. «Осы жігіттердің бәрі маған ғашық екен» десем, Жарасқанның достары екен. Ал, Жарасқанның болса, маған жақындауға батылы жетпей, көшенің арғы бетінен сырттай шығарып салып жүріпті….кеште өлең оқығанда, өлеңдері ғажап екен, мен іздеп жүрген Жарасқан осы екен ғой» деп таңданып тұрып, «Он мой» деппін. Маған оны құрбыларым айтты. Осыдан достығымыз жалғасып, жанұя құрдық. Ол туралы да ақын өлеңмен:
Туған дала,
Жаным сене от алды,
Сен деп білем,
Анам,
Әкем,
Атамды,
Екеу болып аттанбақпын ертеңге,
Батаңды бер,
Батыңды бер,
Батаңды!…
Мен бақытты боларыма сенбеймін,
Ең алдымен, сен бермесең, батаңды! — деп бата сұрады. Тілегі қабыл болып, шүкір өсіп — өніп 33 жыл бірге жақсы ғұмыр кештік. «Ат айналып қазығын табады, Жарасқан айналып Нәзігін табады» деген халық арасында мәтелге айналып кеткен аталы сөзді айтқан да Жарасқанның өзі. Осы сөздің шығу төркінін айтайын. Ақындар бір шеңберге сыймайды ғой. Ал, ақындарды тұсап, ия болмаса үйге қамап ұстауға болмайтынын, оларға еркіндік беру керектігін Мұхтар жездем үнемі айтып отыратын. Жездемнің тәрбиесінен кейін Жарасқанға еркіндік бердім. Сондықтан да ол
Өзіңсің Гүлім, Нәзігім
Өмірлік Темірқазығым….
Ақылдым, егер түсінсең,
Ақынмын!
Осы жазығым! — деп айдай әлемге бар сырын осылай жайып салған еді. Бүкіл саналы ғұмырын тек қана әдебиетке арнап, қағазға үңіліп, оқумен, жазумен өткізді» еске алады.
Жарасқан Әбдірашев — ерекше дарынды тұлға. Ақынға құрмет ретінде, Алматы қаласында, туған жері Арал қаласында да есімі көшелерге және мектепке беріліп, соңғы жылдары тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.
Ақын шығармашылығы әлі де толықтай зерттеуді талап ететін үлкен әлем. Ақын туындысын әлі де жинақтап, зерттеп жарыққа шығару жастардың қолында.
Профессор Алпсыбай Мұсаев Жарасқанның жанұясымен араласқан адал достығы туралы айтып, ақынның уәдеге берік, досқа адал, еңбекқор, шыншылдығы мен турашыл да ашық мінезі кез келген адамды баурап алатындыңы, поэзиясының өткірлігі жөнінде замандастарының пікірлерімен бөлісті. Және де Жарасқанмен оның жары Нәзік арасындағы адал сыйластығы мен жарасымдылығы жөнінде айтты. Ғалым ақын шығармашылығының зерттелуі туралы айта келіп: «Жарасқан туралы Әбіш Кекілбаевтың «Аяулы ақын, асыл азамат», Темірхан Медетбековтың «Кебе сөгер жебе еді», Тұрсын Жұртбайдың «Бір дауыс», Бақытжан Майтановтың «Ақын кетіп барады» атты тағылымды мақалаларымен бірге, Зейнолла Қабдоловтың, Қайым Мұқаметжановтың, Қадыр Мырзалиевтің, Тұманбай Молдағалиевтың үш томдық таңдамалысына жазған пікірлерінде терең ойлар, ақын шығармашылығын аса жоғары бағалаған жүрекжарды пікірлер айтылғандығын айтты.
Кім едік ?
Кім болдық біз?
Халық таныр!
Әйтеуір ұмтылғанбыз жарыққа бір!
Марқұмбыз — бәрімізде болашаққа,
Жер — деген Адамзатқа алып қабір» — деген өлең жолдарында түсінген адамға үлкен сыр жатыр.
Ғалым Алпысбай Мұсаұлы Жарасқан Әбдірашев есімі ел есінде мәңгі сақталар тұлға екендігін, ақын шығармашылығының әлі де оқырманға айтары мол үлкен әлем, биік тұлға екендігін айтып жеткізді. Ол ақынның шығармашылығын зерттеп білем деуші жастарға өзінің жазған монографияларын оқып, ізденуге шақырып, Жарасқан туралы әлі де көп мәлімет айтуға дайынмын — деп сөзін қорытындылады.
Кеш барысында арнаулы оқу орындарының студенттері «Соғыстан соң туғандар», «Арызым бар табиғат», «Тыңда мені», «Төлен Әбдікке» атты ақынның өлеңдерін оқыды. Ақтөбе облыстық филормониясының әншісі Айбат Махашев ақынның «Кірмеші жиі түсіме» әнін орындап, оқырмандар ықыласына бөленді.
Шара соңында кітапхана директоры Сұлушаш Хакимова сөз алып, ақын шығармашылығын зерттеп, бізге жеткізген Алпысбай Мұсаұлына ризашылығын тіледі. Алдағы уақытта да ақын шығармашылығы насихатталып, оқырмандар арасында үлкен сұранысқа ие болып, таныла беретіндігіне сенім білдірді.
Нұрлыгүл БЕРДІҒАЛИЕВА,
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе
облыстық әмбебап-ғылыми
кітапханасы, абонементтік қамтамасыз
ету бөлімшесінің кітапханашысы
Сурет:egemen.kz