Көңілдің құлпын ашар кілті бар ма?

Өмірің өзгеруі мүмкін онда

Тек қана сен өзгерме қай кезде де

Күліп жүр, күлдіріп жүр күлкі болма.

Сағи Жиенбаев атындағы Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасында «YMYRTTAGY KITAPHANA» әлеуметтік-мәдени шарасы аясында  «Күлкі — жанның шипасы» атты кездесу кеші өтті. Ұйымдастырылған кездесудің қонақтары «Екі езу» сатира театры. Кездесуге қаламыздағы №33, 38 мектеп оқушылары, гуманитарлық колледж студенттері қатысты. Мақсаты: Жасөспірімдерге адам өміріндегі күлкінің маңызды екенін түсіндіру. Өзінің жақын адамдарын қуанта білуге, мейірімділікке тәрбиелеу. Оқырмандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау.

«Екі езу» эстрадалық миниатюра театры 1998 жылы 22 наурызда облыстық «Ақтөбе» газетінің жанынан күлкі клубы ретінде құрылған. Газет тілшісі Нұрлыбек Жұбатқанның бастауымен театр құрамына қаладағы талантты жастар тартылды. Театр сахнасында Нұрлыбек Жұбатқан жазған әзіл-сықақ қойылымдары орындалып жүрді. Театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Нұрлыбек Жұбатқан театрдың тарихы мен жаңалықтары туралы айтып өтті. «Тәуекелге барып, жаңа нәрсені көру керек»,-дейді Нұрлыбек Хайруллаұлы. Жаңа құраммен толық таныстырып, жас әртістердің өнеріне тоқталды.  Бекбол Татебаев іс-сапар барысындағы қызықты оқиғаларды еске алып, көрермендермен бөлісті. Инстаграм әлеуметтік желісіне қызықты видеоларды түсіріп, көрермендерге жолдап келе жатқан алғашқылардың бірі екендігін айтта кетті. Театрда бірнеше жылдардан бері қызмет атқарып келе жатқан Гүлсім Кәкімжанқызы 5 жылдай үзіліс жасағанын айтты, бірақ қайта сахнаға оралатынымды білдім дейді талантты әртіс. Көрерменнің қошеметі, ықыласы сахнадағы әртістің үлкен жетістігі екендігін сөзіне тиек етті.

Театр – сахналық өнердің өмір көріністерін драмалық әрекет арқылы көрермендердің көз алдында актерлер күшімен бейнелейтін бір түрі. Театр – халықты эстетикалық адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің аса маңызды құралы. «Екі езу» сатира театрының жас әртістері Динара мен Ақнәзік театрға алғаш келген кездерді, сахнадағы қызықтары туралы әңгімелерімен бөлісті. «Әдемі дауыс» тапсырмасын орындап, ертегіні дауыстады. Досбол Бостан поэзия оқып, Диас Өтес ән айтты. Тағы да басқа қызықты ойындар ойнатылып, сұқбат қызықты әңгімелермен өрбіді. Кітапхана директоры Гүлжайнар Нәренқызы келген қонақтарға өлең арнап, естелік сыйлықтарды табыстады. Театр ұжымына сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді.

«Екі езу» театры 2001 жылы түңғыш рет республика деңгейінде Алматы қаласында ұйымдастырылған әзіл-сықақ сайысында жүлделі орынды иеленсе, сол жылы Астана қаласында өткен халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды.  2012-2014-жылдары «Хабар» арнасы ұйымдастырған «Ду-думан» телевизиялық шоуына қатысты. 2013 жылы ұлтық арнаның ұйымдастыруымен өткен «Жұлдызды сәт» сайысында жеңіске жетті.

Күлкіні іздеме, ол өзіңде,
Күлкіні бағала өзің де.
Жаныңа шипа ем беретін,
Күлкі ғой бағалы өмірде  – деп ақын ағаларымыз жырлағандай таңдарыңызды күлкімен атырып, кештеріңізді күлкімен батырыңыздар

Лаура Ерікқызы Сұлтанбекова.

Сағи Жиенбаев атындағы

Ақтөбе облыстық жасөспірімдер

кітапханасының кітапханашысы.

Ақтөбе қаласы.

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *