Сейдәзім Қадырбай – заңгер, құқық саласының білгірі

«Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс»

Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы,

Қазақстан Республикасының Президенті:

«Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағлым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды… Тәуелсіздік мерейтой аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек… Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс.»

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласынан.

«Qyr balasy» қоғамдық қорының негізін салушы, алаштанушы, «Дарын»  жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Елдос Тоқтарбайдың зерттеу жұмысы туралы пікірлері.

     «Сейдәзім Қадырбай – Алаш идеясының төңірегінде қызметтік, әскери, ғылыми, құқықтық, заңгерлік, журналистік, басқа да салаларда мемлекеттің жазалау саясатына ұшырап, қудалау мен қуғын-сүргін көрген тұлғаның бірі де бірегейі болды. Өкінішке қарай, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Президентінің 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 Жарлығында қуғын-сүргін құрбандарын, оның ішінде 1920-1950 жылдары қазақ халқының ұлттық бостандығы, Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін советтік кезеңде саяси қуғын-сүргін құрбаны болған «қаһарман» күрескерлерді (яғни қаһармандар) толық саяси ақтау көзделген. Сейдәзім Қадырбайұлының ардақты есімі 1966 жылы ақталса да, қоғамда оның қандай тұлға екені, қызметі мен шығармашылық мұрасы толық насихатталмай келді. Тек соңғы 5-6 жылдың айналасында ғана Сейдәзім Қадырбайдың Алаш қайраткері, заңгер-ғалым, публицист, ұлттық әскерімізді құрушылардың бірі ретінде айтыла бастады. Бүгінгі конференция сондай шаралалардың бірі. Сонымен қатар өзінің туған өлкесі Қостанай өңірінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр».

***

«Осыдан кейін С.Қадырбайдың тұлғасын тану, зерттеу мен зерделеу мәселесін қолға алдық. 2019 жылы алғаш рет атақты заңгердің шығармашылық мұрасы жинақталып, мемлекеттік бағдарлама аясында 2021 жылы жарық көрді. Әлихан Бөкейхан Алаш ғылыми зерттеу институты және Сейдәзім Қадырбайдай Алаш арысының ұрпақтарының ұйымдастыруымен тағдырының соңғы кезеңдері өткен Воронеж қаласына тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырып, архивтік тың мәліметтер негізінде деректі фильм түсіріліп шықты. Сондай-ақ «Міржақып. Оян, қазақ!» көркем фильмінде (режиссері – М.Есжан) Сейдәзім бас кейіпкер Міржақып Дулатұлының айнымас, қандыкөйлек досы ретінде сипатталып, көрерменнің ықыласына бөленді.

Сейдәзім Қадырбай да өз білімін, мансабын, күш-қуатын сарқа жұмсап, тең емес жағдайға қарамастан, большевик-сталиндік билікке қарсы ымырасыз күрес жүргізген тұлға».

«Сейдәзім – заңгер, құқық са­ла­сының білгірі. Қазақтың сая­си-құқықтық ойлау ілімінің қа­лыптасуына, дамуына үлес қос­қан, қазақ тілін заң тіліне айналдырған тұлға. Құқықтық-саяси құжаттар мен нормаларды жүйелеген, бүгінгі біз білетін көптеген термин мен ұғымды қа­зақылаған заң ісімен теория­лық-тәжірибелік тұрғыда қатар айналысқан маман. 1922–1929 жылдар ара­лы­ғында Қазақ АКСР Юстиция Ха­лық Комиссариатының заң шы­ғару және сот ісін бақылау бө­лімінде меңгеруші қызметін ат­қарған. Совет үкіметі орн­а­ған­нан кейін Наркомюстта (Бүгінгі Әділет министрлігі) жауапты қызмет атқарған азамат әр жылдары «Нотариат туралы заң, ере­же, нұсқаулар» (1928), «Жер заңы» (1927), «Ақылы істерді жүр­гізу заңы» (1930), «Ақы заңы» (1926), «Неке, үй-іші және қам­қорлық туралы заң» (1930) кі­таптарын жазып, шығарды. Кей­бірін орыс ғылымынан аударып, қазақша сөйлетті».

Сейдәзім Қадырбай 1929 жылы  «Халық жауы» деген айып тағылып, Воронежге жер аударылады. 1938 жылғы 11 қазанда Сейдәзім Қадырбай ату жазасына кесілді. Үкім 17 қазанда сағат 14.00-де орындалған. Денесі Воронеждегі қуғын-сүргін құрбандарының зиратына жерленеді.

Сейдәзім негізін салған құқық тілінде ұлттық рух, мінез барын түсініп, жас ұрпақтың, болашақ заңгер мамандардың қажетіне жарасын деп әрі төл тарихымен танысуға шөліркеген оқырманның рухани қажетін өтесін деген ниетпен біртуар азаматтың шығармалар жинағын кейінгі жылдары жаңадан табылған мұраларымен толықтырып, өңдеп, қайтадан басып шығардық. Қазақ мемлекетінің қазығын қаққан Сейдәзім Құлмағамбетұлы Қадырбайдың тұғырына орнатқан рухани ескерткішіміз осы кітап. Сүйегі жырақта қалған ердің ендігі де сөзі ұлтымен жасап, жаңара берсін! Оғланның рухына Фатиха!

                                                                                                                    ADEBIPORTAL.KZ

Сурет: «Қазақстан тарихы» порталы