Рухани жаңғыру — қоғам көрсеткіші

«Егер мен жанбасам лапылдап,

Егер сен жанбасаң лапылдап,

Егер ол жанбаса лапылдап,

Ааспан қалай ашылмақ?».

Назым Хикмет

Тулаған тарих толқында тербеле бермей, алдымызды аңғаратын, соңымызды салмақтайтын кезге жеттік. Қысқа ғана уақыттың аясында қарыштап алға аттадық, тіпті кемелденген елдердің өзі келешегін бізбен байланыстыруға құмартатын болды. Оған елімізге көптеп құйылып жатқан салымдар мен ашылып жатқан өндіріс орындары дәлел. Шама бар, енді сананы нығайту жолына кірістік. Сонымен, рухани жаңғыру дегеніміз не? Ол қаншалықты дәрежеде қолжетімді болмақ? Оны жүзеге асырудың жолдары қандай? Діттеген межеге жету үшін не істеуге тиіспіз деген сұрақтардың басын ашып, ұғымымызға ыңғайлап көрелік.

Менің пайымдауымша, рухани жаңғыру — күрделі құбылыс, шыныдай мөлдір үдеріс. Сызат түссе, қайтадан қалпына келтіру қиын. Жаңғыру алдымен қоғамның сілкінісіне айналуы керек. Көшкен сайын дүниемізді де сілкитін қазақ емеспіз бе, одан ұтылмаймыз. Жаңғыру дегеніміз — жаңару. Оның алғашқы иірімдері адамның көңіл көкжиегінен бастау алады, яғни әр адам жаңаруды өзінен бастауы тиіс. Ал адам — қоғамның негізгі қозғаушы тетігі. Тетігі мықты қоғам рухани тұрғыдан қуатты болады, доңғалағы үздіксіз айналып отырады.

Рухани жаңғыру бәрімізге ортақ, баршаға қолжетімді, себебі ол ұлы құндылықтардың тоғысы. Еліміздің арғы — бергі тарихының ең ғибратты тағылымы осында. Рухани жаңғыруды жүзеге асырудың жолдары сан алуан. Кешегі бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы сабақтасып жатса ғана біз рухани жаңарамыз, жаңғырамыз. Әр қазақстандықтың жүрегі ел деп соқса, ертеңгі күнге деген сенім мен құлшыныс болса, алынбайтын асу болмайды.

Бұл – болашаққа салынған жастардың баспалдағы. Әр жас ұлттық құндылықтарымыздың алтын қоры ежелден ата-бабаларымыздан мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлерімізді сақтап, мың өліп, мың тірілген тілімізді құрметтеп, Отансүйгіш жастар қатарының легінен боламыз. Аялы отбасымызда ата-анамыздан, мектепте ардақты ұстаздарымыздан үйренген, көңілге түйген тәрбие мәйегінен нәр алып, мақсатымызды бекемдейміз. Сол мақсат жолында өнегелі оқуымыз, үлгілі тәртібімізбен бізге сенген елдің аманатын арқалап, біздің болашағымызға жалғастырамыз.

Сөз соңын Назым Хикметтің: «Егер мен жанбасам лапылдап, егер сен жанбасаң лапылдап, егер ол жанбаса лапылдап, аспан қалай ашылмақ?» деген тұжырымымен түйіндегім келеді. Жаңарайық достарым!

КОПТЛЕУОВА Гульшат

Абай атындағы Республикалық мамандандырылған

дарынды балаларға арналған  қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете

оқытатын мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы.

Алматы қаласы

Сурет: Martebe.kz