Ақындық – Алланың сыйы
«Мен бақыттымын,
Бақытты жерде туылдым.
Айналайын Карасаз,
Қасиетінен суынның!».
М.Мақатаев
Әр жылдың 9 ақпан — ақиық ақын М.Мақатаевтың туған күні. Осы атаулы күнге орай Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Коворкинг» орталығында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған«Айсын» радиожурналистикамектебінің қатысуымен«Жырлайды жүрек» аттыпоэзия кеші ұйымдастырылды.«Мұқағали мұрасы мәңгілік» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалып, Ақынның өлмес мұрасынан сыр шертетін қызықты деректер айтылды.
Мұқағали Мақатаевтың балалық шағы қазақтың басына төнген қайғы-қасіреттің бірнешеуімен тұспа-тұс келді. 1932-33 жылдардағы ашаршылық кезінде ақын небәрі 1-2 жас шамасында болса, 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін кезінде 6 жаста болады. Екінші дүниежүзілік соғыс барысында Мұқағали Мақатаев 10 жастағы бала екен. Соғыстың салқын қабағы ақынның шаңырағына оңай соққан жоқ. Әкесі Сүлеймен қан майданда қаза тапты. Болашақ ақын ер мінезді әжесі Тиынның тәрбиесін көріп, аңыз-ертегілермен сусындап өседі. Ол өзінің анасы Нағиманды жеңгесі сияқты қабылдап, Нақа деп атап кеткен. Мұқағалидің азат ойлы, ашық пікірлі болуына әжесінің тәрбиесі ықпал етті.
Мұқағали Мақатаев 14-15 жасында ақын болуға біржола бел байлап, қазақ әдебиетімен бірге әлемнің барлық классиктерін бір деммен оқып шығады. Соның ішінде Гейне, Гете, Шекспир, Данте, Бальзак, Драйзер, Гюго, Байрон, Лондон сияқты классиктерді жоғары бағалайды. Ал, өз кезегінде Мұқағалидің дарынын алғаш таныған ақын ақын Әбділда Тәжібаев еді. Ақын қай тақырыпта жазса да, жан-жүрегімен тебіреніп, ақындық шабытпен, суреткерлік шеберлікпен жеткізе жазады.Ол өзінің өмірлік жары Лашынға 18 жасында үйленеді. Ақынның алғашқы лирикалары осы кезде жазыла бастады.
Ақынның барлық тағдыры өзінің өлеңдерінде шынайы көрініс береді. Оның «Асығу керек, асығу керек қалайда! Уақыт саған қарай ма?!» деген өлеңі ауруға шалдыққан жылдары жазылған. Соған қарамастан, мұзбалақ ақын күллі қазаққа өшпестей мол мұра қалдырды. Жалпы Мұқағали 1000-нан астам өлең жазып, «Ильич», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек! Райымбек», «Моцарт» Жан азасы» тәрізді бірқатар поэма-толғаулар, пьесалар, көркем аудармалар қалдырды.Сонымен қатар,ақынның «Есіңе мені алғайсың», «Сен менің жанарымның ішіндесің», «Күрең күз», «Мен деп ойла», «Жалаң аяқ қыз», «Қайран жеңгем», «Саржайлау» т.б. көптеген белгілі әндері бар.
Поэзия кешін Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің студентіЖумагулова Дария «Сәби болғым келеді» әнімен ашты. «Айсын» радиожурналистикамектебінің дарынды оқушылары Мусин Әбілмансұр, Сейлхан Іңкәр, Сәтбергенқызы Шаттық, Болат Бейбарыс, Сарман Айша, Танирбергенқызы Арайлым, Сырымова Еркеназ, Амантай Ақбота, Қалмағанбет Аружан, Есмағанбет Кәусар, Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің студентіНұрымбетова Ақнұр, кітапхана оқырмандары Шығанақ Ерсұлтан, Құдабай Нұрсерік сыршыл лирикаға толы ақын өлеңдерін нақышына келтіре оқыды.
Мұзбалақ ақынның сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың», «Сен менің жанарымның ішіндесің», «Мен деп ойла», «Жалаң аяқ қыз», «Қайран жеңгем» сияқты ел аузында жүрген танымал әндерді«Тандем»радиосының тілшісі,«Айсын» радиожурналистика мектебінің жетекшісі Айсын Байтақова, Ақтөбе гуманитарлық колледжінің студентіРүстем Жиенғалиев, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, талантты жас әнші Бауыржан Нұрлыбай тамылжыта орындады. Іс-шара соңында кітапхана директоры Раймбаева Құралай Серікқызы барша қатысушыларға алғысын білдіре отырып, ақынның өршіл рухты поэзиясын оқуға шақырды.
Ақындық тылсым дүние. Ақындар өз өмірлерін өздері жазады. Өмір мәні ұзақ жасаумен өлшенбейді. Ал, ақындық -Алланың сыйы. Мұқағали өлеңді таңдаған жоқ. Өлең Мұқағалиды таңдаған. Ол өлеңді өмір сүру үшін жазған жоқ. Өлең жазу үшін өмір сүрді. Қазақтың қара өлеңінің киесі Мұқағалиға қонған. Демек, құдіретті ақынның сыршыл лирикасы мәңгі халық жадында сақтала берері сөзсіз. Мұқағали мұрасы мәңгілік.
Ақмарал МҰҚАШЕВА
Сақтаған Бәйішев атындағы
Ақтөбе облыстықәмбебап ғылыми кітапханасының
қызметкері
«Жырлайды жүрек мәңгілік»
Боза ала таң,гүл қураған бақтарды,
Әппақ қыста,аңтарылған ақ қарды.
Бұл ғасырдан емеспін деп жырлаған,
Еске алысып естен кетпес шақтарды.
Жырлап баба,үйсін менен сақтарды,
Тас тарихтан тастай мұңды ақтарды.
Жырларымен тебіреніп,жұбатты ол,
Жылап қалған бүлдіршін мен қарттарды.
Жүрек қылын қозғағанда тыныштал,
Ақындарға керек сабыр,тыныш хәл.
Демің құрып, маужыраған сәтіңде,
Ақынды оқып,сәл екінші тынысты ал.
Жырдың құны әппақ шабыт, артығы!
Оған биік,биік бізге ар құны!
Мен ұға алдым…жырда- сырдың барлығын,
Мұқағали Мақатаев арқылы.
«Ойларым менің, ойларым» кітабының авторы
Шығанақ Ерсұлтан