Аласапыран ойларым болашағымның баспалдағы

Түнгі ойлармен алысып жатып, кейде шешімі жоқ, сұрағы белгісіз, қызық та күрделі сезімдерге шырмалып, басың қататыны бар. Сол сезімдер жанымды жегідей жейтін кездер де болады. Көз алдыңда тұрып, қол жеткізе алмау; мүмкіндігің бола тұра шарасыз қалу; ойыңда не бар соны ашық айта алмау – ең ауыры.

Әрине, бұлар материалдық жағдайлар емес, адамның ішіндегі түсініксіз қалаулар. Ашығын айтқанда, ол адамның ойында кім бар? Кім болуы мүмкін? Мен жайлы ойы қандай? Иә, мен үшін басқа біреулердің ойы маңызды емес, бірақ ол — мен үшін қатты араласпасақ та, жай біреу емес, ең жақыным секілді.

Осындай сәттерде заманымыздағы кейбір жігіттердің жаман қылықтары мен мінездерінің кесірінен барлық еркек кіндіктілерге қатысты қалыптасқан теріс ойға жының келеді. Әсіресе солардың ішінде ақындар. Барлығына жала жаппаймын, дегенмен «ақын» деген қасиетті де ұлы атауды ішіп-жеу, шегу, жүргіштікке айырбастап жүргендер аз емес. Осындайлардың кесірінен «ақын» десе, кейбір қыздардың ойына ойшыл адам емес, тойшыл, қызқұмар бейне елестейтіні де өтірік емес.

Осындай ойлар тізбегінде туындаған сұрақтарға жауап іздеймін. Өйткені, мен де еліміздің ертеңі, елі мен жерін қорғайтын, анасы мен қарындасын, әпкелері мен қызын, отанасына тірек, қорған болатын азаматпын. Батырлықты, батылдықты өткен ғасырлардан бабаларымыздан бізге жеткен ерліктен, қара қылды қақ жарған әділдіктен, Отансүйгіш, шынайылық қасиеттерінен іздейміз. Бізге өнеге болған асыл қасиеттер бізге отандық кино арқылы дариды десем, қателеспейміз. Маған режиссер Ақан Сатаевтың көркем драмалық «Жаужүрек мың бала» фильмі қатты ұнайды.

Тағы бір айтқым келетін ой — қазіргі таңда кейбір жігіттердің майдаланып бара жатқаны. Әрине, бәрі емес, қазақтың ішінде бүгін де ту ұстап, тұлпар жаратын азаматтар жетіп артылады. Дегенмен, өмірімде неше түрлісін кездестірдім: біреуі қызбен қыздан бетер ұрысады, біреуі қызды сыйласаң мазақ қылады, енді бірі қызға жол беруді ар санайды, тіпті қызбен өзін салыстырып, күндесетіндері де бар.

«Еркек әйелден бір саты жоғары тұруы керек» дейміз ғой. Ол — сен қыздан биіксің, қыз саған жол беруі немесе сені өзінен жоғары қоюы керек деген сөз емес. Керісінше, бір саты биікте тұрып, қорған болып, қалқасына алу деген мағына. Сондықтан майдаланбайық. Мына жазғанбарыма Болат қуды демеңіздер. Бұл — ішімдегі аласапыран ойлар.

АХМЕТ Болат Қанатұлы,

 Абай Ұлттық мектебі 11 сынып оқушысы.

Сурет:https://www.pinterest.com/pin/from-the-kazakh-film-myn-bala