Алдымызда сан тарау
Биыл еліміз мектептерін 186 мың түлек бітіріп, мемлекеттік емтихан тапсыруға дайындалуда. Арманы асқақ жастар арасында Республикалық www.farabishakirti.kz желілік басылым – сайтының жас тілшісі Диас Сатыбалды да бар. Оқушы кезінен мамандық таңдауды зерттеп, іздене жүре жүрек қалауын таңдады. Нәтижесінде бірегей мамандықтардың бірі – журналист болуға белді бекем буды.
Мен Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп – интернатының түлегімін. Мектепке бірнеше жылдан бері Нүсіпжан Жеңіскүл Темірханқызы директорлық етіп, басқарып келеді. Ана тіліміздің мәйегіне қанығып, қазақ тілінің грамматикасы мен фонетикасын, емлелерін толық игеріп алдық десекте болады.
Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы жалпы қазақстандықтарға, соның ішінде жастарға қазақ тілін білуді міндет етіп қойып отыр. Сондай — ақ. Қазақ тілін техника мен ғылым тіліне айналдыруды басты қағидалардың бірі етіп ұсынды. Бұл қағиданың орындалуына бар күш – жігерін қосатын мен және мендей түлектердің болашақтағы келелі міндеті. Ел Президенті жеті түрлі ілім білетін ұрпақтың өсетініне сенеді. Бұл сенімді ақтау – біздің борышымыз. Ана тілін жетік меңгеру арқылы қазақ тілін техника, ғылым мен жасанды интеллект, роботты техника саласында сайрату – білімді, жаңа технологияларды жан – жақты игере білетін жастардың еншісінде.
Қазақияның қара шаңырағы атанып кеткен бұл мектептен талай дүлділдер түлеп ұшқан. Мектеп Алатаудың баурайында, Көктөбенің етегінде орналасқан. Абай атындағы қара шаңырақтың 60 жылдан астам тарихы бар, тамыры терең білім ордасы. Мектепте 400 шақты оқушы бар. Бізге берері ұлттық және тарихи, мәдени құндылықтарды бойымызға сіңіреді. Тіліміз шұбарланған заманда бұл мектептің берері көп. Тәрбиесі мен тағылымы мол Абай мұрасы сақталған осындай мектептердің көп болғаны келешек ұрпаққа пайдалы.
Мектебімді әне-міне дегенше төрт жыл оқып бітіріп бара жатырмын. Мектептің берері көп болды. Алған білімімді болашақта және кез келген уақытта қолданамын. Дарын мектебінде оқып бітіруімнің өзі үлкен мәртебе. Ешқашан өкінбеймін. Бізге жалықпай білім берген ұстаздарыма алғыс айтып, ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілеймін. Сіздерді мақтан тұтып, алдыларыңызда бас иемін!
САТЫБАЛДЫ Диас Сатыбалдыұлы,
Алматы қаласы