Алматыда қыс айларында қайда барасыз?

Қыс мезгілі — бұл таза ауада көп уақыт өткізетін айлар. Керемет табиғат және таза ауа — бұл адамға нағыз шабыт беретін және бақытты ерекше көңіл – күй сыйлайтын жыл мезгілі. Ақ көрпеге оранған қыстың тамаша сәтін көру қандай керемет! Оны жандүниеңмен сезінгенде, табиғат – Ананың адамзатқа деген тартуына бас иесің! Кең байтақ еліміздің сахара даласы жылдың төрт мезгілі қай – қайсысымызды да таң — тамаша қалдырады. Әр өңірдің табиғаты әртүрлі. Деседе, Алматыға жетер қала жоқ!

Қыста таңертең үйден шыққанда жан — жағыңа көз салсаң, айнала қоршаған биік таулар қардан көрпе жамылып, мүлгіген тыныштық қойнауында Көк тіреп тұрады. Қаланың шығысына қарасақ, иін тірескен таудың сұлу шыршалары мәңгі жасыл желегіне оранған. Алматыда жыл екі ай адамдардың отбасымен, жастардың достарымен барып демалатын демалыс орындары өте көп. Солардың арасынан мен сіздерге Алматыда керемет уақыт өткізетін жерлерді қарастырдым.

Ең алдымен Алматы әсем қала десе бірден еске түсетіні  әрине — «Медеу» мұз айдыны. Онда отбасыңмен де, достарыңмен де бірге барып, демалыс уақытыңды көңілді өткізе алатын әлемде кездеспейтін тау шатқалы. Мұз айдынының тамашасы конькимен сырғанауда. Кешеннің ішінде демалушыларға барлық жағдай жасалған.  Атап айтқанда,

  • Конькиді жалға алуға болады;
  • Коньки тебуді енді үйреніп жүрген адамдарға сүйеніп, ұстап жүретін құралдарда бар;
  • Конькиді үйренгісі келетіндерге де нұсқаулық беретін көптеген жаттықтырушылар бар. Мұз айдынына келсең, таудың саф ауасымен тынысың кең ашылып, айдында сырғанып, бір серпіліп қаласың.

     Медеу спорт кешені — жасанды мұз айдыны бар дүние жүзіндегі ең ірі спорт кешені. Алматы қаласынан 18 км жерде, Кіші Алматы шатқалында, теңіз деңгейінен 1691,2 метр биікте орналасқан. «Медеу» атауы ХІХ ғасырдың соңында өмір сүрген қоғам қайраткері, қазақ халқын көшпелі отырықшылыққа бейімдеу жұмыстарымен айналысқан, қазақ балаларына арнап пансионат ашқан Медеу Пұсырмановтың құрметіне берілген. «Медеудің» айналасын 21 мың гектар орман-тоғай алқабы қоршап жатыр. Онда қайың, көктерек, қарағай мен шырша, долана, шетен ағаштары өседі. Мұз айдынынан бөлек, мұнда Ғарыш сәулелері ғылыми станциясы, Үлкен Алматы көлі, Жоғарғы Горельник сарқырамасы, Алматыны селден қорғап тұратын бөгеттер, Терренкур және сегіз жүзден астам сатысы бар баспалдақпен шыңға көтерілуді айтсаңызшы!

Келесі бізде әрине Shymbulak Mountain Resort тау кешені. Шымбұлақ – Алматы маңындағы Ілі Алатауы шатқалының 2510 метр биіктігінде орын тепкен тау — шыңғылық курорты.Талғар асуының бөктеріндегі бұл спорттық кешен 1954 жылдан бастап тау шаңғысы спортшыларының сүйікті орнына айналған. Алғашқыда бұл кешен кеңес тау шаңғышыларының олимпиадаға дайындық базасы ретінде құрылған. Жарыс жолының ені 25 метр, еңістігі 11-29 градустардың аралығында, сондықтан шаңғышылардың ең жақсы жылдамдық көрсетуіне қолайлы.

Бұл әйгілі тау кешені сноуборд теуіп және шаңғымен сырғанап үйренгісі келетіндерге өте тиімді жер. Кешенге сіздер әртүрлі деңгейлі жолдармен бара аласыз. Аспалы жолдармен көтерілсеңіз, бүкіл Алматы алақаныңда тұрғандай әсер аласың. Және назар аударатын жағдай егер шаңғы, сноуборд тебе алмайтын жағдайда жаттықтырушыдан кеңес алып, бірге жүргеніңіз абзал.

Ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов пен композитор Әсет Бейсеуовтың «Алматым жүрегімде» атты әнінде айтылатын:

—Шықшы дос, Алатаудың қар басына,

Көз салшы арман қала арнасына,

Өмірдің от — жалыны алау шашып,

Жанып тұр күн сәулелі Алматыда, — деген өлең жолдары алматықтарды ғана емес, барша қазақстандықтарды өзіне шақырып тұрғандай! Ай сайын Алматыны бір көруге асығып келетін туристер қаншама?! Біздер, Алматы қаласының жастары мектеп оқушысы кезімізден туған қаламыздың  көркін сақтап қалуға атсалысуымыз қажет. Әсіресе, Алматыны жасыл қалаға айналдыру үшін, экологиясын таза қалпында сақтап, табиғатқа жанашыр болуға міндеттіміз.                                 

                                                                                     

                                                                               ОТЫНБЕКОВА Айша,

                                                                                      Алматы қаласындағы

                                                                №204 мектебінің  11”А” сынып оқушысы.