«Ана тілім ғажап деп айта аламын»

«7-бап

  1.  Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі».

Қазақстан Республикасының Конституциясы

      Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес  Оқу – ағарту министрлігі (БҒМ) «Оқуға құштар мектеп» жобасын бекітті. Барлық мектеп ұстаздары осы жобаны басшылыққа ала отырып, сабағында еліміздің классик жазушылары мен ақиық ақындарының, шетел жазушыларының қазақ тіліндегі аудармаларынан үзінділер пайдаланып, алдындағы шәкірттеріне бар ықыласымен көркем сөйлеу мәдениетін үйретіп келеді. Оқушы тек мектепте өткен тақырыппен ғана шектелмей, үнемі көркем шығармаларды оқумен қатар өзі де шығармашылықпен айналысуы қажет.

Оқыған кітаптары, шығармалары туралы пікірлерін ерінбей дәптерге жазып отырса, есте саұтау қабілеті дамиды. Өзінің жазуы төселеді. Жасыратыны жоқ, жасөспірімдер қаламмен жазуға келгенде, өте еріншек. Дәптерге, қағазға жазғаннан гөрі телефон пернесін пайдаланады. Технологияларды пайдалану әдісіне дағдылану өмір талабы. Соған қарамастан, жазып қалдырған дүниенің әсеріне  жетпейді. Бір шығарма мазмұнында ел – жеріміздің тарихы, өткені мен бүгіні, бүгінгі тәуелсіздігімізге жетер жолда жан аямай күрескен қайраткерлер өмірі бар.

Қазақ тілі – әлемдегі ең бай тіл. Өйткені қазақ тілінің сөздік қоры 2,5 миллион сөзден тұрады екен.  «Әлем тілдерінің ішінен тек үш тілдің ұлылығын мойындадым. Ол – орыс, француз және қазақ тілі», — деп жазған ресейлік шығыстанушы-түрколог В.Радлов XIX ғасырдың өзінде. Зерттеулерге қарағанда Шекспир мен Байронның бүкіл шығармасын алғанның өзінде сөздік қорда бар — жоғы 15 мың сөз ғана. Ал Мұхтар Әуезовтің бір ғана «Абай жолы» эпопеясында 17 мың сөз қолданылғанын айтады. Міне, осындай бай, көркем, сөздік қоры ұшан – теңіз Ана тіліміздің бір сөзін жоғалтпай алдағы ғасырларға сақтап, жеткізу — әрбір қазақстандықтың, әр отбасы мен мектептің міндеті. Бұл орайда, барлық пәндер ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғаліміне жүктелер міндет ауқымды.

Ана тіліміз туралы жалықпай қанша айтсаң, балалар мен жасөспірімдерге жадында ұмытылмайтын сабақ болады. Олардың әрқайсысы көрген, естіген дүниелерін ана тілімізде ұғуға ұмтылады. Балаларға ана тілдің құдіретін ең алдымен отбасында сезіндіруіміз қажет. Яғни, ата – аналар бір – бірімен, ұл – қыздарымен ана тілінде сөйлеп, баласына әр сөздің мағынасын түсіндіріп отырса, әрине әр ұлан өзінің туған тілінде сөйлеуге асығады. Таза сөйлеуге тырысады. Балаға «Ана тіліңде сөйле» — деп айтамыз. Алайда, сөйлеу өнегесін, көркем сөйлеу үлгісін өзіміз көрсете білмесек, бала қайдан сөйлесін. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» — деген халық даналығы да осы тұжырымды алға тартады.

Баланың тіл байлығын арттыратын – халық ауыз әдебиеті. «Батырлар» жырлары, ертегілер, аңыз – әңгімелер, ақындардың өлеңдері. Бүгінде, баласына ертегі айтатын ата – ана, ата – әже өте сирек. Заман ілгеруілеуіне байланысты жаңа технологиялар дамып, ертегілер ойыншық киіз үйлерге, қуыршақтарға көшіріліп, сатылуда. Телефонда қаншама сайттар арқылы кез келген балаларға арналған әсіресе, мультфилмдерді көруге болады. Мұндай дүниелер қалай дамыса да, ата – ананың, ата – әжесінің дауысымен оқып берген ертегі, жырларына жетпейді.

«Бала кезімізде қабырғадағы кішкентай радиодан кешкі сағат 8 – 9 – да  ертегі тыңдайтынбыз. «Ерден атайдың ертегісін» айтатын әженің дауысын тыңдау қандай керемет еді! Сондай нәзік. Ертегі кейіпкерлерінің дауысын шынайы өмірдегідей салғаны бізді еріксіз баурап алатын. Қазіргі немерелеріміз тыңдап жүрген ертегінің, жалпы балаларға арналған мультфильмдердің дауысы қандай жағымсыз. Оның үстіне бала оны бірнеше сағат тыңдай береді. Әй, осы немерелерге ертегі айтуға өзіміздің де уақытымыз бола бермейді», — деген пікірлер де айтылуда. Неге уақыт таппасқа?

Мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бергендіктен, үнемі шәкірттердің  отбасында, мектепте, бір – бірімен ана тілінде сөйлегенін құптаймын. Ана тілінің қасиеті дүниеге келген күннен, тіпті анасының құрсағында жатқан ананың тілімізде ән тыңдап, аналық мейірімге толы ғибраттарға қанықса, сәбидің жандүниесіне сіңеді дегенді көз қарақты қариялар жиі айтатын. Олардың айтқан ойлары бүгінде сол қалпында сақтаулы. Соған қарамастан, Ана тілімізге келгенде, сөйлесуден қалып бара жатқанымыз жасырын емес. Біз бүгін телефондағы сурет тілімен сөйлесеміз. Бұл әдет үлкеннің де, баланың өмір сүру үрдісіне әбден сіңіп барады. Бұдан қалай арыламыз? Меніңше, бұл сұрақтың жауабын танымал ақындарымыздың өлеңдерінен іздейміз.

Ана тілім ғажап деп айта аламын,
Жәннаттай жан балқыта жай табарым.
Шырқатып ғұмыр бойы айтар әнім —
Келеді толас таппай қайталағым.
Тозбайды сыны кетіп, сұры қашып,
Біз әлі қанған жоқпыз сырын ашып…
Қазағы қадырына жеткен сайын
Жайнайды,
Ертеңге де нұрын шашып.

Мұзафар Әлімбаев (Ана тілім ғажап деп айта аламын).

***Өз тіліңсіз көрсең де өз күніңді,
Өз тіліңсіз болсаң да асқан білімді.
Өз халқыңа бола алмайсың азамат,
Білмей тұрып туған ана тіліңді.

Оразақын Асқар («Үйрен ана тіліңді»).

***Ширек ғасыр — өтсе уақыт бедері,
Жүзеге асты кейбір іс те келелі.
Мына әлемде өзің барсың, ана тіл,
Сен бар жерде ұлтың да аман келеді.

Ғабиден Қожахмет («Ана тілі» өлеңінен)

Буынсыз тілің

Буынсыз тілің,
Буулы сөзің
Әсерлі адам ұғылына.
Кісінің сөзін ұққыш-ақ өзің,
Қисығын түзеп тұғырыға.

Сезімпаз көңіл Жылы жүрек
Таппадым деп түңілмес.
Бір тәуір дос Тым-ақ керек,
Ойы мен тілі бөлінбес.

Абай Құнанбайұлы

Ана тілің – арың бұл

Ана тілің біліп қой,
Еркіндігің, теңдігің.
Ана тілің біліп қой,
Мақтанышың, елдігің.

Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!

Қадыр Мырза Әли

Міне, осындай сырлы қалам ұшынан төгілген ақындарымыздың әр өлеңін оқыған шәкірттеріміздің Ана тілін құрметтейтіні сөзсіз. Ана тіліміз жайлы жас ақындарда, мектеп оқушылары да қалам тербеуде. Қаншама кітап жарыққа шығуда. Шығармалар мен өлеңдер өз алдына, ана тілімізге деген құрмет ең бірінші кезекте отбасында қастерлі болғаны орынды. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында атқарылып келе жатқан игі істердің алғашқы қолдаушысы – мектеп мұғалімдері. Шәкірт тәрбиесінің тағлымды,  білімінің сапалы болуы – әр істе өнеге көрсететін ата – ана, мектеп оқушыларына — ұстаз, қоғамда үлгі болатын қайраткерлер деп білемін.   

 

ЖАНАТХАНОВА  Рауан  Жанатханқызы,

Алматы қаласы, Алмалы ауданы,

№15 гимназияның қазақ тілі мен

әдебиеті пәнінің мұғалімі

Дереккөзі: Қазақстан Республикасының Конституциясы;

Cурет пен қазақ тілі туралы дерек: Aiqyn.kz; Өлеңдер:Bilimall.kz