Қасым-Жомарт Тоқаев «Жетісу» волейбол клубының жай-күйімен танысты

2024 жылғы 12 желтоқсан

Талдықорған қаласы

Президент «Жетісу» волейбол клубының оқу-жаттығу кешенін аралап көрді.

Биыл пайдалануға берілген ғимараттың құрылысына 1,2 миллиард теңге жұмсалған. Ауданы 1 639,4 шаршы метр болатын нысан екі блоктан тұрады. Үш қабатты негізгі ғимарат волейболдан оқу-жаттығу сабақтарын, дене шынықтыру-сауықтыру процестерін өткізуге арналған.

Кешенде спорт және жаттығу залдары, медициналық, әкімшілік кабинеттері бар.

Мемлекет басшысы спортшыларға арналған тұрғынжаймен танысты. Онда пәтерлерден бөлек, асхана, оқу кабинеттері мен демалыс аймағы қарастырылған. Жеке инвестор салған ғимараттың ауданы – 3866,5 шаршы метр.

Қасым-Жомарт Тоқаев мамандармен және спортшылармен әңгімелесіп, команданың жақсы ойын үлгісін көрсетіп жүргенін атап өтті. Сондай-ақ осыған дейін Алматы қаласында жаттығып келген клубтың енді облыста дайындық жасай алатынына назар аударды. Сөз соңында спортшыларға халықаралық деңгейде өнер көрсету қажет екенін айтып, алдағы жарыстарда жеңіске жетулеріне тілектестік білдірді.

Команда мүшелері қолайлы жағдай жасалғаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, волейбол добына қолтаңба қалдыруын сұрады.

Ақорда