«Ата Заң – тәуелсіз ел тұғыры»

Қазақстан Республикасының Конституциясы — мемлекеттің тәуелсіздігін айқындайтын негізгі заңды құжат. Ол тек құқықтық негізді қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар мемлекетіміздің әлеуметтік, саяси және экономикалық құрылымын да белгілейді. Қазақстан Республикасы Конституциясы — халқымыздың тарихи жолындағы маңызды кезеңдердің нәтижесі әрі егемендіктің символы.

Қазақстан Республикасының Конституциясы алғаш рет 1995 жылы 30 тамызда қабылданып, мемлекеттік биліктің негізгі принциптерін анықтады. Бұл заң мемлекеттің демократиялық, құқықтық және әлеуметтік сипаттарын айқындап, халықтың ең жоғары құқығын — мемлекетті басқару құқығын бекітті. Сонымен қатар, Конституция адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау, билік бөлінісі, сот әділдігін жүзеге асыру, азаматтардың теңдігі мен ұлтаралық келісімді сақтауды қамтамасыз ететін құқықтық негіз болды.

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Ақтөбе облысы Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқығы бөлімінің басшысы Үбішев Тимур Жұбанышұлының қатысуымен ҚР Конституциясына 30 жыл толуына орай «Ата Заң – тәуелсіз ел тұғыры» танымдық кездесуі өткізілді. Кездесудің мақсаты оқушыларға Қазақстан Республикасының Конституциясы мен оның маңызы туралы түсінік беру, құқықтық білімдерін арттыру, заңға деген құрметті қалыптастыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу болатын.

Кездесуде Тимур Жұбанышұлы Қазақстанның Конституциясының еліміздің дамуына, азаматтық қоғамның қалыптасуына қосқан үлесі туралы айтып, заңның маңызы мен оның тәуелсіздік жолындағы рөлі туралы кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, ол оқушыларға Конституцияның негізгі қағидаттары мен тармақтарын таныстырып, заңның еліміз үшін маңыздылығын атап өтті. Нұрдана Сабырова, Мадина Сәлімжан, Әсел Қанатбек сынды оқушылар өз ойларымен бөлісіп, Конституцияның маңызы мен заңға деген құрмет туралы пікірлерін ортаға салды. Әсел Қанатбек: «Конституцияның арқасында әр адам өзінің құқықтарын білетін, әділ қоғамда өмір сүре алады. Мұндай шаралар бізге заң мен құқықтық тәртіпті тереңірек түсінуге көмектеседі»,-деген пікір білдірді. Ал Мадина Сәлімжан: «Конституцияның маңызы тек азаматтық құқықтар мен бостандықтарды қорғаумен шектелмейді. Авторлық құқық туралы да заңдар бар, олар шығармашылықпен айналысатын әр адамның еңбегін қорғауды қамтамасыз етеді. Мен бұл заңдарды терең түсінген сайын, өз шығармашылық жұмыстарымды қорғау қаншалықты маңызды екенін сезіндім»,-деп атап өтті.

Шара аясында тақырыпқа сай кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда Қазақстан Республикасының Конституциясы, құқықтық білім, заңдар мен құқық қорғау жүйесі туралы әдебиеттер қойылды. Шараға №47 ЖББОМ оқушылары, оқытушылар мен кітапханашылар қатысты.

Ата Заң — Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің ең маңызды іргетасы. Ол мемлекеттің даму бағытын айқындап, елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың кепілі болып табылады. Қазақстан халқының бірлігі, еркіндігі мен заң алдындағы теңдігі Конституцияның негізгі қағидаттарымен тығыз байланысты. Сондықтан, әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, еліміздің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында Ата Заңның рөлі әрқашан жоғары болмақ.

Гүлжан ЕCКЕНДІРҚЫЗЫ,

С.Жиенбаев атындағы облыстық

жасөспірімдер кітапханасының қызметкері.

Ақтөбе қалас