Қазақ киносы арқылы тарихымыз танылуда
«Міржақып. Оян,қазақ!» — тарихи туынды
Қазақстан — дамушы мемлекеттер арасында көш бастап тұрған жас мемлекет. Сондықтан қазірде елімізде біртіндеп білім саласы да, медицина саласы да, IT саласы тіпті өнер салалары да қарқынды дамып келеді. Әсіресе еліміздегі жаңашыл леп — киноиндустрия саласының деңгейі жоғарылауда. Өзіміз білетіндей біз бергіге дейін көбінесе көршілес мемлекеттердің туындыларын көретінбіз. Ол кезде әрине кино саласының деңгейі қазіргідей емес еді.
Тарихымызға көз тастасақ, сонау кеңес үкіметі кезеңдерінде еліміздегі алғашқы кинолар тіпті дыбыссыз, түссіз түсірілген екен. Кейінгі жылдары бірте-бірте киноға «тіл бітті». Монтаж теориясы да жүйелене бастады. Жылдар өткен сайын кинематография дамып, елімізде кино студиялар бой көтерді. Ең алғашқы туынды, 1938-1944 жылдары түсірілген алғашқы толық метражды көркем фильм — «Амангелді» фильмі еді. Сонау кеңес үкіметі орнамастан бұрын болған көтерілістердің тарихы, ондағы батырлар сол кездегі шебер актерлеріміздің рөлінің ашылып, алғаш рет халықтың үлкен ықыласына ие болған.
Одан соң көрерменге кеңінен таныс «Менің атым Қожа», «Қыз Жібек», «Тақиялы періште», кейін түсірілген «Көшпенділер», «Жау жүрек мың бала» сынды жаңа фильмдерді атауға болады. Әрине, бұл фильмдер бәрі сол өткен кезеңнің тарихы. Осы кинолар арқылы өз әдебиетіміз бен тарихымызды сөйлете алдық. Жәнеде меніңше, бұл ең маңыздысы деп ойлаймын. Бастысы тек шетел киноларын ғана емес, теледидарымызға қазақи нақыштағы осындай тарихымыздан сыр шертетін кинолардың болғанына қуанамын…
Бүгін еліміздегі бұл саланың дамуы қуантарлықтай жайт. Иә, әрине мүмкін көбісі жеке киноларын шығарып, таратса да оның да айтары бар. «Қазақ хандығы», «Алмас қылыш», «Көшпенділер», «Ахмет ұлт ұстазы», Қаныш атамызға арналған туындылардан алатын өнегеміз ұшан – теңіз.
Міне, сондай керемет тарихқа толы туындылардың бірі — соңғы бір айда шыққан «Қазақстан» телеарнасынан көрсетілген өте жоғары деңгейде түсірілген «Міржақып. Оян, қазақ!» киносы. Түсірілімі толық 8 айға созылып, нағыз режиссерлардың қолынан шыққан бұл кино Міржақып Дулатов ағамыздың «Оян, қазақ!» атты өлеңінің мазмұны негізінде түсірілген. Кеңес кезіндегі озбырлықтар көрініс тапқан жаңа туынды. Елімізді тәуелсіз ел болсын деп тыным таппай күресіп, ұлттық автономия құрған Алаш зиялыларының еңбегі осы бір кинода ерекше көрсетілген. Міржақып ағамыздың Ахмет, Әлихан аталарымызбен біріге отырып елімізді талай аштықтан алып шыққаны, өз бастарын қатерге тіксе де елім деп үкіметке қарсы шыққаны бәрі — бәрі осы бір кинода қамтылып, тарихымызды көз алдымызға елестетеді.
Тарихымызды ұмытпай бүгінгі ұрпаққа дәріптейміз деп қаншама мақалалар мен кітаптар жазылып, сахналау көріністері талпыныс жасаса, ендігі кезекте осындай көп сериялы көркемфильмдер телеэкранымыздан көріне бастады. Байыппен бағамдап, қараған жан отыз жылдық тәуелсіздіктің астарына қанша төгілген тер мен еңбектің жатқанын көріп, көзге жас алмауы мүмкін емес…
Тәуелсіздіктен бұрын Міржақып атамыздың сол кинодағы тілімізді қалай құрметтегені, қарапайым ауыл баласының халқына деген сүйіспеншілігі шынында қазіргі жастарға нағыз үлгі болатын образ ретінде суреттелген. Тіпті балаларды оқытуға деген кинодағы құлшынысы қазіргі педагогтердің өзіне үлгі деп ойлаймын. Сондай бір кино диалогінде «Оқыған кісі өз тілін ұмыта ма?» — деген сөзі де өзіме экранның ар жағынан -ақ мен мұндалағандай естілді. Себебі, қазірде қанша тәуелсіз ел болсақта өз тілімізде еркін сөйлей алмайтын жастарды көзіміз көріп, құлағымыз естіп мәселеге айналдырып отырғанымыз рас… Режиссерлардың шеберлігі осы ахуалды бұл кинода ақырын ғана көрерменге жеткізетіндей көрінді. Өзіңіз киноны көрсеңіз кеудеңізде осындай жылы сөздердің қалары да анық.
Әсіресе, Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың сөздері мен диалогтері, образдары шынымен де сені сол заман тарихына еліктіріп әкеткендей болады. Бойыңа бір шынында ерекше рух беріп, қалай өмірге деген талпынысыңның ашылып кеткенін байқамай да қаласың. Әсіресе, өз тарихын білемін деген патриоттардың жүрегіне ерекше әсер ететініне шүбәм жоқ. Аштықтың, озбырлық пен сатқындықтың, қатігездіктің заманы болған тарих беттері осылайша ашылып келеді. Алты сериялы туындыны көргеннен кейін рухыңыз оянып,санаңыз сілкінетіндей сезім десек артық болмас. Өз басым киноны бағамдап қарай отырып қазірдің өзінде елімізде біршама проблемалар бар екеніне көзім жетті.
Ұлттық ана тілімізді,ұлтымыздың тарихын қазірде неге артта қалдырып жатырмыз… Тарихыңды ұмытсаң сен болашағы бар ел бола алмайсың. Ал болашағы бар елді сақтап қалу әрине ол біздің жастардың қолында. Сондықтан да оқырман сенде неге Ахмет, Міржақып сынды аталарымыздың еңбегімен, тарих жолымен таныспасыңа? Қайта осы кинолар сенің өз ұлтыңды тануыңа көмек бермей ме? Осындай өнер туындыларының арқасында біз өз тарихымыз туралы көптеген дәйектерді білеміз. Сол үшін де мен кино өнерінің осылай қарқынды дамығанына қуанамын…
Осылайша біз кино сласын қозғай отырып, тарихи құндылығымыздан сыр шерттік. Халқымыздың талай тарихы үшін өз өмірлерін бәйгеге тігіп, тәуекел еткен алаш азаматтарының еңбегін сөз қылдық. Бастысы «Қазақ» деген ұлтымыздыздың тарихын өз киномыздан қазақ тілімізде таныса алдық. Бұл әр патриот үшін үлкен мақтаныш деп білемін.
Кино — классикалық әдебиетті оқытудың емес оны суреттеудің жаңа түрі. Осы негізде өнер оқырманды тарихқа жетелейді. Әрине қазірде 15 секундтық бейнежазбаның өзін көру жастарға қиын, ал осындай көркем фильмдік киноларды көрерменге ұсыну бұл да үлкен еңбек. Сондықтан егер осындай сапалы кино бейнесі тарихпен байланыса қалыптасса мұндай туындылар жастар арасында сұранысқа ие болады деген ойдамын. Бастысы тарихи желіні сақтай отырып көрермендерді жалықтырып алмайтындай сюжет құру. «Міржақып. Оян қазақ!» киносындай әсерлі сюжеттерге бай, туындыларға қызықпайтын жандар болмас шіркін! Егер әр ата — ана, әр мұғалім, әр қазақ көріп танысса, тұлғалардың болмысын ерекше суреттелген көріністерімен баурап алады.
Нұрай САЙФУЛЛА,
Қызылорда қаласы, Жалағаш ауданы,
Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінің
11 сынып оқушысы