Заманымыздың заңғар ойлы, зергер зейнді, зиялы жазушылардың бірегейі, жазушы,  драматург, қоғам қайраткері Төлен Әбдіктің туғанына 80 жыл толуына орай, биылғы жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Төлен Әбдіктің шығармаларын оқу бекітілді. Осы орайда С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапхансы №36 орта мектептің 10 класс оқушылары арасында «Парасат майданының суреткері» атты әдеби сағат өткізді.

Танымал жазушы, белсенді қоғам қайраткері Төлен Әбдік қалың оқырмандарға да әдеби ортаға да кеңінен танымал. Оның талантының ерекше екендігіне оның тереңнен толғап, жүректен қозғап жазған шырайлы шығармалары дәлел. Жазушының алғашқы жарияланған әңгімелерінен, соңғы жазған романдарына дейін, жұртшылықтың жүрегінен жол тауып, оқырмандардың сүйіп оқитын шығармаларына айналды. Қаламгер Төлен жазған пьесалар бойынша спектакльдер қойылды, сценарийлары бойынша кинолар түсірілді. Кинодраматургия саласында да атсалысып, «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» повесі бойынша «Өтелмеген парыз», «Белгісіз ұлдың тағдыры» атты көркем фильмдердің сценарийлерін дайындады. Шығармалары бірнеше шет тілдеріне аударылып орыс тілінде «Истина» атты кітабы екі рет басылып шықты. Төлен Әбдік грек аңыздары «Эллада ерлерін» (1977ж.) қазақ тіліне аударған. Бірнеше шығармалары шетел тілдеріне аударылған. Қаламгердің туындыларының бәрі де көпшіліктің көңілдерінен шығып, ел құрметіне бөленді.

Төлен Әбдікұлы – іскер, ізденісі мол қоғам қайраткері. Еліміздің егемендігін бекітіп, тілін, дінін, мәдениетін өркендетуге үлкен қоғамдық үлес қосып қоғамдық қызметтер атқарып келеді.

Шара барысында жазушының өмірі мен шығармашылығынан кең мәлімет беріліп, видеоролик көрсетілді. Жасөспірімдермен «Білім сандығы» атты ойын ойнатылып, логикалық сұрақтар қойылды. «Болмысы бөлек тұлға» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітапханашы Лаура Сұлтанбекова библиографиялық шолу жасады.

                                                                                             Азатгүл Жасұланқызы.

С.Жиенбаев атындағы облыстық

жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы.

Ақтөбе қаласы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *