Қазақ қызы – ұлттың айнасы

Сурет:ЖИ
Қазақ халқының тарихында қыз баланың орны ерекше әрі қадірлі болған. «Қыз — ұлттың көркі» деген сөздің өзі қыз баланың тек отбасы үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін маңызды екенін көрсетеді. Қазақ қыздары ежелден нәзіктік пен парасаттылықтың, тәрбиелілік пен даналықтың символы ретінде бағаланған. Қазақ қыздары тектілікті ту етіп, көркем мінезбен ғана емес, қайсарлық пен батылдықты да бойына сіңірген.
Қазақ қызын төрге шығарып, барын қызға беріп өсірген дана халық. Қоғамдағы қыздың рөлі тек ұрпақ жалғастырушы ғана емес, білім мен мәдениеттің тұтқасы. Қыз, ең әуелі, — адам. Қазіргі қоғамда қызға артылар жүк көп. Бір қызығы, қыздар кез келген істі оңай іліп әкете алады.
Қыздың орны тек ошақта емес екендігін біздің батыр, көшбасшы әпке-сіңілдеріміз дәлелдейді. Атап айтсақ, Ақмоншақ Нұртаза — Астанадағы №58 мектеп-гимназиясының директоры әрі төрт баланың анасы. Әлеуметтік желіні өзінің белсенділігімен жаулаған Ақмоншақ ханым қазіргі таңда «Алтын ханым» атты қазақ әйелдерін шабыттандыратын әлеуметтік байқаудың 22-ші қатысушысы. Үй мен қоғамды, және жеке дамуды қатар алып жүрген мектеп директоры қазіргі қыздарға үлкен мотивация.
Айта кетелік, қыздардың жеке дамуы және ерекше қабілеттері мен хоббилерін өз мүдделеріне пайдалануы – қазіргі заманның талабы. Статистикаға сүйенсек, магистранттардың жалпы саны 39 172 адамды құрайды, оның ішінде 22 173 адам немесе 56,6 пайызы – әйелдер екен. Ал докторанттардың жалпы саны 7 633 адамды құрайды, оның ішінде 4 707 адам немесе 61,7 пайызы – әйел – аналар мен қыз-келіншектер. Бұл көрсеткіштер қазіргі қоғамдағы әйел адамның білімі өте жоғары екендігін және көбіне мемлекет білімін әйел адамдардың алып жатқанын көрсетеді.
Қазіргі қазақ қызы – білімді, батыл, өз ойын еркін жеткізе алатын, қоғамда өз орнын таба білген тұлға. Бірақ, сонымен қатар, ол өзінің ұлттық құндылықтарын, тәрбиесін, нәзіктігін сақтап келеді. Яғни, бүгінгі қазақ қызы дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре білген ерекше бейне.
Қазақ қоғамында «қызға қырық үйден тыйым» деген қыз бала тәрбиесіне қатысты салт-дәстүр бар. Қазақ қоғамы қызға қалай құрмет көрсетсе, қыз баласының тәрбиесіне де соншалықты қатты қараған.
Қорытындылай келе, қазақ қыздарының қоғамдағы рөлі әрқашан маңызды болған және бола береді. Заман өзгерсе де, қыз баланың қадірі мен орны ешқашан төмендеген емес. Қазақ қызы – ұлттың айнасы, болашақтың кепілі. 
Асылжан НҰРЖАНҚЫЗЫ,
Абай облысы, Ақсуат ауданы
«Көктүбек мектеп-бөбекжай-балабақша кешені» КММ
11-сынып оқушысы
Қолданылған дереккөздер:
https://stat.gov.kz/respondents/archive/





