Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті:

«Халқымыз небір зобалаңды көрсе де рухын аласартқан жоқ. Бірлігін бекемдеп, ынтымағын арттыра түсті.

Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін біз арыстарымызды ақтауға кірістік. Кезінде жазықсыз жазаланған мыңдаған азаматтың есімін ел жадында жаңғырттық.

Төл шежіреміздегі қайғылы кезеңдерді ұлттық бірегейлігімізден бөле-жара қарау мүмкін емес. Сондықтан, біз саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтаймыз.

Тарихтан тағылым алып, мұндай тауқымет ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасайтын боламыз».

Мемлекет басшысының Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын

еске алу күніне байланысты Үндеуінен.

Тұңғыш геолог ғалым

                                              Оразмағанбет Тұрмағамбетұлының  туғанына -140 жыл 

Еліміз бойынша саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске алып, олардың есімдерін жаңғырту жалғасуда. Солардың бірі – қазақ халқынан шыққан алғашқы геолог, өз заманында  Бомбей университетін тәмамдап, қала берді, Бұқара, Хиуа, Стамбул, Үргеніште білім алып, ислам негіздері мен қағидаларын жетік меңгерген дінтанушы, Алашорда партиясының белді мүшесі Оразмағанбет Тұрмағамбетұлы болатын.

Өз заманында жасындай жарқырап, халық-ағарту, ғылым саласында, қоғамдық-саяси өмірде жауапты қызметтерді атқарған Оразмағанбет 1882 жылы Қызылсу жерінде дүниеге келген. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» — дегендей, өз әкесі Тұрмағамбет хазірет те кезінде  Орта Азияға белгілі діни қайраткер болған. Оразмағанбеттің де әділеттен таймайтын табанды азамат болып қалыптасуына тағдырлы ғұмырының да, текті әулетттен тарағандығының да айтарлықтай ықпал еткені даусыз.

Яғни Бомбей университетінде инженер-геолог мамандығы бойынша білім алған Оразмағанбет Тұрмағамбетұлы  1903 жылдарға таяу туған жеріне табан тіреп, 1930 жылға дейін ағартушы-ахундық, геолог-ғалымдық, шипагерлік, халық дәрігерлігі, тағы басқа да саладағы қызметтерін абыроймен атқарды. Белгілі діни қайраткер ғалым-геолог ретінде де ғылыми ортаға ерте танылған ол кезінде Хиуа, Бұхара қалаларындағы оқу орындарын да үздік бітіріп, ағартушылықпен айналысып, мешіт салдырып, елді имандылыққа ұйытуға барын салады. Орыс, түрік, ағылшын, парсы, араб, үнді тілдерін жетік меңгерген ғалым.

Кеңес өкіметінің назарынан тыс қалмай, көп өтпей-ақ Түркіменстанға жер аударылады.  Одан Иранға ауады.  Дегенмен НКВД бәрібір тыныш қоймай, Ираннан қайтарып, 1937 жылы 1 қырқүйекте Ашхабад абақтысына жабады да, 1939 жылы оны ату жазасына кесіледі.  Міне, осы жолдардан-ақ оның тағдырдың теперішін аз көрмегенін байқауға болады.

Оразмағанбет Тұрмағамбетұлы КСРО Жоғары соты Әскери коллегиясының шешімімен 1963 жылы 27 қыркүйекте толық ақталғанымен, мұрағат құжаттарында оның сүйегі қайда жатқаны анық айтылмаған, фотосуреттері де сақталмапты. Дегенмен тәуелсіздік дәуірінде, тіпті одан алдын да ғалым мұрасына қызығып, оның ғибратты ғұмыры мен дінтанушылық қызметі жайында қалам тербегендер аз емес. Олардың қатарында Б. Дәулетұлы,  Б. Халелов, Ө. Қалыбаев, Ө.Озғанбаев, С. Балқаев, Қ. Игібай, М. Жоржани, Б. Бегенішів т.б. атап көрсетуге болады. Дегенмен ғалымды көпке танытуда Б. Адамбаевтың еңбегі зор.

Сонымен қатар ғалым осы сирек кездесетін еңбектер арасынан  Мұхамед Захидің «Араб әдебиеті мен тарихының теориясы», Жамалиддин Аспа-хамидің трактаттары, М. Жамидің жинағы тағы басқалармен бірге Оразмағанбет Тұрмағамбетұлының ғылыми-ахундық атағын куәландыратын дипломының да табылғанын айтады.

                                                                                                            Темур АМАНҚҰЛ,

 Дінтану ғылымдарының PhD докторы,

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы.

 

                                                  «Түбектен түрен салған ғұлама»

Арамыздан кеткеніне сексен жылдай уақыт өтсе де Маңғыстау халқы оның атын әлі аялап айтумен келе жатыр. Ауыздан ауызға жеткен әңгімелер арқылы біреу оны кен іздеген кемеңгер десе, біреу ағартушы, үшіншілері басы ауырып, балтыры сыздағанға қол ұшын беретін емші, төртіншілері үлкен діни ғұлама есебінде біледі. Ең бастысы Оразмағанбет елінің тәуелсіздігі жолында аянбай күрескен қайраткер, Маңғыстау өлкесіндегі Алашорда ұйымының белсенді мүшесі болды. Атақты Қашаған Күржіманұлы өзінің «Оразмағамбет ахунға» деген арнауында Оразмағамбеттің ұлы атасы Тоқмырзаның туған топырақтың тулақтай жерінің де жат қолында кетпеуі үшін арпалысып өтіп, соның жолында шәйіт кеткенін, оның баласы Сарыбектің қырық жасқа келгенде басына пайғамбардың тәжін орап дін үшін қызмет еткен, алдын болжай білетін көреген екендігін айтады.

Оразмағанбеттің үлкен білім иесі болғандығы оның өзінің Сахардың тауына жасырған кітаптарынан да белгілі. Кезінде ол кітаптардың сирек кездесетін өте құнды дүниелер екендігі «Үңгірден табылған кітаптар» деген атпен 1958 жылы (8.06) «Социалистік Қазақстан» газетінде, сондай-ақ ТАСС-тан арнайы хабар болып таратылды. Стамбулда, Бұқарада, Тегеранда, Египетте, Петербургта, Қазанда, Уфада, Дамаскіде ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда басылып шыққан ол кітаптардың ішінде не жоқ дейсіз. Парсы әдебиетінің классигі Жәмидің толық жинағы, Аспахамидің төрт томдық философиялық трактаты, араб әдебиеті мен тарихының теориясы, парсының энциклопедиялық сөздігі, араб тілінің грамматикасы, терминдік қосалқы сөздер түсінігі, өлең өлшемдері, логика, психология, астрономия, алгебра, 9 геология болып жалғасып кете барады.

Жаламен 1938 жылдың 29 қазанында ең ауыр жаза-ату жазасына кесіледі. Үкім 30 қазанда орындалған. Қазақтың белгілі ақыны Сабыр Адай Оразмағанбетке арнаған «Түбектен түрен салған ғұлама» атты толғау арнаған.

Ғұлама жазушы Әбіш ағамыздың кейінгі ұрпаққа: «Жарық дүниеде өзіңді өгей сезінгің келмесе білім мұхитына сапарыңды әуелі анаң айтқан тақпақтан баста, жалпақ адамзат ортасында бұралқы көрінгің келмесе шартарапқа сапарыңды әуелі атаң көрсеткен соқпақтан баста» — дегені бүгінгі біздің ұрпақтарымыздың жадында сақтайтын қағидаларының бірі.

Бүгінде Оразмағанбет Тұрмағамбетұлының ұрпақтары Иранда тұрады.

Оразмағанбет Тұрмағамбетұлының 140 жылдық мерейтойы құрметіне Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде атаулы оқу аудиториясы ашылып, халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.Жақында оның қолданған дүрбісі табылып, Ақтаудағы тарихи-өлкетану музейіне тапсырылды. Құнды жәдігер 19-ғасырда Парижде жасалған деген болжам бар. Бір топ ғалымдарға «Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы – 140 жыл» атты мерейтойлық медалмен марапатталды.

                                    Дереккөзі: Ш.Есенов Университетінің «Оразмағанбет Тұрмағамбетұлы –

кемеңгер-ғалым теолог, ағартушы және қоғам қайраткері» жинағынан алынды.

Сурет:VK «Ұлы адай ұрпақтары»,

Көрпе Нұржігіт Нұрболатұлының парақшасынан.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *