Бақыттың кілті — заманның тыныштығында

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса, әлемнің барша халқы үшін бақыт сол. Үлкендер үнемі «Алла айтпай келген апаттан сақтасын!» — деп әр бата берген сайын  ұрпақтарымен бақытты болуын тілейді. Төрт құбыламыз сай болса, мемлекетіміз, олардың кішкентай бөлшегін құрайтын отбасылары, олардың балаларының тыныш ұйықтауы, көшеде алаңсыз жүруі. Емін-еркін білім алуы – біздер үшін нағыз бақыт. Адам баласы үшін бір ауыз жылы сөз естісе, сол да бақыт, төбесі көкке жеткендей қуанады. Бақыт — бізге көрінбейтін, бірақ жүректерге  ерекше мейірім сыйлайтын құбылыс. Мектепте ұстаздардан мақтау естісек, жанымызға қанат бітіп, қуанамыз. Ата-анамыз мақтаса, бізден бақытты жан жоқтай болып сезінеміз.

Бақыт туралы ықылым заманда көп айтылғанын тарихи деректерден білеміз. Ақындардың өлеңдері қаншама!? Өз заманының данагойлерінен қалған мұра – мақал-мәтелдерде бақыт туралы өте көп айтылған. Солардың бірқатарын теріп алдым.

 

***

Өзен ұзақ ағады,
Бұлағы болса басында.
Іздеген бақыт табады,
Жалықпаса жасында.

***

*Ынтымақ бар жерде бақыт бар.

*Өнерлі қол — бақытқа жол.

*Бақыт белгісі — ғылым мен ақыл.

*Нан – бақытты өмiрдiң бастауы.

*Бағалай білмеген адам бақытқа жетпейді,
Армандай білмеген адам мұратқа жетпейді.

*Бақыт жолы біліммен табылады.

(Мақал- мәтелдер. bilim-all.kz)

Мынау фәни дүниеде әркімнің бақытты ғұмыр кешкісі келеді. Бақытты болуды армандайдамайтын адам жоқ шығар, сірә. Бақытты болу үшін бар өмірін сарп етеді. Ата-анамызға қарап, бақытты ғұмыр кешу – отбасы, балаларының амандығы, еңбек етіп, ақша тауып балаларының көңілдегі затын алып беру. Жиған-терін ұл-қыздары өмірден өз орнын табу үшін қалаған жоғары оқу орындарын бітіріп, қолына диплом алсын деп жұмсауы. Отбасының түгел аман жүруі – кез келген пенде үшін таусылмас бақыт. Құрбыларымнан бақыт жайлы сұрастырғанымда, олардың пікірлері әртүрлі болды.

—Бақыт – қалтаңда көп ақшаның болуы.

—Бақыт – қымбат көлік.

—Үлкен қалада өмір сүру.

—Шетелге туристік сапармен бару.

—Қымбат бағалы заттар.

Әркім өз ойындағысын айтты. Бала қиял, бала арманы. Бақыттың кілті – еңбекте. Бірлік пен ынтымақта. Достық пен бауырмалдылықта. Сабақты жақсы оқып, қалаған мамандығың бойынша еңбек етіп, еліңе пайдаңды тигізу. Түн ұйқың бөлінбей, ертеңгі күннің арайын көру. Заманымыз тыныш, аспанымыз ашық болса, Жаратқанның бұйырғаны алдыңа келеді. Ол үшін тек адал еңбек етсең, қолың барлығына жететінін ата-анамыздың өмірінен көріп келеміз. Тынымсыз еңбек етіп жүрген ата-анамыздың үмітін ақтасам – мен үшін сол баға жетпес бақыт.

             

Аружан  ДҮЙСЕНБЕКОВА,

мектебі» КММ

10- сынып оқушысы.

Абай облысы, Абай ауданы,

«Ш.Тоқжігітов атындағы

Жетекшісі: ДӘРІБАЕВ Дихан Жақсыгелдіұлы,

                      қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Сурет:twitter.com