Мамыр күніндей жайнаған ұл-қыздарымыздың жүзі жарқын, арманы асқақ болсын! Армандарының орындалуы үшін жолдары ашық, білім көкжиегі биіктесін! Барша баланың бағына ата-анасы аман, денсаулығы мықты, ғұмыр жастары ұзақ болсын! Аспан астындағы ортақ шаңырағымыз – Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағы жарасымын тауып, елдің амандығы, жеріміздің тыныштығының сақталуына тұғыр болсын!

 

Қадыр Мырза Әли

Мамыр мен тамыр

 

Мамыр жайлы мен білетін көп кітап.
Мықты болсаң,
Айтылмаған жоқты тап.
Өткен күзде кесіп алған еменнің
Түбірінен көтерілді көк бұтақ.
Көктемнің бұл құдіреті көп пе еді!
Күн де нұрын тектен-текке төкпеді.
Шебер қолдар талдан тоқып тұрғызған
Шарбақтың да шыбықтары көктеді.
Күн көзінен алатұғын бұрын нәр
Ерте гүлдер Кавказдар мен Қырымдар.
Ұзақ тұрсам,
Тамыр жайып табаным,
Менің өзім көктеп кетер түрім бар!

 

Абдрахман Асылбек

Мамыр таңы

Мамырдың бал таңында
Гүлге тоды атырап.
Алматының бағында
Жайқалды жас жапырақ.
Ата қолын ұсынып,
Ашса Абай алақан,
Патпарақтар ұшырып,
Жүгіріп жүр балақан.
Көгершіндер бұлдырап,
Қанат қақса қарыштап,
Зымыраным зымырап,
Сапар шекті Марсқа.

Ескен Елубаев

Мамыр

Бұл күнде нұрлы аспаны
Көрсең ғой көркем қаланы!
Туған ел тойын бастады,
Басталды мамыр парады!
Желбiреп тулар сан қилы,
Шалқыды көкке от өрiп.
Самсаған шарлар қалқиды,
Кетердей жердi көтерiп.
Көктемнiң күмiс жаңбыры
Тазалап кеткен көшеде,
Шырқалды бақыт əн-жыры,
Төгiлдi күйлер нешеме.
Көшенi кернеп барады,
Еңбек пен теңдiк, туыстық.
Қабылдап тұрды парадты:
Бейбiтшiлiк пен
Тыныштық!

Сәкен Иманасов

Мамыр

Қарсы алып мамыра-жай мамыр айын,
тағы да қағынайын, сабылайын,
есімнен жаңылайын, жамырайын,—
сәулелі күндерімді сағынайын!..
Білмейтін ым-жымыңды,
ымыраны,
басталып баяғы асқақ ғұмыр әні,
Күн нұры қараулықтан қашып шығып,
қорғана
қолтығыма тығылады.
Кешегі күйініштің сарқыны ма,—
тығылып ащы бір жас алқымыма,
аспанды айқыш-ұйқыш тілгілеген
қараймын нажағайдың жарқылына.
Көл-көсір көкірекке жыр тұнғасын,
шығады бұрынғыдан күлкің басым,—
қаншама жыртылмасын көмекейің,
оны да енді бірақ кім тыңдасын!
Шыға ма беткейлерге жамырай гүл
тұра ма өзін өзі танымай қыр,
Дүние мың құбылып жатқан шақта
көңілді күпті қылған тәңірі-ай бұл!

 

Жақан Смақов

Мамыр әні

 

Күн төбеге асылды,
Май шапағы шашылды.
Қызыл гүлдер, ақ гүлдер
Қауызынан ашылды.

Біз – гүліміз ананың,
Біз – гүліміз атаның.
Біз – ұланбыз сүйетін
Күн шуақты Отанын!

 

  Дерекөзі: Қазақтың танымал ақындарының өлеңдері

«Bilim-all.kz»сайтынан алынды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *