Абай Құнанбайұлы

Буынсыз тілің

Буынсыз тілің,
Буулы сөзің
Әсерлі адам ұғылына.
Кісінің сөзін ұққыш-ақ өзің,
Қисығын түзеп тұғырыға.

Сезімпаз көңіл Жылы жүрек
Таппадым деп түңілмес.
Бір тәуір дос Тым-ақ керек,
Ойы мен тілі бөлінбес.

Cырбай Мәуленов

Қазақ тілі

 

Орта жолда бүріп тастап оқ құзғын,
Құлап жаттым құшағында көк мұздың,
Қасіретімді —қазақ тілін қанат қып,
Төрт бұрышты дүниеге жеткіздім.
Көкірегінен атылса да оқ күздің,
Жаз етіп мен күздің өзін өткіздім.
Шаттығымды — қазақ тілін қанат қып
Төрт бұрышты дүниеге жеткіздім.
Сол тілменен дүниені атадым,
Таптым бүкіл тіршіліктің атауын.
Жатты онда уыз сүті ананың,
Жатты онда аманаты атаның.
Сол тілменен махаббатқа тіл қаттым,
Сол тілменен талай гүлді жырлаттым.
Сол тілменен сәбилерді сөйлетіп,
Талайлардың көз жастарын құрғаттым.
Сол тілменен аспан көрдім,
жер көрдім,
Сол тілменен көгершінге жем бердім.
Сол тілменен дүнисден кетемін,
Сол тілменен дүниеге мен келдім.
* * *
Жарқылдайды алдымызда:
Аспан — қала,
Жұлдыз — шамдар,
Бұлт ұқсайды қарлы құзға,
Борандайды күміс шаңдар.
Қобалжымай ой, өріне
Сол бұлттарды баспалдақтап.
Біз барамыз Ай еліне
Алшаң басып аспанды аттап.
Ата-баба арманының
Жібермейміз жай есесін.
Жердің көкке жалғап жырын
Аралаймыз Ай көшесін.

Мұхтар Шаханов

Төрт ана

Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,
Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға.
Әр адамда өз анасынан басқа да,
Ғұмырына етер мәңгі астана,
Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
Болу керек құдіретті төрт ана:
ТУҒАН ЖЕРІ — түп қазығы, айбыны,
ТУҒАН ТІЛI — мәңгі өнеге айдыны,
ЖАН БАЙЛЫҒЬІ, САЛТ-ДӘСТҮРІ -тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі.
Және ТУҒАН ТАРИХЫ.
Еске алуға қаншама
Ауыр әрі қасіретті болса да.
Құдірет жоқ төрт анаға тең келер
Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер.
Өзге ананың ұлылығын танымас,
Төрт анасын менсінбеген пенделер.
Төрт анадан сенім таба алмаған
Тамырсыздың басы қайда қалмаған?!
Төрт анасын сыйламаған халықтың
Ешқашанда бақ жұлдызы жанбаған.
Қасиетті бұл төрт ана-тағдырыңның тынысы,
Төрт ана үшін болған күрес — күрестердің ұлысы.

Болат Үсенбаев

Жүрегімнің бөлшегі

Қаның, жаның – тіліңде,
Арың, нәрің – тіліңде,
Ұмтыл оны білуге.
Тілден алып ғибрат,
Құлшынасың білімге.

Ана тілің – ертегің,
Ана тілің – өркенің,
Ана тілің – ертеңің.
Қадірле ана тіліңді –
Жүрегіңнің бөлшегін!

Ғабиден Қожахмет

Ана тілі

Ойлады ма болсыншы деп тіл аман,
Сонда ғана деді ме ұлт боп құралам.
Сонау жылы тіл мәртебе алғанда
Көзіме жас алдым дейтін бір адам.

Тілдің жайын бар жанымен ұғыпты,
Ана тілі — перзенті үшін тұнық-ты.
Сол перзенттің тіл деп соққан жүрегі
Қуаныштан сонда егіліп тұрыпты.

Ұрпақ үшін кемімеген бағаң да,
Алаңдасаң, тілің үшін алаңда.
Сол кезеңде қайран тілі халқыңның,
Тұрыпсың-ау көз жасы боп жанарда.

Қуанышыңды өз перзентің бірге ұқты,
Жақсы күнді қызың тосып, ұл күтті.
Сонда тілім өрледі деп қуанды,
Содан бері ширек ғасыр сырғыпты.

Ширек ғасыр — өтсе уақыт бедері,
Жүзеге асты кейбір іс те келелі.
Мына әлемде өзің барсың, ана тіл,
Сен бар жерде ұлтың да аман келеді.

Ержанқызы Ақерке

Туған тілім

 

 

 

 

 

 

 

Қандай байтақ қазағымның даласы,
Сол далада туып-өсті қазақтың әр баласы.
Қазақ тілім жүрегімнің түбінде,
Жақұттан да артық оның бағасы.

Тілім менің ғажап қой, түбі терең,
Тіл туралы талай ақын жазды өлең.
Мәртебесін көтерсек туған тілдің
Бар әлемді бағындырар қазақ деген.

Туған тілім – көзімнің қарашығы,
Туған тілім-өмірімнің бар асылы.
Асқақтай бер, ана тілім жүрегім,
Сенсің менің бұл өмірде тірегім!

Дереккөзі:Bilimall.kz

Сурет:Massaget.kz; bugin.kz;Jas Qazaq.lz

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *