https://e-history.kz/kz/news/
«Алаш» – халқымыздың аңыздық ататегі, батыр бабаларымыздың жауға шапқандағы ұраны, «қазақ» сөзінің балама мағынасы. Барша қазақ халқын бір тудың астына біріктірген бұл қасиетті ұғымның тарихи да, рухани да салмағы ерекше. ХХ ғасырдағы аласапыран кезеңде өмір сүрген Алаш қайраткерлері осы киелі атаудың мәнін терең түсініп, ұлт рухын асқақтатуға, халықтың сана-сезімін оятуға бар күш-жігерін жұмсады. Олардың ел болашағы жолындағы ерен еңбектері – бүгінгі тәуелсіздігіміздің берік іргетасы.
Ең алдымен, Алаш зиялыларының басты мақсаты – қазақ елін дербес мемлекет деңгейіне жеткізу болды. Патша үкіметінің қысымына қарамастан, олар ұлтымызды өркениетті елдер қатарына қосуды көздеді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Біз кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіруіміз керек…» деп, білім, кәсіп және бірлік арқылы ғана ілгерілеуге болатынын атап көрсетті. 1917 жылы Орынборда өткен бірінші жалпықазақ съезінде «Алаш» партиясының құрылғаны жарияланып, сол жылдың желтоқсанында «Алаш» автономиясы дүниеге келді. Бұл бодандық бұғауындағы халық үшін үміт отын жаққан тарихи қадам еді. Алаш қозғалысы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның идеялық бастау көзі.
Сонымен қатар, Алаш қайраткерлері ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне де айрықша мән берді. «Алаш» әскерін жасақтап, халық милициясын құру арқылы олар мемлекеттіліктің нақты белгілерін қалыптастыруға ұмтылды. Ел ішін аралап, жасақ жинаған Отыншы Әлжанов большевиктермен күресте қаза тапты. Ал «тұңғыш құрбан» атанған Қазы Нұрмұхамедұлы әскерді жаттықтыру барысында жау қолынан мерт болды. Олардың ерлігі – ұлт азаттығы жолындағы жанқиярлықтың айқын көрінісі. «Ер есімі – ел есінде» деген халық даналығы осындай тұлғаларға арналғандай.
Алаш қозғалысының келесі бір маңызды бағыты – саяси бағдарламасының халыққа ұсынылуы. 1917 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген бұл құжатты Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Темірғали Нұрекенов және Жақып Ақбаев дайындады. Бағдарламада мемлекет құрылымы, жергілікті басқару, негізгі құқықтар, дін, сот жүйесі секілді өзекті мәселелер қамтылды. Бұл құқықтық, зайырлы әрі әділетті қоғам құруға бағытталған нақты тұжырымдар жиынтығы еді. Сонымен бірге, Барлыбек Сыртанұлы ұсынған «Қазақ елінің жарғысы» еңбегі де ұлттық мемлекеттілік идеясын құқықтық тұрғыдан негіздеген құнды мұра саналады.
Алаш зиялылары саяси күреспен ғана шектелмей, рухани-ағартушылық бағытта да өлшеусіз еңбек етті. Сұлтанмахмұт Торайғыров «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып, күн болам!» деп, халқын надандық түнегінен шығаруды армандаса, Ахмет Байтұрсынұлы «Адамдық диқаншысы» өлеңінде адамгершілік пен білім дәнін себуді мақсат тұтты. Олар оқулықтар жазып, ғылыми еңбектер жариялап, халықты оқу-білімге үндеді. Мәселен, Әлихан Бөкейхан «География» еңбегін жазса, Мағжан Жұмабаев «Педагогика» атты ғылыми еңбек қалдырды. Бұл туындылар – ұлт болашағын біліммен байланыстыра қарастырған көреген ойдың жемісі.
Қорыта айтқанда, Алаш қайраткерлері – елі үшін туған, халқының ертеңі үшін күрескен қайсар тұлғалар. 1929 жылғы тергеу кезінде Ахмет Байтұрсынұлы: «Менің мақсат-мұратым – қазақ халқының материалдық жағдайын жақсарту, мүмкін болғанынша мәдениетін көтеру…» деп мәлімдеген еді. Бұл сөздер олардың бар ғұмырын айқындайтын өмірлік ұстаным болды. Бүгінгі тәуелсіз, бейбіт елде өмір сүруіміз – сол арыстардың асқақ арманы мен жанкешті еңбегінің нәтижесі. Сондықтан Алаш мұрасын құрметтеу, олардың есімін ұлықтау – әрбір саналы ұрпақтың парызы.
Аяулым БҰХАРБАЙ,
Астана қаласы,
М.Әуезов атындағы «№86 мектеп-гимназиясының»
11-сынып оқушысы
Жетекшісі: Байтугулова Кульбаршин Калидулаевна,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
