«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Қоғам

Берік отбасы — берік қоғамның іргетасы

Сурет: ЖИ, жолдаған автор

Ұлы сезім махаббаттың нәтижесі — неке ме, әлде ажырасу ма? Ата-аналардың келіспеушілігінен ажырасқан отбасындағы балалар өмірі кімді ойлантады? Көптеген ата-ана жеке басының тыныштығын ойлап, ажырасқанын деректерден оқып, білудеміз? Ата-анасы ажырасқан соң, міндетті түрде әкесі басқа отбасын құрады, ал анасы ше?.. Тұрмыс тауқыметін жеңілдетпек болып, басқа тұрмыс құрады, балалары өз әкесі емес, өгей әке қолына өтеді. Не қайта тұрмыс құрмай балаларын жеткіземін деп екі-үш жұмыс істейді, немесе бизнес саласында  уақытпен санаспай еңбек етеді. Балаға көңіл бөлу, тәрбиелеу мәселесі кейінге ысырылып қалады. Қоғамдағы ажырасу үшін ешкімді кіналай алмаймын. Мені толық емес отбасындағы жасөспірімдер тағдыры алаңдатады.

Кейінгі кезде ажырасу үлкен жаңалық болмай қалды. Бірі үшін бұл — мәселеден құтылу жолы, енді бірі үшін — тағдырдың ауыр соққысы. Махаббат уәдеден басталып, неге үнсіз қоштасумен аяқталады? Бір шаңырақ астында айтылған армандардың тағдыры неліктен ажырасу шешіме тіреледі? Бұл — тек екі адамның емес, тұтас қоғамның ойлануын қажет ететін мәселе.

Ресми деректер ажырасудың ауқымын айқын көрсетеді. Қазақстан Республикасының Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, елде жыл сайын 40 мыңнан астам неке бұзылады, ал тіркелген некелердің шамамен 40-50 пайызы ажырасумен аяқталады. Ерекше назар аударатыны — ажырасқан жұптардың басым бөлігі 1-5 жыл ғана бірге өмір сүрген жас отбасылар. Бұл көрсеткіш отбасы институтының әлсіреп бара жатқанын анық көрсетеді.

Ажырасудың басты себептері көбіне күнделікті өмірмен тікелей байланысты. Қаржылық тұрақсыздық, жұмыссыздық, тұрғын үй тапшылығы ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасты күрделендіреді. Материалдық қиындық отбасындағы түсіністікті шайқалтып, сабырды сарқиды. Ал сабыр жоғалған жерде жанжал көбейеді.

Сонымен қатар, қазіргі қоғамда жауапкершілікке жеңіл қарау үрдісі байқалады. Некеге тұру оңай шешімге айналып, оны сақтап қалу екінші орынға ығысқандай. Көп жастар отбасын ортақ еңбек пен төзім деп емес, жай ғана сезімнің жалғасы деп қабылдайды. Ал сезім суығанда, ажырасу «шешім» ретінде алға шығады.

Америкалық отбасылық психологияның негізін қалаушылардың бірі Вирджиния Сатир ажырасудың басты себептерін атап көрсетеді. Оның айтуынша: «Отбасындағы ең үлкен қателік — бір-бірін тыңдамау және сезімді жасырын күйде қалдыру». Психологтың пікірінше, көптеген отбасыларда мәселе махаббаттың жоғалуынан емес, эмоцияны дұрыс жеткізе алмаудан туындайды. Сөзбен айтылмаған реніш уақыт өте келе ішкі қашықтыққа, ал ол ақырында ажырасуға алып келеді.

Статистикаға сәйкес, Қазақстандағы жалғызбасты отбасылардың 70 пайыздан астамы ажырасудың нәтижесінде қалыптасқан. Бұл көрсеткіштің артында сансыз тағдыр, ең алдымен — баланың тағдыры тұр.

Толық емес отбасында өскен бала көбіне психологиялық тұрақсыздыққа тап болады. Толық емес отбасыда өскен балалардың қоғамға бейімделуі қиын болады. Сонымен бірге сондай жағдайларға куә болған баланың болашақта отбасылық жауапкершіліктен қашу қаупі жоғары. Яғни, ажырасу бүгінгі шешім болғанымен, оның салдары ұзақ жылдарға созылады.

Отбасы — мінсіз өмір емес, мінезді, сабырды және ортақ жауапкершілікті талап ететін кішігірім қоғам. Егер еліміз ажырасуды қалыпты құбылыс ретінде қабылдай берсе, ертең оның салдарымен бетпе-бет келетіні анық. Нағыз өмірлік сабақ — қиындық келгенде кету емес, қалу, түсіну және бірге еңсеру. Берік отбасы — берік қоғамның іргетасы.

НҰРМАШ  Нұрай,

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қожабақы ауылы

 «№25 орта мектептің» білім алушысы

Сәйкес жаңалықтар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысты

«QAITADAN»: Астанада тұңғыш апат туралы фильмнің жабық көрсетілімі өтті

Мемлекет басшысы «Талдықорған» индустриялық аймағына барды