«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Болашақтың тірегі-кемел ұрпақ

Жастар жалқау ма, әлде қоғам оларды түсінбейді ме?

📸 Суретті жолдаған: автор Қыдырбай Ақнұр

Қоғамда жастар туралы сөз қозғалғанда, «қазіргі жастар жалқау», «бұрынғыдай төзімді емес», «бәрі дайынға үйренген» деген пікірлерді жиі естиміз. Әсіресе аға буын мен жас ұрпақтың көзқарасы сәйкес келмеген жағдайда осындай тұжырымдар алға шығады. Бірақ жастарды бір ғана сипатпен бағалау қаншалықты дұрыс? Мүмкін, мәселе жастардың жалқаулығында емес, олардың өмір сүріп жатқан ортасы мен қоғамның оларға деген көзқарасында шығар? Осы сауалдарға жауап іздеу мақсатында тарих пәнінің мұғалімі Лаура Рүстемқызымен «Жастар жалқау ма, әлде қоғам оларды түсінбейді ме?» тақырыбында подкаст жаздым. Әңгіме барысында екі буынның арасындағы түсініспеушілік, заманауи технология, білімге ұмтылыс және жастарға артылатын жауапкершілік туралы ой қозғадық.

Подкасттағы алғашқы сұрағым үлкендердің «Біздің кезімізде бәрі қиын еді» деген пікірі қазіргі жастардың мәселесін жоққа шығармай ма деген сауалға арналды. Себебі кейде үлкендердің өз кезеңіндегі қиындықтарды мысалға келтіруі жастардың бүгінгі мәселелерін екінші орынға ысырып қоятындай көрінеді. Лаура Рүстемқызы әр заманның өз қиындығы бар екенін атап өтті. Оның пікірінше, бүгінгі жастарға оңай емес. Өйткені бәсекелестік жоғары, ал оған төтеп беру үшін білімді, жауапты әрі жан-жақты болу қажет. Шынында да, қазіргі жастардың алдында таңдау көп болғанымен, сол мүмкіндіктерді тиімді пайдалану да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бір жағынан, ақпаратқа қолжетімділік артты, екінші жағынан, өзгелермен бәсекелесу қажеттілігі күшейді. Сондықтан өткен мен бүгінді салыстырып, бір кезеңді екіншісінен артық көрсету мәселені шешпейді.

Әңгіме барысында ұстаздың жеке тәжірибесіне де тоқталдық. «Егер сіз он алты немесе жиырма жаста болсаңыз, қазіргі мүмкіндіктерді пайдаланып қандай жетістікке жетер едіңіз?» деген сұрағыма ол докторантураға түсу үшін ағылшын тілін үйреніп жүргенін айтты. Оның «Білім алу ешқашан кеш емес» деген пікірі маған ерекше әсер етті. Бұл — білімнің белгілі бір жаспен шектелмейтінін көрсететін жақсы мысал. Жастарға үнемі білім алуды насихаттайтын ұстаздың өзі де ізденіс үстінде жүруі маңызды.

Қазіргі қоғамда жастарға қатысты жиі айтылатын тағы бір сын — телефонға тәуелділік. Үлкендер мұны кейде жалқаулықтың белгісі деп қабылдайды. Алайда Лаура Рүстемқызы бұл пікірмен келіспейтінін білдірді. Оның айтуынша, технология адамға қызмет етуі керек, ал адам технологияға тәуелді болмауы қажет. Ұстаздардың міндеті — оқушыларға телефонды шектеуді ғана емес, оны дұрыс әрі пайдалы мақсатта қолдануды үйрету. Меніңше, бұл жерде мәселе телефонның өзінде емес, оны пайдалану мәдениетінде. Қазіргі жастар смартфон арқылы білім алады, ақпарат іздейді, шығармашылықпен айналысады. Дегенмен уақытты тиімсіз өткізу жағдайлары да жоқ емес. Сондықтан технологияны толықтай кінәлау немесе оны шексіз мадақтау дұрыс шешім болмайды.

Подкасттағы тағы бір маңызды тақырыптардың бірі — үлкендердің жастардан өздері сияқты ойлауды күтуі болды. Ұстаздың пікірінше, үлкендер өз тәжірибесімен бөлісіп, көрген-білгенін жеткізеді. Бірақ заман өзгерген сайын жастардың көзқарасына да бейімделе білу қажет. Бұл пікірмен толық келісемін. Өйткені әр буынның өскен ортасы, ақпарат алу тәсілі мен өмірге деген көзқарасы әртүрлі. Үлкендердің тәжірибесі — құнды дүние, ал жастардың жаңашыл ойы — қоғамның дамуына қажет мүмкіндік. Екеуін бір-біріне қарсы қоюдың орнына, ортақ шешімге келу маңызды. Осы тұста жас буынның пікірі үлкендердің ұстанымына әсер ете ала ма деген сұрақ қойдым. Апайым оқушыларымен бірге дамитынын айтып, өзара ақылдасудың маңызын түсіндірді. Ол оқушының өзге қырынан ойлауына мүмкіндік беріп, кейін бірге талқылап, жұмысын тексеретінін жеткізді. Бұл жауаптан ұстаз бен оқушы арасындағы байланыстың тек білім беруші мен білім алушы қатынасымен шектелмейтінін байқадым. Кейде ұстаз оқушыдан да үйренеді. Мұндай қарым-қатынас екі тараптың да дамуына жол ашады. Ал жастардың бойындағы қандай қасиеттер үлкендерге үлгі бола алады? Лаура Рүстемқызы олардың қорықпайтынын, технологияны жылдам меңгеретінін және өз ойын ашық жеткізетінін атап өтті. Бұл қасиеттер қазіргі қоғамда өте маңызды. Дегенмен батылдық пен еркін ой жауапкершілікпен қатар жүргенде ғана нәтижелі болмақ.

«Қазіргі жастарға не жетіспейді: тәртіп пе, мүмкіндік пе, әлде түсіністік пе?» деген сұраққа ұстаз жастарда мұның бәрі бар екенін, тек үлкендер оларды тыңдай білуі керектігін айтты. Менің ойымша, бұл — подкасттағы ең маңызды ойлардың бірі. Себебі кейде жастарға ақыл айтудан бұрын, олардың пікірін тыңдап, не айтқысы келетінін түсінуге тырысу қажет. Тыңдай білу — өзгенің пікірімен міндетті түрде келісу емес, оны құрметтеу. Әңгімеміздің соңында Лаура Рүстемқызы жастарға бір ғана кеңес берді: білім алудан жалықпау. Оның пікірінше, білімді адам өзіне қажетті мүмкіндікті таба алады. Бұл кеңес подкасттың негізгі идеясымен де үндеседі. Қоғам өзгеріп жатқан уақытта адамның ең үлкен артықшылығы — үздіксіз ізденуі мен үйренуге деген ынтасы.

Подкасттан кейін мен бір нәрсені түсіндім: жастарды жалқау деп жалпылау — мәселенің тек бір жағын көру. Әрине, жастар арасында жауапкершіліктен қашатындар да кездесуі мүмкін. Бірақ оны тұтас ұрпақтың ерекшелігі ретінде көрсету әділетсіз. Сол сияқты үлкендердің бәрі жастарды түсінбейді деу де қате. Бізге керегі — ұрпақтар арасындағы бәсекелестік емес, өзара түсіністік. Үлкендер тәжірибесімен бөліссе, жастар жаңа көзқарасымен бөлісе алады. Бірі екіншісін жоққа шығармай, бір-бірінен үйренгенде ғана қоғам дамиды. Сондықтан «Жастар жалқау ма?» деген сұраққа біржақты жауап берудің орнына, «Біз жастарға өз мүмкіндігін көрсетуге қаншалықты жағдай жасап отырмыз?» деген сауалды да қоюымыз керек. Өйткені жастарды түсіну — олардың әр әрекетін қолдау емес, ең алдымен ойын тыңдап, мүмкіндігін бағалау.

ҚЫДЫРБАЙ Ақнұр Бекболатқызы,

Астана қаласы, «Қайым Мұхамедханов»

 атындағы №90 мектеп — гимназияның

11-сынып оқушысы

***Видеоны көріп, өз ойыңызды бөлісіңіз: https://youtu.be/h9e5v0WlanM?si=RxuwXcAAIw0UdI0C

 

 

Сәйкес жаңалықтар

Жұлдыз болып жарқыра!

Ең жас әлем чемпионы мектепті «Алтын белгіге» бітірді

farabi shakirti shakirti

Абай облысының оқушысы ғарышқа энергия жеткізу құрылғысын ойлап тапты

farabi shakirti shakirti