«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Ғибрат

Дәстүрден тағылымға: цифрлық дәуірде отбасы құндылықтарын қалай сақтаймыз?

📸 Сурет: ЖИ көмегімен жасалынды (Жасанды интеллект).

Жолдаған: автор Сыздыкова Альбина

Бір үйде отырып, бір-бірімізден алыстап бара жатқан жоқпыз ба? Бүгінде бір дастарқан басына жиналған отбасы мүшелерінің әрқайсысы өз телефонына үңіліп, ортақ әңгімеге уақыт таппай жататын көрініс таңсық емес. Ақпарат алмасу жеңілдегенімен, шынайы қарым-қатынас орнату неге қиындап барады?

Отбасы – адамның дүниетанымы мен адамдық болмысы қалыптасатын алғашқы тәрбие мектебі. Бала сыйластықты, жауапкершілікті,  мейірімділікті ең алдымен ата-анасының әрекетінен үйренеді. Сондықтан отбасындағы қарым-қатынас – жеке шаңырақтың ғана емес, тұтас қоғамның рухани келбетін айқындайтын маңызды мәселе.

Қазіргі отбасының өзекті мәселелерінің бірі – ұрпақтар арасындағы рухани алшақтық. Ата-ана баласының материалдық қажеттілігін өтеуге, болашағына жағдай жасауға күш салады. Алайда оның ойын тыңдау, ішкі жан дүниесіне үңілу де тәрбиенің ажырамас бөлігі екенін ұмытпауымыз керек.

«Қазақстан отбасылары – 2022» ұлттық баяндамасында сауалнамаға қатысқандардың 72,8 пайызы өзара қамқорлық, сыйластық пен қолдауды маңызды отбасылық құндылықтар ретінде атаған. Ал бірге уақыт өткізуді маңызды санағандар 13,8 пайызды, ұрпақтар сабақтастығын атағандар 4,5 пайызды құраған. Бұл көрсеткіштер отбасындағы қарым-қатынастың нақты деңгейін өлшемегенімен, бірге уақыт өткізу мен ұрпақтар сабақтастығына назар аударудың маңызын тағы бір еске салады.

Кейде ата-ана мен баланың арасындағы түсініспеушілік бір-бірін жақсы көрмеуден емес, бір-бірін тыңдай алмаудан туындайды. Үлкендер өз тәжірибесіне сүйенсе, жасөспірімдер заман талабына сай ойлайды. Сондықтан баланың пікірін тыңдау – оның әрбір талабын орындау емес, жеке тұлға ретінде құрметтеу. Тәрбиенің мақсаты тек айтқанды орындайтын емес, саналы таңдау жасап, өз әрекетіне жауап бере алатын ұрпақ қалыптастыру болуы тиіс.

Қазақ халқының «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген мақалы отбасы тәрбиесінің мәнін дәл жеткізеді. Дастарқан басындағы басқосу, бата беру, шежіре айту, Наурызды бірге қарсы алу секілді дәстүрлер ұрпақтар арасынддағы байланысты нығайтады. Алайда дәстүрді сақтау оны жай ғана қайталау емес, астарындағы тәрбиелік мәнін түсініп, өмірде қолдану. Үлкенге құрмет – тек сәлем беру емес, оның тәжірибесін бағалау, ал кішіге ізет – қамқорлық пен жауапкершілік таныту.

Бүгінде цифрлық технологиялар балалар өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. ЮНИСЕФ пен Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі бірлесіп жүргізген 2023 жылғы «Kazakhstan Kids Online» зерттеуге қатысқан балалардың 47 пайызы интернетті немесе смартфонды үйде күнделікті пайдаланатыны көрсетілген. Демек, мәселе технологиядан бас тартуда емес, оны дұрыс қолдану мәдениетін қалыптастыруда.

Баланы цифрлық кеңістіктен толық алыстату мүмкін емес. Сондықтан ата-ана оған тек шектеу қоймай, ақпаратты саралауды, интернетті қаіпсіз пайдалануды үйретуі қажет. Сонымен қатар баламен бірге кітап оқу, үлкендердің әңгімесін тыңдау, отбасылық мерекелерді бірге атап өтусекілді қарапайым әрекеттер рухани байланысты нығайтады. Ең бастысы, ата-ана баладан талап еткен нәрсені өзі де ісімен көрсетуі керек.

Ұлттық дәстүрді цифрлық мүмкіндіктер арқылы да жалғастыруға болады. Мысалы, бала ата-әжесінің әңгімесін бейнежазба түсіріп, отбасылық мұрағат жасаса, туған әулетінің тарихын жақынырақ таниды. Үлкендердің көмегімен электронды шежіре құрастыру, отбасылық суреттерін, тарихын бірге жазу да ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Осындай ортақ істе бала технологияны қолдануды үйретсе, үлкендер өмірлік тәжірибелерімен бөліседі.

Бүгінгі ұрпақтың цифрлық сауатты, білімді болумен қатар, өз тарихын біліп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете алуы маңызды. Әр отбасы өзіне қарапайым келісімдерден бастай алады: дастарқан басында шетке қою, күн сайын баланың әңгімесін бөлмей тыңдауға уақыт бөлу, аптасына 1 рет ортақ іспен айналысу. Мұндай келісімдер балаға да, ересекке де бірдей қатысты болғанда мәнді болады. Өйткені замануи болу – ұлттық болмыстан алыстау емес.

Бүгін біз баладан үлкенді сыйлауды талап етеміз, бірақ оның пікірін тыңдауға қаншалықты дайынбыз? Ұлттық құндылықтарды дәріптейміз, алайда оларды өз әрекетімізбен көрсете алып жүрміз бе?

Отбасылық құндылықтар бір күнде қалыптаспайды. Олар күнделікті сыйластық, ортақ жауапкершілік және бір-біріне уақыт бөлу арқылы қалыптасады. Баладан үлкенді құрметтеуді күтсек, оның да пікірін тыңдай білуіміз керек. Дәстүрдің тәрбиелік мәні осындай күнделікті әрекеттерден көрінеді.

Болашақ ұрпаққа қалдыратын ең үлкен мұрамыз – технологиялық жетістіктермен бірге сақтай білген адамдық қасиеттеріміз. Өйткені технология заманға бейімделуге көмектессе, отбасы адам болып қалудың мәнін үйретеді.

СЫЗДЫҚОВА  Альбина,

«Мағжан Жұмабаев» атындағы

гимназиясының 11-сынып оқушысы,

Қарағанды қаласы, Қарағанды облысы.

Шығармашылық жетекшісі: Омирбаева Дана Муратовна,

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Сәйкес жаңалықтар

Достық — жеңілмейтін күш

Қандай еді?…

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ҚАРСАҢЫНДА АССАМБЛЕЯ АЗ ҚАМТЫЛҒАН ОТБАСЫЛАРДАН ШЫҚҚАН 100 ЕЛОРДАЛЫҚ БАЛАҒА КӨМЕК КӨРСЕТТІ