«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Қоғам

Адамның бағасын уақыт көрсетеді

📸 Сурет: ЖИ көмегімен жасалынды (Жасанды интеллект).

Жолдаған: автор Абдиразакова Кәусар

Өмірде біз әртүрлі адамдармен танысамыз. Біреулерімен тез тіл табысып кетеміз, енді біреулерімен араласу үшін біраз уақыт қажет болады. Кейде бір адамды алғаш көргеннен-ақ жақсы адам екен деп ойлаймыз. Бірақ уақыт өте келе ол туралы пікіріміз өзгеріп жатады. Меніңше, бұл қалыпты жағдай. Себебі адамды бір көргеннен толық танып білу мүмкін емес.

Бұрын бір адаммен жақсы араласқан соң, ол әрдайым солай болады деп ойлайтынмын. Бірақ өмірде бәрі біз ойлағандай бола бермейді екен. Кейде жақын деп жүрген адамыңнан күтпеген әрекет көресің. Ал кейде көп араласпайтын адамның өзі саған жақсы қарым-қатынас көрсетеді. Осындай жағдайлардан кейін адамға бірден баға бермеу керегін түсінесің.Адамның қандай екенін тек сөйлеген сөзінен білу қиын. Өйткені жақсы сөзді кез келген адам айта алады. Бірақ сол сөзге сай әрекет ету бәрінің қолынан келе бермейді. Мысалы, біреу үнемі көмектесемін деп айтуы мүмкін, ал шын мәнінде саған көмек керек болғанда табылмай қалуы мүмкін. Керісінше, көп сөйлемейтін адамның өзі қажет кезде қолдау көрсетеді. Мен үшін осындай әрекеттер әлдеқайда маңызды.Кейде адамдардың өзгергенін байқаймыз. Бірақ олар шынымен өзгерді ме, әлде біз оларды бұрын дұрыс тани алмадық па? Бұл да ойландыратын сұрақ. Мүмкін, уақыт өте келе адамның бізге көрсетпеген қырлары ашылатын шығар. Сондықтан біреуге қатты сеніп, біреуден бірден көңіліңді қалдыруға асықпаған дұрыс деп ойлаймын.

Тағы бір нәрсе, адамды бағалағанда оның бізге қалай қарайтынына ғана емес, айналасындағы басқа адамдармен қарым-қатынасына да назар аудару керек. Өйткені кейбір адамдар өзіне қажет кезде ғана жақсы сөйлеседі. Ал шынайы сыйластық адамның жағдайына немесе пайдасына байланысты болмауы керек. Менің ойымша, уақыттың бір жақсы қасиеті – ол көп нәрсені өз орнына қояды. Кімнің қандай екенін түсіну үшін арнайы ізденудің де қажеті жоқ. Тек уақыт өте келе бәрі байқалады. Біреулер қасыңда қалады, біреулер алыстайды. Бірақ ең маңыздысы – сол адамдарды танып қана қоймай, өзің де біреудің сеніміне лайық адам бола білу.

Соңында айтарым, адамды таныдым деп асығыс шешім шығармаған дұрыс. Өйткені бүгінгі жақсы қарым-қатынас ертең де солай жалғасатынына ешкім кепіл емес. Адамның шынайы бағасы уақыт өте келе, оның ісінен көрінеді. Сондықтан мен бұл тақырыпты жай ғана әдемі сөз емес, өмірде талай рет кездесетін шындық деп түсінемін.

АБДИРАЗАКОВА  Кәусар,

Алматы облысы, Кеген ауданы,

Кеген ауылы, «Ө. Жанабаев» атындағы орта

 мектептің 11-сынып оқушысы.

Республикалық «Farabi shakirti» журналы

мен  www.farabishakirti.kz  желілік басылым

сайтының Жас тілшісі

Сәйкес жаңалықтар

Майра Мелдебекова оқу-ағарту бірінші вице-министрі болып тағайындалды

Көзге көрінбес жетімдік

Аштықтан емес, тоқтықтан өліп жатқан әлем: Жаһандық парадокс