Бала жанына ең жақын, отбасының шын досы
Тақырыпты оқыған көпшіліктің көкейінде бұл кім екен? Ата – анасы мен бауырларынан басқа балаға ең жақын кім болуы мүмкін? деген сұрақтар туындайтыны рас. Балабақшаға баратын бүлдіршінге, мектептегі оқушыға ұстаздан бөлек қамқор болатын жан – әлеуметтік педагог. Жасөспірімдермен бірге уақытын өткізіп, олармен әңгімелесіп, қабілетін байқап, баланың өз ортасында өзін көрсете білуге жетелейтін маман. Оқушылардың бірінші сыныптан бастап, ерекшеліктеріне байланысты топпен жұмыс істеп, мектепішілік өтетін тәрбие сағаттарында, елімізде аталып өтетін айтулы мерекеге арналған шараларда әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларын толық қатысуына қамқорлық жасап, шығармашылықтарына орай марапаттауды ұйымдастыратын ұстаз.
Әлеуметтік педагог маманы туралы XIX ғасырдың екінші жартысында «неміс мұғалімдерінің әкесі» Адольф Дистерверг кәмелет жасына толмағандардың құқық бұзушылық болдырмау мақсатында қараусыз кеткен балалармен жүргізілетін педагогикалық іс- әрекетті көрсету үшін «әлеуметтік педагогика» сөз тіркесін ұсынған. Біздің елімізде «Әлеуметтік педагог» қызметі 1991 жылы енгізілді. Әлеуметтік педагогика – педагогика ғылымының бір саласы болып қалыптасты. Содан бастап әлеуметтік топтардағы әртүрлі жастағы балаларға, ересектерге әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Мен – Мақталы ауылындағы А.Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін мектепте әлеуметтік педагогпын.
Мектеп оқушыларымен жұмыс істегендіктен еліміздің Ата Заңы — Конституциясын, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңын, БҰҰ «Бала құқығы туралы» Конвенциясын, ҚР «Бала құқығы туралы» Заңына, ҚР «Неке және Отбасы туралы» Заңын, ҚР «Даму мүмкіндігі шектеулі қолдау туралы» Заңын басшылыққа аламыз. «Әлеуметтік педагог» Ережесін және басқа да білім беру мәселесі жөніндегі нормативтік-құқықтық актілерді басшылыққа ала отырып, заң негіздеріне сүйене отырып жұмыс жүргізудемін.
Әлеуметтік педагог ерекше қамқорлықтағы балалармен бірге жұмыс істегендіктен, оқушыға да ең жақын адам болатыны сондықтан. Мақсатым – оқушылардың қабілетінің дамуына мүмкіндік жасау. Олармен әңгімелесе отыра жас еркешелігіне қарай сұхбаттасып, әңгімеге тартып, алға басқан қадамын мақтап, білімге деген ынтасының артуына дәнекер болу. Ерекше қамқорлықтағы оқушылардың көбі тома тұйық, өзін ортадан тыс сезінеді. Сондықтан, олардың мінез – құлқында ерекшеліктер болады. Әр баланың ішкі дүниесі мен санасындағы ойларын оқу оңай емес, әрине. Оларға ата – ананың, ұстаздардың қолдауы әбден қажет. Ал, осы тұста балалардың өзін қоғамнан тыс сезінуден арылтуға тырысатын – әлеуметтік педагог. Педагогтың міндеті – ең алдымен ата-анамен жиі әңгімелесу. Ұл – қызының бүгінгі мектептегі сабақ оқуы, тәртібі, жаңа тақырыпты игеруге деген құлшынысы туралы ата – анаға айтып, алдағы уақытта оларды назардан тыс қалдырмауды қадағалап отыруы қажет. Оқушының жеке дамуы, тәрбиесі мен білім алуын әлеуметтік тұрғыдан қорғау. Оқушының күнделікті сабақтан қалмауын қамтамасыз етіп, ұтымды әлеуеттенуіне әсер ететін ортасын ұйымдастыруға ықпал етемін.
Әлеуеттенугке мұқтаж жандарды өмірге бейімдей отырып, олардың да есейіп, күні ертең азамат болып қатарға қосылатынын айтамын. Бастауыш сынып оқушыларымен қалауы қандай деген сұрақтарға жауап іздейміз. Балалардың қалауы әртүрлі. Біреуі – табиғатты ұнатады, сол себепті үнемі табиғаттың суретін салады. Бір оқушы – ата – анасымен үлкен қалада тұруды армандайды. Қымбат көлік жүргізісі келеді. Енді бірі – көп сыйлық алғанды қалайды. Енді бірі кәсіпкер болғанды қалайды. Оқушылардың әр сұрағына жауап беріп, армандарының орындалуы үшін ең алдымен болашақта кәсіби маман болуы қажеттігін айтып беремін. Адам армандарына жету үшін сабақты жақсы оқуға, үлгілі болуға, шығармашылық қабілетін дамытуға міндетті екенін естеріне саламын.
Ата – аналарымен кездесіп, баласының арманының ұшталып, оған қол жеткізуге көмектесу керектігімен бөлісемін. Ерекше балалар жаны өте нәзік келеді. Олар үшін қабақ түйгенінің өзі іштей күйзеліске алып келеді. Күйзелістен шығуы үшін оқушыларды мерекелік шараларға, тәрбие сағаттарында қатыстырып, өзін дәлелдеуі үшін өлең оқып, би билеп қабілетін танытуға, бір – біріне пән бойынша сұрақтар қойып, оған жауап іздеп танымдық ой — өрісін кеңейтуге тырысамын. Әр бала – жеке тұлға. Мемлекетіміз бұл топтағы жандарды қамқорлығына алып, олардың білім алуына, мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына қамқорлық жасауда. Болашақта әр өрен өз орнын табу үшін оларды мектепте сапалы білім пен тағлымды тәрбие бере алсақ қана, олардың арман – мақсатының орындалуына сарп еткен уақытымыз зая кетпейді.
Әлеуметтік педагог – өсіп келе жатқан тұлғаның мүддесін, заңдық құқын қорғаушы. Әлеуметтік педагог — сырттан бақылаушы емес, ол балалар мен ересектердің бірлескен қызметінің тікелей қатысушысы, сонымен қатар – бұл қызметтің жетекші ұйымдастырушысы. Мүгедек балалармен жұмысқа келетін болсам, мектеп жасындағы балалардың ата – анасымен жеке сөйлесіп, әлеуметтік – тұрмысымен танысамын. Үйлеріне барып, баламен сөйлесіп, қызығушылығын анықтаймын. Олардың уақытын тиімді іспен айналысуына, ата – анасының ұсыныстарын тыңдап, бала жастан оның тұлға болып қалыптасуына бірлесіп тәрбиелеудің маңызын айтамын.
Оқушылардың сабаққа қатысуы, мектеп асханасында ыстық тамақпен қамтылуы, әлеуметтік көмектермен дұрыс қамтылуы, әр отбасының жай – күйімен жеке танысу, сол арқылы тиісті шаралар қабылдауға ұсыныстар айту. Бала денсаулығын бақылап, көңіл – күйінің дұрыс болуы үшін балалармен жиі сөйлесіп тұру, олардың зорлық – зомбылық көрмеуі үшін құқығын қорғау. Міне, осындай атқарылған жұмыстарымыздың есебін жасап, алдын ала құрылған жоспар негізінде жұмыс істеп келемін. Мамандығым өзіме ұнайды. Сондықтан, балалардың ерекше тобымен дос болып, дер кезінде көмек қолын соза білетін қайырымды жандармен бірге келе жатқаныма қуанамын.
Жас ата – аналармен сөйлесіп, олармен бала тәрбиесі туралы пікірлесіп, тәрбиеде ағаттыққа жол бермеудің алдын алу – әлеуметтік педагогтың күнделікті жұмысы. Ауыл алақандай. Ауыл адамдарының Мақталы ауылында бірнеше ұрпақтан бері жалғасып келе жатқан үлкен әулеттері тұрады. Сол себепті де ауыл адамдары бір – бірімен дос, бауыр. Өмір болған соң, адам басында әртүрлі жағдайлар орын алады. Сондай шақтарда олар бір — бірінің жанынан табылып, рухани демеуші бола білетін парасаттылығы бүгінгі ұрпақтың болашағына салынған күре жол деуге болады.
Ауыл адамдарының ынтымағы жарасқандықтан, тұрғындар арасында келеңсіз жайттардың орын алуына, жеке адамдардың ішімдік ішіп, жағымсыз әрекеттерге баруына, сонымен қатар, балаларға зорлық – зомбылық көрсету, жасы үлкен балалардың кішілеріне әлімжеттік жасауына жол берілмейді. Ауылда «Ақсақалдар» алқасы, аналар кеңесі әлеуметтік педагогпен тығыз байланыста. Әйтседе, балаларға жіті бақылау қажет. Мектептегі қамқоршылық кеңесі балаларға берілетін әлеуметтік көмек туралы дер кезінде ақпарат беріп отырады. Жаңа технологиялардың дамып жатқан шағында, балаларды әлеуметтік желідегі менталитетімізге жат сайттарға әуес болмауын да қадағалап отырамын. Осы атқарылған жұмыстарымыздың нәтижесі туралы есеп береміз.
«Үлкенге – құрмет, кішіге — ізет», ауылымызда тұрмысына көмекті қажет ететін қариялармен кездесіп, хәл – жағдайын сұрап тұру. Оқушылармен бірге бүгінгі және болашақтағы ауылды көркейту туралы әңгімелер айту арқылы жасөспірімдерді туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, қариясын сыйлайтын ұрпақ тәрбиелеуге атсалысу да әлеуметтік педагог жұмысының бір тармағы. Осындай келелі істерді бірге атқарып, педагогтармен бірге әлеуметтік мәселені жолға қоюда мектеп директоры мен ауыл әкімі үнемі жақсы істердің жаршысы болып келеді. Әлеуметтік жағынан ерекше оқушыларды ынталандырып, олардың білімдегі жетістіктерін қолдап, демеушілік жасап келе жатқан ауылымыздың кәсіпкерлеріне мың алғыс! Кәсіпкерлердің бұл қолдаулары – балалардың болашағына салынған қайырымды жолы деп білеміз. Балалардың санасына ұлттық құндылықтар мәйегін сіңіріп, болашақта өмірден өз орнын адаспай таба алатындай дәрежеде тәрбиелеу – ұстаздардармен қатар әлеуметтік педагогтің парызы деп білемін.
Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары —
ЖАРТЫБАЕВА Кенжайым Ешенқұлқызы
ДҮЙСЕНОВА Индира Касымбековна,
А. Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім
Беретін мектептің әлеуметтік педагогы.
Түркістан облысы, Түлкібас ауданы,
Арыс ауылдық округі, Мақталы ауылы