«Біздің құндылықтар»
Қазір салт-дәстүрлер кеңінен қолданыста. Алайда, көп жастарымыздың біле білмейтін салт-дәстүрлері де жетерлік. Олай болса ұмыт болып бара жатқан кейбір салт-дәстүрлерді бір шолып шығайық.
Ерулік беру. Көрші үйге жаңадан қоныс аударғандарды тұрғындардың бәрі өз үйлеріне қонаққа шақырады, өз қуаныштарын көрсетеді. Әрі бұл көршілерді жақындастырып, жаңа қоныс аударушының аймаққа тез сіңісіп кетуіне ықпалы тиеді.
Мойнына бұршақ салу. Ертеде перзенті жоқ отбасылар мойнына көгеннің бұршағын салып, Құдайдан перзент сұрап жалбарынған,жылаған. Мойынға бұршақты бала тілегенде ғана салған. Қап-қағар — қыс аяқталып, көктем басталғанда ет сүрленіп, азая бастайды. Ол ет қапта болады. Сол кезде ет асылып, аздап адам шақырылады. Бұл дәстүр «ет қайтар» деген ұғымды білдіреді, ал қаптың ең соңғысын асып, бөліп жейді екен.
Ендігі ырым-тиым және жастардың не себепті салт-дәстүрге бағынғысы келмейтінін қарастырайық. Байқасақ, қазір кейбір жастар «салт-дәстүр ерте кездің көрінісі, қазіргі заманға бұл дәстүрдің керегі жоқ», — деп өз пікірлерін ұстанып алған. Оның себебі, жастардың «босағаға отырма», «табалдырықты баспа», «босағаны керме», «үйді айналма», «үйде үлкенге сыртыңды беріп отырма» — деген сияқты тиымдарды ұстанудан қашатыны шығар деп те ойлаймын.
Шындығында, мұның барлығы «обал, «ұят» деген ұстанымдарды басшылыққа алады және заман талабынан шет қалып жатқандары біртіндеп қолданыстан да қала бастайтынын ескерту керек. Қалай болғанда да, ертеден келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тиымдарды біліп, құндылық ретінде сақтап, кейінгіге жеткізу бізге артылған міндет және арқалап жүрер жүк болмақ.
БИСЕМБАЕВА Гульнасип,
«Тұран» университеті ,
журналистика факультеті.
Алматы қаласы