Діни сауаттылық – қауіпсіздік негізі

Адамды адам ететін де,

сұлтан ететін де – иман.

А.Құнанбайұлы

Қазіргі таңда дін мәселесі өзекті тақырып болып тұр. Дінге бетбұрушылар саны көбеюде. Өкініштісі жат ағымдардың қатарына қосылғандардың саны артпаса, азаяр емес. Сондықтан қоғамда діни сауаттылықты арттыру басты талап.

Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұжымына «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының теолог маманы келіп, арнайы кездесу ұйымдастырды. Орталықтың теолог маманы Искаков Медет Нұрлыбекұлы және психолог маманы Қасенов Ақжол Нұрланұлы «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбында  ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізген болатын. Мақсаты: дәстүрлі діндердің құндылықтары мен қасиетін түсіндіру және діни сенімдерді насихаттау, теріс пиғылды діни ағымдар бойынша діни терроризм мен эктремизмнің алдын алу. Қоғамға ірткі салатын дәстүрлі емес, теріс пиғылдағы, деструктивтік діни ағымдардан сақтанудың жолдарын түсіндіру.

Жат ағым жас ұрпақты құрдымға жетелейді. Олардың ұстанымы халқымыздың сан ғасырлық діни сеніміне, таным-түсінігіне мүлде қарама-қайшы. Ең қатерлісі, осы кереғар ағымдардың, деструктивті топтардың үгіт-насихаты. Сол себепті де жастарымыз ғаламтордағы діни ақпараттың анық-қанығына көз жеткізу үшін ҚМДБ-ның өкілдеріне, жергілікті мешіт имамдарына жүгінгені жөн. Жат діни ағымдардың іс-әрекеттеріне, экстремизмге тосқауыл қоюдың ең негізгі құралы ол – ақпараттық-насихат жұмыстарының тиімді жүргізілуі. Сондықтан әрбір бізге жеткен ақпаратты айналамыздағы дос-жаран, құрбы-құрдас, тума-туысқа және де оқырмандарға жеткізу маңызды.

Кітапхана қызметкерлерінің тарапынан қонақтарға бірнеше сұрақтар қойылған болатын. Соның ішінде жасөспірімдерді біз қалай қорғай аламыз, қазіргі мешіттер мен имандарға қаншалықты сенім білдіруге болады және де әлеуметтік желілердегі тарап жатқан ақпараттарды тыңдауға бола ма немесе т.б.

«Әрине, егер жасөспірімдер намаз оқуға, жалпы дінге қызығушылығы артса, бірден тыйым салудың қажеті жоқ. Өйткені жастар тыйым салған нәрсеге керісінше қызығушылығы арта беред және де психологиялық тұрғыдан да дәлелденген, егер адамның бір нәрсеге көңілі ауса, сол нәрсені істемей тынбайтындығы. Сондықтан біз қарсылық көрсеткен жағдайда, ол өзінің айналасында жүрген басқа ағымдағы адамдардың ақпаратына сеніп кетуі мүмкін. Керісінше біз оларға медресені, имамды, баратын мешітті өзіміз таңдап беруіміз керек немесе жетектеп апаруымыз керек. Сонда ғана біздің бақылауымызда болады.

Келесі сауалыңызға келетін болсақ, қазіргі таңда барлық мешіттер мен медреселер және имамдар ҚМДБ-ның рұқсатынан өтіп, тексерілген. Сондықтан кез келгеніне сенім білдіруге болады және де жекелеген мешіттер жоқ.

Интернет кеңістігінде жүрген кез келген діни ақпаратты сараптаған жөн. Ол үшін мемлекет мақұлдаған арнайы діни оқу орындарында оқыған ұстаздар мен мешіт имамдарынан сұрау. Айта кететін жайт тыңдауға тыйым салынған және тыңдауға кеңес берілмейтін діни уағызшыларды тыңдаудан сақтану қажет»,- деді теолог маман Медет Нұрлыбекұлы.

Әлеуметтік желілерде танымалдылыққа ие, уағыздарын тыңдауға рұқсат етілген уағызшылардың да тізімін ұсына кеткім келеді. Себебі әрбір алған діни ақпараттарыңыз дұрыс әрі, пайдалы болсын. Ендеше олардың қатарында Сансызбай Құрбанұлы, Арман Қуанышбаев, Бауыржан Әлиұлы, Ризабек Батталұлы, Еркінбек Шоқай, Асқар Мұқанов, Жарқын Мырзатай, Қабылбек Әліпбайұлы және т.б. бар.

«Иман – қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі,

Бөріге қой алдырмас ердің ері.

Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса,

Жоламас ешбір пәле, шайтан-пері»,- деп Шал ақын жырлағандай кез келген ағымның жетегінде еріп кете бермей, дәстүріміз бен дінімізді дәріптеп, кереғар ағымдар кесапатынан іргемізді аулақ салайық. Діни сауаттылығымызды арттырып, ақпарат аямызды кеңейтейік.

 

Төлегенова Айнұр Нұрсайынқызы

Сағи Жиенбаев атындағы

облыстық жасөспірімдер кітапханасының

жасөспірімдерге қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі.

Ақтөбе қаласы.