«Ел ауырын ер көтереді»
«Біздің батырлар – өзінің махаббаты мен күш-қуатын, тәжірибесі мен білімін, мүлкі мен қаражатын қоғамға риясыз ұсынатын еріктілер мен игі іс жасайтындар. Олардың барлығы – халықтың мақтанышы әрі үміті. Міне, осындай еңбек адамдары – еліміз бен мемлекетіміздің тірегі».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың
ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінен.
*«Жолан» атындағы мемлекеттік қызметшілер күніне арналған байқау.
*«Жолан жұлдызы» атты кітап.
*«Жолан жүйрігі» — Республикалық ат бәйгесі.
*«Халқымның бағы – менің бағым» муралы.
*«Жолан Омаров» атындағы көше.
Аталған құрметтің бәрі қысқа ғұмырының аз ғана уақытын Талғар ауданының әкімі болып, артына өлмейтұғын іс, өшпейтұғын өнеге қалдырған Омаров Жолан Ыбырайақынұлының (07.07.1979-27.07.2020 жж.) құрметіне арналған шаралар.
Елімізде балалар мен жасөспірімдер және жастардың үлгі етіп, өнеге тұтар тұлғалар туралы көп айтудамыз. Отансүйгіштік қасиетін жандүниесімен дәлелдеп, қысқа ғұмырын елі мен халқына арнаған жандардың есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Есімі ел есінде қалатын тұлғалардың бірі — Алматы облысы, Талғар ауданының әкімі болған Омаров Жолан Ыбырайақынұлы. Оның нағыз елін сүйген азамат екенін бағалаған халық жақсылығын айтып, рухына дұға бағыштауда. Халыққа соншалықты қалай жақын болған деген сұрақтарға жауап іздеп, Ж.Ы.Омаров туралы естеліктерімен бөлісу үшін Ахмет Әшімахунұлымен әңгімелескен едік.
А.Әшімахун – Алматы облысы әкімінің бас инспекторы, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы, Талғар ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Жолан Ыбырайақынұлымен бұрынғы Алматы облысы әкімшілігінен бастап бір сапта қызмет еткен. Талғар ауданында 9 ай әкіммен үзеңгілес жүріп, оның адамгершілік, іскерлік, кәсіби біліктілігінің куәсі болғанын бүгінде тебірене еске алып, осындай біртуар азаматтар бүгінгі жастардың идеалы – Жаңа Қазақстанның қаһарманы деп мақтан тұтар азамат Жоланның игі істерінен өнеге алса дейді.
Жастарымыздың өнеге тұтар тұлғасы Жоландай болса
Ахмет ӘШІМАХУНҰЛЫ, кәсіпкер.
— Қасым – Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деген Жолдауында Жаңа Әділетті Қазақстанды құру жолында жаңа қадам жасалғанын баяндады. Мемлекет басшысының айтқан қағидаларын бүгіннен бастап орындалуына білек сыбана кірісетін – жастарымыз. Оларға өз заманының «Елім!» — деп табанды еңбек етіп, қысқа ғұмырында қалдырған жастарының өнегесі жайлы айтып, тәрбиелегеніміз артық болмайды деп айтар едім. Ғасырлар бойы «Тәуелсіздік» орнатамыз деп найзаның ұшы, білектің күшімен талай жауды жеңіп, қаншама кедергілерден жаңылыспай өтіп, бүгінгі күнге жеткізген батыр, ержүрек, Отан үшін жан аямаған қаһарман бабаларымыздың жалғасы деп кімдерді атаймыз дегенімізде, бүгінде олардың қатарында Ж.Омаровтың есімін атаймыз. Аудан басқарудағы мақсатына жетудегі шынайы болмысын айта аламыз.
Халықымыз «Таудан арқасы бардың, тастан жүрегі бар» — дейді. Жоланды нағыз осындай жастығына қарамастан шыңдалған азамат. Ғұмырының қысқа болғанына қарамастан қалдырған өнегесінен қай саланың болмасын жастары үлгі ала білсін деген ниетпен іскерлігін, басшылық қызметке адалдығын және оған өте жауапкершілікпен қарайтынын, өз ісін жанынан артық жақсы көретінін айтып отырмын.
Біліміне сай тәжірибесін, біліктілігін жас маман кезінде дәлелдей білді. Мен Алматы облысы әкімінің бас инспекторы, Жолан Алматы облысы әкімдігінің жер қатынастары басқармасының басшысы (08.2014-12.2017 жж.) қызметтерін қатар атқардық. Облыстың экс-әкімі Баталов Амандық Ғаббасұлы Жоланға облыстың жер-кадастрлық картасын жасауды тапсырды. Бұл айтарлықтай оңай шаруа емес. Күн-түн демей, тапсырманы қысқа мерзімде Заңға сәйкес орындап, басқарма басшысы ретінде облыстың жер-кадастрлық картасын жасап шықты. Тапсырманы дер кезінде орындап шыққаны туралы Президентке есеп берді. Республика облыстарының ішінде алғашқылардың бірі болып, тапсырманы орындап, суырылып алға шыққан жас басшыға сүйсінгендер аз болмады.
Жер кадастры — мемлекет аумағындағы жер ресурстарының табиғи және шаруашылық жағдайы мен оларды бағалау туралы мәліметтер жүйесі. Жер телімдерінің орналасқан жері, нысаны, пайдаланылуы, ауданы мен шекарасы, сапалық сипаттамасы, жер пайдалану есебі мен жер телімдерін бағалау Жер кадастрының мәліметтері жүйесіне кіреді. Мемлекеттік Жер кадастрының деректері жерді пайдалану мен қорғауды жоспарлаған, жерге орналастырған, шаруашылық қызметін бағалаған, жерді пайдалану мен қорғауға байланысты басқа да шараларды жүзеге асырған кезде сүйенетін негіз болып табылады.
2016 жылы мені Талғар ауданы әкімінің аппарат басшылығына тағайындады. Жолан Ыбырайақынұлы 2017 жылы Кеген, Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес аудан бөлінгенде Райымбек ауданының әкімі болып, шекаралық аймақтағы ауданды қайта түлетуге кірісіп кетті.
«Халықпен жұмыс бір сәтке тоқтамасын»
Бұл – Жоланның аудан басқарудағы негізгі қағидасы. Талғар ауданына 2019 жылдың қыркүйек айында әкім болып тағайындалды. Аудан орталығы түгілі, ауылдарды аралап, тұрғындармен сөйлесіп, әр мәселені тыңдады. Орындалмай жатқан мәселелерге жауапкершілікпен қарамай отырған жауапты басшыларды аяғынан тік тұрғызды. Аппарат басшысы ретінде маған түн болсын, таңсәрі болсын хабарласып, кешегі істің дереу орындалуын қадағалауымды тапсыратын. Кейіннен өзімен бірге жүретінмін. Кейде «Ұйықтамайтын адам ба?» — дейтінбіз. Өз ісінің нағыз шебері. Оған аудан аманат етіп тапсырылды. Аманатқа қиянат жасамай, халықтың жанайқайына қатты көңіл бөлді. Алдағы 5-10 жылға жоспар құрып, соның алғашқы баспалдақтарын ретке келтіре бастаған еді…
Аудан бюджетін есептеп, келесі жылға бекіту мәселесі – әкімнің маңызды істерінің бірі. Бюджет есебі — бюджеттің атқарылуына және бюджеттік мекемелер шығысының сметаларына бухгалтерлік есеп жүргізу, шаруа- шылық есебі бірыңғай жүйесінің құрамдас бөлігі. Бюджеттік есеп барлық деңгейдегі бюджеттердің атқарылуы барысы туралы ақпаратты жинаудың, тіркеудің, қорытындылаудың ғылыми негізделген жүйесі болып табылады. Яғни, аудан бойынша инфрақұрылымдық жұмыстар, құрылыс нысандары, мектепке жұмсалатын қаржы, айлық жалақы, басқа да шығындарға жұмсалатын қаражат. Бюджет есебін дұрыс есептеп, уақытында облысқа тапсырылмаса, келесі жылы атқарылатын жұмыстар кешігіп басталуы мүмкін. Басқа да қаржы жетіспеушілігі болады. Халық алдында орындалатын шаруалар кейінге шегіріліп, орындалмаған соң, арыз-шағым көбейеді. Жолан бұл істі де алдын ала жоспарлап, облыс бюджетіне жоспарды ұсынып қойған болатын.
«Тез қайтарғаннан не пайда?»
—Келесі қабылдауға бәрібір келеді. Одан да кеш болса да бүгін мәселесін тыңдаймыз,-дейтін. Бір күндік әкім қабылдауына 50 адам жазылса, соның бірін қайтармай, қабылдайтын.
Аудан әкімі осылай деп, апта сайын аудан әкімінің қабылдау күнін өткізетін. Уақытын кешікпей бастайтын. Қанша адам жазылды, соңына дейін уақытқа қарамай қабылдап, арызын тыңдап біткен соң да кабинетінен шықпай, тұрғындардың мәселесінің шынайылылығын зерттеу үшін ауылдарды аралап кететін. Тұрғындарға ең қажеті – жол, су, жарық, тұрғын үй кезегі, басқа да әлеуметтік салада орын алған кемшіліктер. Алдына келген адамдардың арыз-шағымдарды тыңдап, содан қорытынды шығару үшін орынбасарларына, бөлім басшыларына тапсырма беретін. Мәселенің орындалғаны туралы жазбаша ақпарат түскенде әр сөзді тексеріп, күмәнды тұсына нүкте қойып, қайта қарауға жіберетін.
Бірде арбадағы мүгедек адам есікті ашты. Соны көрген Жолан өзі барып, кабинетіне кіргізген соң қасына келіп отырып, арызын тыңдады. Айнала аудан әкімдігінің қызметкерлері отырмыз. Біреуіне «кіргіз» десе болады. Олай істемеді. Әкімнің қарапайымдылығы мен адамды алаламайтын қасиетін көрсетті. Мүгедектігі бар адам бірнеше жыл үй кезегінде тұрған. Алайда, аудан әкімшілігі тізіміндегі кезегі мүлде жоғалып кеткен.
—Үй кезегінде тұрғаныңызды дәлелдейтін қандай да бір құжатыңыз бар ма?- деп сұрады.
Анықтамасы бар екен, соны көрсетіп еді. Дереу сотқа шағымдануын сұрады. Соттың шешімі негізінде жеке қадағалауымен үй кезегіне тұрғызды. Сол кезде жаңа ықшамауданда 5 қабатты 6 көп пәтерлі үй пайдалануға дайын болған. Оның 3-і әлеуметтік нашар топтағы адамдарға бөлінді. Сол үйден пәтердің кілті әлгі адамға да тапсырылды.
—Өмірімде адам екенімді сезініп, әділдіктің барына сендім. Үйді мұншалықты тез аламын деп еш ойламадым, — деген азаматтың риза болғаны соншалық, қайта-қайта батасын берді. Басқа да кезекпен үйлі болған азаматтардың ризашылығы өз алдына. Есіктен еңсесі түсіп кірген көпбалалы аналар күліп шығатын және олардың арыздарының барлығы дерлік мүмкіндігінше орындалатын.
«Ұлт бренді – ұлттық нақыш»
Жолан Ыбырайақынұлы барлық істе ұлттық құндылықтарға баса назар аударды. Ана тілінде іс қағаздарын жазу, ана тілімізде сөйлеу мәселесін қатты қадағалады. Ұлттық құндылықтарымыздың сақталуына айрықша мән берді. Жаңа технологиялар жетістігімен халықты жақындастыру мақсатында облыс бойынша алғашқылардың бірі болып бірқатар ауданда жоқ «LED» экран орналастырды. Аудан орталығында, Тұздыбастау және Бесағаш ауылдарының мәдениет үйлерінде «LED» экран жұмыс істеп тұр. Мердігерлер деген бақылауды өте қажет ететін мекеме. Жол, су, жарық түсіру, ескірген дүниелерді жаңартуға байланысты конкурсқа қатысып, қаражат ұтып алған соң жұмысын бастауды қиындатып жібереді. Барлығы жауапсыз деп айта алмаймын. Негізінен сондай.
Инфрақұрылым саласы бойынша атқаратын шаруасына қажетті техникасы болмайды, жетіспейді. Оны басқа мекемеден жалға аламын дегенше уақыт зымырап өтіп кетеді. Халықтың талабындағы шаруалар дер кезінде орныдалмағандықтан, тұрғындардың ашу-ызасы көбейеді. Мәселенің шешілмегенін айтып, Ақпарат құралдарына жүгінеді. Ауданда сондай жұмысына сылбырлық танытқан мердігерлермен сөйлесіп, айлап тұрған жұмысын тез арада бастатып жібергенін көргенде, «Бұл өзі қандай азамат! Жүрегі аттың басындай екен»,- деп таң қала біз де міндетімізді ширата түсетінбіз.
«Ердің сыналар шағында, батылдықтың өнегесін көрсетті»
«Bek Air» әуе компаниясының ұшағы Қызылту ауылының маңына 2019 жылдың 27- желтоқсанында құлады. Ести сала онда кетті. Жауапты қызметкерлерді шақырып алып, дереу ұйымдастыру шараларын қолға алды. Төтенше жағдай кезінде жергілікті билік шатырлар құрып, сол маңда қызмет атқаратын құқық қорғау, дәрігерлер, эксперттер мен төтеншеліктерді ыстық тамақпен, аязды күнде жылыту мәселелерімен қамтамасыз етіп, қажетті дүниелерді жылдам тауып әкеліп, қажеттеі жағдайды жасап үлгерді. Және өзі сондағы әр іске басшылық жасап та, өз міндетіндегі басқа шаруаларды да атқарып үлгерді. Аудан әкімі Ж.Омаров бастаған мемлекеттік қызметкерлер аяғынан тік тұрып, жауапкершілігіндегі барлық шаруаны атқарды. Күніне 600 – ден астам адам тамақпен қамтамасыз етілді. Мұнда жергілікті тұрғындардың да көмегі орасан болды.
Әлемді жайлаған пандемия елімізге аяқ астынан жеткенде дайындықсыз отырған біздер шын мәнінде абдырап қалдық. Індетпен күресуді Жолан бірден қолына алып, ауданның қаламен, басқа ауылдармен, ауданмен қатынайтын жолдарына 31 пост қойып тастады. Онда қызмет кететін мамандардың да жағдайын жасап үлгерді. Карантинді сылтауратпай, баяғыша халықтың арасында жүрді. Орын алған мәселелерді дер кезінде шешті.
—Ел басына қиындық туған шақта, оларды қамықтыра алмаймыз,-деп бізге де талапты бұрынғыдан екі есе күшейтті.
Түн ортасына дейін жұмыс естіп, таңғы 5-тер шамасында маған хабарласып, менің құзіретімдегі мекеме басшыларына тапсырма беруімді айтатын.
Тоғыз ай аз уақыт, сол аз уақытта бауырлардай болып кеттік. Айтатын тапсырмасын қабағынан ұқтым десем, орынсыз мақтанғандық емес. Оған бір қараған адамға жүзі сұсты, қатал болып көрінетін. Шынтуайтында солай. Бұл оның қызметтік потреті, алайда қалжыңды жақсы көретін, көңілді жүретін. Кейде өзінің сәл де болса демалуы қажеттігін айтқанымда:
—Халық үшін жұмыс істеймін, кетсем артымнан сөз ермесін,-дейтін.
Ауданаралық коммуникациялар құрылысы, су құбырлары, оқушы санының көбеюіне байланысты үш ауысымды мектептер санын азайту, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді кезең-кезеңмен жоспарлап, атқарып келе жатқанда дәм-тұзы таусылды ма, кенеттен бақилық болды.
«Сүйер ұлың болса сүй, сүйінерге жарар ол»
Дана Абай Құнанбаев осы даналық сөзі Жолан Ыбырайақынұлындай біртуар азаматтарға арналған. Екі ауданда аудан басқарып, тұрғындар үшін мүмкіндігінше әлеуметтік мәселелерін реттей бастады. Халқы сүйінді. Соның дәлелі де бар. Арамыздан кетсе де, оның ісі өлмейтінін Ж. Омаровқа арналған игілікті істерден көреміз.
Еліміз бойынша маусым айының 23- і «Мемлекеттік қызметші» күні. Республика бойынша 2014 – жылдан аталып келеді. Биыл екінші рет «Халқымның бағы – өз бағым» атты Ж.Омаров атындағы мемлекеттік қызметшілер арасында байқау өткізілді. Алғашқысы – ауданда өтсе, биыл Алматы облысы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұйымдастыруымен облыстық деңгейде ұйымдастырылды.
Көпқабатты жаңа үйлердің бірінің қабырғасына Жолан Омаровқа арналған «Халқымның бағы – өз бағым!» атты мурал салынды.
Талғарддағы «Жаңа» аудан көшесіне Ж.Омаровтың есімі берілді.
Жолан айтқандай, Кеген, Райымбек, Талғар ауданы ғана емес, облыс халқы оның есімін құрметпен атап, атқарған істерін ескерусіз қалдырмай келед. 2018 жылы Жолан Омаров Райымбек ауданының Шалкөде жайлауында ат спортын дамыту мақсатында «Жетісу жүйрігі» бәйгесін өткізді. Сол бәйге «Жоланның жүйрігі» деп аталып, биыл шілде айында Шалкөдеде Республикалық аламан бәйге өтті. «Жолан жұлдызы» деген атпен кітап басылып, шықты.
«Ер есімі ел есінде» — деген осы – ау тегінде.
Естеліктерді жазып алған: Ж.Кучукова,
Республикалық Бас редакторлар клубының мүшесі
Дереккөзі: Akorda.kz, «Ана тілі» газеті.
Суреттер А.Әшімахунұлының жеке архивінен алынды.