Ерлан Қошанов Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165-жылдығына арналған іс-шараға қатысты
Павлодар облысы, 12 тамыз. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165-жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шараға қатысты.
Алқалы жиын Павлодар облысы Баянауыл ауданында өтті. Мәжіліс спикері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы халқымыздың ауыз әдебиетін, шежірелі тарихын және салт-дәстүрін жан-жақты зерделеп, ұлт руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Халықты өнер-білімге шақырған өлеңдер мен толғаулар, дастандар мен қиссалар жазып, төл әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтті. Ұлы ойшылдың мол мұрасы әлі де талай ұрпақтың қажетіне жарары сөзсіз. «Салған мені бейнетке ғылым-білім» деп ақынның өзі жырлағандай, терең таным мен телегей білімнің арқасында елге танымал болып, «Мәшһүр» атанған абызды ұлықтап, еңбектерін жұрттың жадында жаңғырту – баршамыздың ортақ парызымыз, – делінген Президент құттықтауында.
Ерлан Қошанов Ертіс-Баянауыл өлкесі ұлтымыздың тағдыры мен тарихына өшпес із қалдырған ұлы перзенттерді дүниеге әкелген киелі топырақ екенін атап өтті. Солардың бірі де, бірегейі – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Мәжіліс төрағасы ақын өлеңдері мен көсемсөзі қазақ руханиятының алтын қорынан ойып тұрып орын алатынын айтты. – Ол кезде заман қандай болғанын білеміз. Сол аласапыран уақыттың өзінде қаншама шежірені, дастан-қиссаларды, ертегілерді, айтыс үлгілерін көзінің майын тамызып отырып жинағаны ерлікке пара-пар, – деді Мәжіліс төрағасы.
Сөз соңында Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының есімі мен мол мұрасы халқымызбен бірге мәңгі жасай беретінін ерекше атап өтті. Мерейтой аясында облыста республикалық ақындар айтысы, жыршы-термешілер байқауы, көкпар, бәйге мен қазақ күресінен жарыс өтті.
Мәжілістің Баспасөз қызметі.
Суретті түсірген Ж.Жұмабеков
Ақпараткөзі: parlam.kz
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі