«Хогвартстан хат келмесе де, балалық шағым сонда өтті»

Әлемге әйгілі Гарри Поттер фильмі мені де айналып өтпеді. Қиындығы мен қызығы бір арнаға тоғысқан бұл туындыны көріп, кітаптарын оқу мені үлкен армандарға жетеледі. Гарри Поттер сериясын британдық жазушы J. K. Rowling жазған. 1997 жылы алғаш рет «Гарри Поттер және сиқырлы тас» кітабы жарық көрді. Ал фильмдері әлемдік прокатта 7,7 миллиард АҚШ долларынан астам табыс жинап, кино тарихындағы ең табысты жобалардың біріне айналды.
Балалық шағымды еске алсам, Гарри Поттердің сегіз сериясын қайта-қайта үзбей көрген өзімді көз алдыма елестетемін. Демалыс уақыты бастала салысымен, осы фильмді көруге асығатынмын. Хогвартс мектебі қиял әлемі болса да, маған шынайы өмірдің бір бөлшегіндей көрінетін. Ең қызығы — өзімнің сүйікті кейіпкеріммен туған күнімнің бірдей болуы маған ерекше қуаныш сыйлайды.
Бұл туындыдағы достық – ең маңызды құндылықтардың бірі. Harry Potter, Hermione Granger және Ron Weasley арасындағы берік байланыс – нағыз достықтың үлгісі. Олар қанша қиындық көрсе де, бір-бірін ешқашан тастамайды. Гермионаның білімге деген құштарлығы, Гарридің қайсарлығы және Ронның адалдығы мені кішкентай кезімнен тұлға ретінде қалыптасуыма әсер етті.
Сонымен қатар, Rubeus Hagrid бейнесі де ерекше орын алады. Хагрид – сырт келбеті қатал көрінгенімен, жүрегі жұмсақ, мейірімді жан. Ол Гарриді алғаш рет сиқыр әлемімен таныстырған адам ретінде есте қалады. Оның Гарриге деген шынайы қамқорлығы мен адалдығы – достықтың тағы бір жарқын көрінісі.
Гарридің өзі де ерекше тұлға. Ол – асыл текті, тағдыры ерекше кейіпкер болғанымен, ешқашан тәкаппарланбайды. Қарапайымдылығы, әділдігі және адамдарға деген жанашырлығы оны нағыз батыр етеді. Оның күші тек сиқырында емес, жүрегінде екенін түсінеміз.
Ал Lord Voldemort сынды қатыгез кейіпкердің бейнесі зұлымдықтың қандай болатынын көрсетсе, Severus Snape секілді күрделі тұлғалардың тағдыры адамды терең ойға жетелейді. Сырттай суық көрінгенімен, іштей Гарриге жанашыр болған Снейптің өмірі – бұл оқиғаның ең әсерлі бөліктерінің бірі.
Қазіргі балалар да бұл фильмге қызығушылық танытады. Дегенмен, бұрынғыдай ностальгиялық сезімдер қайта орала ма деген ой кейде мазалайды.
Бүгінгі таңда Гарри Поттер әлемі қайта жаңғыруда. Жаңа сериалдың алғашқы тизері жарық көріп, ол культтік сиқырлы дастанды толықтай қайта түсіруді мақсат етеді. Бұл жоба туралы көпшілік қызу талқылап жатыр, әсіресе актерлік құрамға қатысты пікірлер әртүрлі. Алайда, мен үшін балалық шақтағы кейіпкерлердің орны бөлек, сондықтан жаңа бейнелерді қабылдау оңай емес.
Қалай болғанда да, Гарри Поттер әлемі – менің балалық шағымның ең жарқын бөлігі. Ол мені қиялға жетелеп қана қоймай, армандауға, сенуге және достықты бағалауға үйретті. Шын мәнінде, бұл – балаларға үміт сыйлайтын ең үздік туындылардың бірі.
Асылжан НҰРЖАНҚЫЗЫ,
Абай облысы, Ақсуат ауданы,
«Көктүбек-мектеп-бөбейжай балабақша кешені»КММ 11-сынып оқушысы
Қолданылған дереккөздер:
https://ru.wikipedia.org/wiki/Гарри_Поттерhttps:
//massaget.kz/ol-kim-bl-ne/garri-potter-turalyi-filmder-kayda-tusrlgen-
https://www.kinopoisk.ru/media/news/
Суреттер:ЖИ





