«Күлкі өмірдің кілті»

«Тамашаның тарланы» Құдайберген Сұлтанбаевтың құнды дүниелері архив көрмесіне қойылды.

Есімі ел есінде қалаған тұлғалардың қолданылған заттарын отбасы, балалары архив қорына сақтауға өткізуде. Мұндай заттарға арнайы бұрыш беріліп, тұлғалардың заттары қойылуда. Жақында Алматы қалалық архивінде қор құраушы ҚР Халық артисі, «Тамашаның» тарланы Құдайберген Сұлтанбаевқа арналған «Күлкі өмірдің кілті» атты тарихи бұрыш ашылып, оның сахналық киімдері, алған наградалары мен ойнаған аспаптары қойылды. Бұл бұрышты әзірлеген мұражай қызметкері Гүлмира Түтбаева  мен Құдайберген Сұлтанбаевтың жары Дакен Сұлтанбаева.

Шараға еліміздің мәдениет-өнер қайраткерлері, замандастары, шәкірттері қатысты. «Қазақстанның Еңбек Ері» Асанәлі Әшімов әріптесі Құдайберген жайында әңгіме өрбітіп, театрда бірге жүрген сәттерін, спектакльге дайындық  кездерін еске алып, естелігімен бөлісті. Әйгілі өнерпаздың өмірі мен шығармашылығы туралы тамаша естеліктер айтылды. Арнайы бұрышқа сахна саңлағының салған суреттері де көрмеге қойылды. Қ.Сұлтанбаев өзінің қатарлас әртістердің суреттерін де тамаша салған екен. Осылайша өнері ел жадында қалған Қ.Сұлтанбаевтың шығармалары, фотолары мен жеке мүліктері архив қорына орналасты. Бұл бұрышты әзірлеген мұражай қызметкері Гүлмира Түтбаева  мен Құдайберген Сұлтанбаевтың жары Дакен Сұлтанбаева.

Қазақ халқына танымал ақын Шөмішбай Сариевтің де «Дүниені жалт қаратсам деп едім…» атты музей-бұрышы  архивтен орын алған екен. Мұнда ақынның бас-аяғы 135 жеке заты тапсырылыпты. Олардың арасында ақынның 30 шақты кітабы, киген киімдері мен қолданған жеке заттары бар. Шөмішбай Сариев халыққа кең тараған 300-ден аса ән сөздерінің авторы. Бұл жөнінде ақынның жары Жұмагүл Сариева айтып өтті.

Архив коллекциялары 40 мыңға тарта экспонаттарды құрайды. Олардың арасында бейнелеу өнерінің шығармалары, Қазақ этнографиясының бірегей жинағы, сондай-ақ қазір Алматыда тұратын әртүрлі  халық өкілдерінің этнографиясы, өнер адамдарының мәдени және тұрмыстық заттарының коллекциялары, фотосуреттері, құжаттары бар. Өнер адамдарынан Асанәлі Ашимов, композитор Ескендір Хасанғалиев, марқұм Мадина Ералиева, ақын, жазушы Рафаэль Ниязбековтердің өмірде қолданған заттары, құжаттары, марапаттары қойылған.

 

Априза АЙТБАЕВА,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Алматы