Әл-Фарабидің қала басшысына тән 12 қасиеті туралы айтқаны
Ғұлама «Қайырымды қала» трактатында «Қайырымды қала қолбасшысының елді қорғаудағы 12 ерекше қасиетіне тоқталады, оның негізгілері:
*көкірек көзі ояу;
* қиындықты жеңе білетін;
* нәпсіге берік;
* рухы биік;
*намысты, батыр болуы қажет» деп келтіреді.
Ғалымның пайымдауындағы 12 қасиет:
- Кішіпейілділік, қол ұшын беру:«Адам туралы айтсақ, оларды қосатын, байланыстыратын дәнекер тұтқа адамгершілік болып табылады. Сондықтан адамзат тегіне жататын болғандықтан, олар өзара бейбітшілікті, татулықты сақтаулары қажет». (Көбесов А. «Әл-Фараби мен Абайды қатар оқығанда: Зерттеу еңбегі» кітабынан, 10-б.)
- Адамгершілік-имандылық тәрбиесі туралы өнегесі:Мәрттік, жомарттық; (мінез-құлық туралы) «Біз мінез-құлық сапаларының абзалы да, оңбағаны да жүре келе пайда болады дейміз. Адамда қалыптасқан мінез-құлық болмаса, қарама-қарсы мінезқұлыққа өз еркімен көшіп кетуі мүмкін. Адамның белгілі бір мінез-құлыққа ие болуына немесе жақын жұғысудың арқасында бір мінез-құлықтан басқа бір мінез-құлыққа ауысуына себепші болатын нәрсе – әдет, ал әдет деп мен белгілі бір әрекеттің жиі және ұзақ уақыт қамтылуын айтамын. Мінез-құлықтың қалыптасуы жолдары өнер үйрену жолдары сияқты …» (Көбесов А. «Әл-Фараби мен Абайды қатар оқығанда: Зерттеу еңбегі» кітабынан, 12-б.)
- Қайырымды қала басшысының қасиеттері туралы:Қайырымды қаланың бірінші басшысы, ол – қайырымды халықтың басшысы және жер жүзін мекендейтін елдің басшысы. Өз бойында туа біткен он екі қасиетті ұштастырған адам ғана осындай бола алады. Біріншіден, бұл адамның мүшелері мүлде мінсіз болуға тиіс, бұл мүшелердің күші өздері атқаруға тиісті қызметті аяқтап шығу үшін мейлінше жақсы бейімделген болуы керек, сонда егер осы адам әлдебір мүшесінің жәрдемімен әлденедей бір іс істемек болса, ол мұны оп-оңай атқаратын болады; жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінетін, айтылған сөзді сөйлеушінің ойындағысындай және істің жай-жағдайына сәйкес ұғып алатын болуы керек; өзі түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, олардың ешқайсысын ұмытпайтын болуы керек. Әйтеуір бір заттың кішкене ғана белгісін байқаған кезде сол белгінің ишаратын іліп әкетерліктей алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі болуы шарт: Өткір сөз иесі және ойына түйгеннің бәрін айдан анық айтып бере алатын ділмар болуы шарт. Өнер-білімге құштар болу, оқып-үйренуден шаршап-шалдықпай, осыған жұмсалатын еңбектен қиналмайтын, бұған оңай жететін болу керек. Тағам қабылдағанда, сыр-сұхбат құруға келгенде қанағатшыл болу керек, жаратылысынан сауыққұмарлықтан аулақ болып, бұдан алатын ләззатқа жирене қарауы шарт. Шындық пен шыншыл адамдарды сүйіп, өтірік-жалған мен суайттарды жек көру керек. Жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын болуы шарт. Оның жаны жаратылысынан пасық істердің бәрінен жоғары болып, жаратылысынан игі істерге жақын болуы тиіс. Дирхем, динар атаулыға, жалған дүниенің басқа да белгілеріне жирене қарауы керек; жақындарына да, жат адамдарға да әділ болып, жұртты әділеттілікке баулып, әділетсіздіктен зардап шеккендердің залалын өтеп, жұрттың бәріне өз білігінше жақсылық пен ізгілік көрсетіп отыруы қажет. Әділ болуы керек, бірақ қыңыр болмауы керек, әділеттілік алдында мінез көрсетіп қасарыспау керек, бірақ әділетсіздік пен пасықтық атаулыға мүлде рақымсыз болуы шарт. Өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асырғанда қолдау көрсетіп, бұл ретте қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек. («Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясы. Құрастырған: Қалиев С.Қ., Аюбай К.Қ. Он томдық/ 3-том: Көне жазба мұралар тағылымы (б.з.б. І мыңжылдық – XV ғ. соңы)» кітабынан, 151-б.)
- Қайрат-жігер, ерлік, батырлық туралы:«Ерік күші дегеніміз – ең алдымен түйсіктен шығатын қалау, ол жанның талпынушы бөлігіне жатады, ал қабылдау болса сезімге жатады. Осыдан кейін жанның қиялдаушы бөлігі пайда болады, осының арқасында қалау пайда болады. Бірінші ерік күшінен кейін екінші ерік күші келеді. Екінші ерік күші қиялдан шығатын қалау болып табылады. Осы ерік күшінің арқасында адам жанның ақыл-парасатты бөлігінде әрекетшіл ақыл-парасат тудыратын алғашқы білімді қабылдай алады. Сол кезде адамда үшінші ерік күші пайда болады, басқаша айтқанда ойлау қабілетінен шығатын қалау туады. Бұл ерікпен таңдау деп аталады. Бұл нәрсе еш жағдайда да басқа жан-жануарға тән емес, тек қана адамға тән құбылыс және осының арқасында адам мақталатын, не датталатын, жақсы не жаман қылықтар жасайды, сол үшін не сый-құрмет көреді немесе керісінше болуы мүмкін. Алғашқы екі ерік күші ақыл-парасатсыз жануарларда болуы мүмкін. Ал егер ерік күшінің барлық түрі бірдей адамда болатын болса, онда ол, қайырымдылық пен зұлымдықты, жақсы мен жаманды ажырата алатын қабілетті болып, бақытқа талпына алады». («Әбу Насыр әл-Фараби. Таңдамалы трактаттары» кітабынан, 405-б.)
- Еңбек—өнертәрбиесі туралы өнегесі: Өз еңбегінің нәтижесін көру. «Қайсыбір салада оң нәтижеге жетуге қабілетті адамдар қабілеті жоқ адамдардың басшысы болады. Нәтижеге жетуге көбірек қабілеті бар адамдар қабілеті аз адамдарға басшы болады. Бұл адамдар тәрбиенің нәтижесінде қол жеткізген жақсы немесе кеңесші болу қабілетіне қарай ажыратылады. Жақсы басшылық жасап, жақсы ақылгөй болуға қабілеті бар адамдар осы нәрсеге қабілеті жоқ адамдарға басшы болады. Осы сияқты қайсыбір салада жақсы қасиеті бар адамдармен салыстырғанда жаратылысынан жетілмеген қасиеттері бар адамдар жақсы тәрбиенің арқасында, жаратылысынан өте абзал қасиеттері бар адамдардың тәрбиесін көрмегендермен салыстырғанда, анағұрлым лайықты адамдарға айналады. Қайсыбір салада неғұрлым жетілген, тәрбие көргендер соғұрлым кәміл емес тәрбие алғандарға басшы болады. Осындай жаратылысынан өзі бейім нәрсенің бәріне сәйкес тәрбие алғанда осы салада жаратылысынан тамаша қасиеті еш уақытта болмағандарға басшы бола алмайды, олар жаратылысынан тамаша қасиеті бар, бірақ тиісті тәрбие алмағандарға ғана немесе жеткілікті тәрбие алмағандарға ғана басшы бола алады.» («Әбу Насыр әл-Фараби. Таңдамалы трактаттары» кітабынан, 408-б.)
- Әдемі, шешен сөйлеу туралы:«Халықтар мен қалаларды ерікті түрде оқытып, үйрету үшін пайдаланатын адамдар – бойына ірі қасиеттер мен шешендік өнері дарыған адамдар». («Әбу Насыр әл-Фараби. Таңдамалы трактаттары» кітабынан, 452-б.)
- Табиғаттың таңғажайып көріністерін сипаттауы:«Ол денелерді, денелердегі заттарды, дүниені құрайтын дене тектерін және дүниені құшағына алған заттарды қарастырады. Тұтас алғанда бұлар – сезіммен қабылданатын заттары бар тектер, атап айтқанда: аспан денелері, онан соң жер, су, ауа, от, бу және тағы басқа, онан соң жер бетінде және жер қойнауында болатын тастар мен минералдар, бұдан кейін өсімдіктер, парасатсыз хайуандар, парасатты жандар әлемдері. Осы тектердің әрбір тектегі түрлері жөнінде зерттеуші болмысы мен болмыстың бастамалары жайлы білім алады». («Әбу Насыр әл-Фараби. Таңдамалы трактаттары» кітабынан, 439-б.)
- Ән, күйге үйрету, өнердегі әсемдік туралы:«Музыка асқақтардың арынын басатындығы, кемеліне келмегендерді кемелдендіретіндігі және өз шамасын білетіндерді өз дәрежесінде сақтайтындығы жағынан алғанда өте пайдалы болып табылады. Ол денсаулық үшін де пайдалы, өйткені тән ауырғанда, жан да ауырады, тән азап шеккенде, жан да күйзеледі. Сондықтан жағымды дыбыс көңілді көтеріп, жанды жадыратып, субстанцияға лайықты күш тудырып, тәнді кеселден арылтады». (Көбесов А. «Әл-Фараби мен Абайды қатар оқығанда: Зерттеу еңбегі» кітабынан, 30-б.)
- Табиғатты аялау туралы:«Табиғат» деген сөз арабтың «табиғ» деген сөзімен түбірлес, ол балауыз тақта немесе қағаздағы басылым, мөр, із, қалып деген ұғымды білдіреді. Ал мұның мәнісі барлық табиғат өзінің бітім-болмысын Алланың құдіретті күшінен алады және осы жасаушының жасау актысының басылымын, ізін, көрінісін өзіне сақтайды. Жасаудың бірінші актысы табиғаттың өзінде қайталанған. Бұл басылым, із Алланың әмірінің белгісі, бейнесі болып табылады. (Көбесов А. «Әл-Фараби мен Абайды қатар оқығанда: Зерттеу еңбегі» кітабынан, 48-б.)
- Ақыл-білімге үйрету туралы:«Білім, яғни ғылыми мұра қалдырған адам өлгеннен кейін өз қамы үшін ғана қарекет еткен адамнан қадірлі, білгіш, көреген болады, өйткені көп мал-мүлік ғылымға кесірін тигізеді. Сондықтан мұра қалдыру дүниауи қам-қарекетке қарағанда абзал да қадірлі, ол ғылымға кесірін тигізбейді. О дүниелік ғұмырда дәрежеге жетуге кедергі болмайды. Егер, бәлкім, ғылымның басқа адамдары, оның әріптестері бұл мұраны пайдаланса, ол оған өлгенге дейін де, өлгеннен кейін де игілік болады». (Көбесов А. «Әл-Фараби мен Абайды қатар оқығанда: Зерттеу еңбегі» кітабынан, 48-49 б.) «Әрекетшіл ақыл-парасат адамда алдымен жанның түйсіктенуші бөлігі қалыптасып, кейін онда түйсікпен байланысты болатын жанның талпынушы бөлігі дамып және ниет пен жирену қалыптасқаннан кейін ғана адамға әлгі білімдерді және ақылмен пайымдалатын мәндерді береді. Бұл білімдер – әуелгі біліммен және әуелгі ақылмен пайымдалатын мәндер» («Әбу Насыр әл-Фараби. Таңдамалы трактаттары» кітабынан, 405-б.).
- Әбу Насыр әл-Фараби адамның ақыл қуатына сенген:Ол «Ақыл туралы» трактатында адам ақылы жаратушы құдіретінің бір көрінісі деген. Ғылым, әл-Фарабидің айтуынша, ақылдың нәтижесі, оның екі түрі болады: теориялық және практикалық. Теориялық ғылымдар: логика, табиғаттану ғылымдары, метафизика, практикалық – этика мен саясат (Есім Ғ. «Фалсафа тарихы» кітабынан, 49-б.).
- Сөзге тапқырлық туралы:Сөзге тапқырлық – жақсы адамдық қасиет және мұның өзі әзілді орнымен пайдаланғанда болатын нәрсе. Адам өз өмірінде оқтын-оқтын демалуға тиісті, ал мұнда шектен тыс кетушілік жанға рахат немесе кеселсіз. Әзілдің көп айтылуы жанды рахатқа батырады. Әзілде тең ортасын ұстай білу сөзге тапқырлыққа жатады, шектен тыс көп әзіл мазақтаушылыққа соғады, ал мұның жетіспеуі әзілдің жоқтығына әкеп соқтырады. («Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясы. Құрастырған: Қалиев С.Қ., 35 Аюбай К.Қ. Он томдық. Т.3. Көне жазба мұралар тағылымы (б.з.б. І мыңжылдық – XV ғ. соңы)» кітабынан, 131-б.).
«Қайырымды қала», Әбу Насыр әл-Фараби.
ile-tany.kz
Суреттер: «Егемен Қазақстан», «Әдебиет порталы»,
«e-history.kz»cайттарынан алынды.