Әлемнің қаржы жүйесінің ұйытқысы − валюта.
Елімізде жыл сайын «Валюта күні» мерекесі 15 қарашада атап өтіледі. Бізге әр тиын, әр символ, әр нышан мемлекетіміздің өткені мен болашағын, оның дауысы мен тынысын жеткізеді. Валюта – бұл жай ғана сандық құндылық емес, ол күн сайын өзгеріп, елдің экономикалық және рухани беделін айқындайтын тірі ағза іспеттес.
1992 жылы 27 тамыз күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Қазақ валютасын дизайынын, үлгісін қоғамға танымал суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлелов еді. 1992 жылы теңге дизайнындағы сурет, символдың нұсқалары ұсынылып, қоғамда талданып, соңғы нұсқасы бекітілді. 1993 жылы алғашқы теңге Англияның «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылды. Теңгені елге тасымалдау үшін ИЛ-86 ұшақтары 18 мәрте қатынады. Төл валютамыздың алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жерасты қоймалары дайындалып, дәл осы қоймалардан ұлттық теңгеміз еліміздің барлық өңірлеріндегі банктерге жеткізілген еді. 1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. 1993 жылы 15 қарашада ҚР ұлттық валютасын айналымға енгізеді. Бұған дейін елімізде КСРО рублі қолданылып келген болатын.
Егемендік алғаннан кейін, еліміз өз экономикасын басқаруға мүмкіндік алу үшін ұлттық валюта енгізуді мақсат етті. Осылайша, бабаның қаны, ананың көз жасымен келген еліміздің өз валютасын шығару, оны қолдану арқылы экономикалық тұрақтылыққа қадам жасалды. Теңге айналымға енгізгелі бері мемлекетіміз қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізді деп ойлаймын.
Көптеген мемлекеттің валюталарында белгілі тұлғалардың суреттері бейнеленген. Бірақ жапон иенінде әдеттегідей саясаткерлер емес, мәдениет пен өнер қайраткерлерінің бейнелері қолданылады. Мысалы, 1000 иендік купюрада атақты жазушы Нацумэ Сосэки, ал 5000 иендік жазушы Итиё Хигутидің бейнелері бар. Бұл жапон халқының мәдени құндылықтарына деген құрметін білдіреді. Еліміздің теңгесінде ұлттың ұлы тұлғалары бейнеленген. Әрбір теңгеде бейнеленген тұлғалар, ұлттық өрнектер халқымыздың тарихи болмысын бейнелейді. «Киелі жерде кие бар»- демекші, теңге — еліміздің мәдени және рухани байлығының символы. Әбу Насыр әл-Фараби, Абай Құнанбаев секілді тұлғалар бейнеленген теңге – халықтың даналық пен білімге деген құрметін білдіреді. Теңгені құрметтеу – өзімізді,тарихымызды, ұрпағымызды құрметтеу.
Ұлттық, төл мерекеміз тұғырлы болсын!
Нұртілеу ТҰРЛЫБАЙ,
Алматы қаласы, Абай атындағы РММШ
11 «Б» сынып оқушысы.
Сурет.skc.kz