Ұлт ұстазы ізімен
Бүгінгі күні жастарға тәрбие беру, олардың бойындағы ұлттық құндылықтарды қастерлеуді үйрету, оған ерекше құрметпен қарау өзекті мәселеге айналды.Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай, біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек.
Әдебиетті тәрбие құралы дейтін болсақ, жас ұрпақты ұлтжандылыққа баулу, рухани жаңғыртудың басты алғышартында әрине, ұлт зиялыларын тану, Алаш арыстары мұраларын жаңғырту мәселесініңең алдыңғы шепте тұрары сөзсіз. Осы ретте “Ұстаз болу, яғни жақсы оқытушы болу үшін, оқытатыныңды да сүюің керек” деген ұлағатты сөз ойға оралады. Алаш арыстары туралы айтқанымызда, мұғалімдік қызмет жолын 1895 жылы Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінің ауыл, болыс училищелерінде берген Ахмет Байтұрсынұлының өнегесі айрықша атаймыз. Ұстаздық жолын мемлекеттік істерге арнаған тұлғаны ұлт ұстазы деп бағалаймыз.
Ана тілімізге, әдебиетімізге деген махаббатымыз оқушылардың жүрегіне жол табуы тиіс, оның болашағына сенім ұялата білу де біз үшін парыз. Қазақ тілі мәртебесін көтеруде, оқушыларды ғылымдыққа, оның ішінде әдебиеттану ғылымына, сөз өнеріне баулуда бізге үлкен жауапкершілік жүгі артылады.Көпке белгілі — ұлт санасын оятуда маңызға ие шығармалардың көбі сынға ұшырап, ұлтымыз рухани азды. Жетпіс жыл боданда тіліміз шұбатылып, орысша сөйлеп, орысша ойлау сәнге айналды. Бір өкініштісі – Егемен ел болдық дегеннің өзінде бұл қасіретті әлі ауыздықтай алмай келеміз. Рухы жүдеу, бойында жалындаған оты жана алмаған жастар көп. Тағылымы мол, қиын — қыстау заманнан сұрыпталып, адалдықтың ақ дәнінен нәр алған әдебиетіміз“өміршеңдігінен” айрылмаса екен деген үміт басым.
“Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры” аталатын ХХ ғасыр небір алыптарды әдебиет майданына әкеліп қосты. Ұлы Абай, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды біртуарлар бастаған көш Кеңес заманында сынға ұшырап, жойылудың аз — ақ алдында тұрды. Профессор Б. Кенжебаев «Бізде ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиетін менсінбеушiлік, жете бағаламаушылық болды; кейбір даурықпалар ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиеті идеялық, көркемдік дəрежесі төмен, ескішіл, ұлтшыл əдебиет, тіпті ХХ ғасыр басында бізде шын мағынасындағы əдебиет болған жоқ десті. Осыдан ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиетін зерттеп, бастыруға жете көңіл бөлінбеді», — дейді.
Шындық туын көтерген шығармалар толық зерттеліп, бағалануға тиіс еді. Алаш мұрасы Тәуелсіздікке қарай тәй— тәйлап қадам басқан шақта халқымен қайта қауышты. Ендігі кезекте біздің мақсатымыз әдебиетімізді қайта түлету, жаңа сатыға шығару болмақ. Осы ретте айта кеткен жөн, университет қабырғасында филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Абдиманұлының, филология ғылымдарының кандидаты, А. Байтұрсынұлы мұражай — үйі директоры Р. С. Имаханбеттің дәрістері Алаш мұрасын, Байтұрсынұлы мұрасын тануға, таным көкжиегімізді арттыруымызға түрткі болды.
Біз бұл екі тұлғаның Алаш әдебиетіне, жалпы ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіне сіңірген еңбектері бір төбе. Бағыт — бағдар беріп, ғылымдыққа деген махаббатымызды оятқан қара шаңырақ әл — Фараби атындағы ҚазҰУ білімімізді тәжірибе жүзінде шыңдаумақсатында Ахмет Байтұрсынұлы “Тіл — құрал” оқу —әдістемелік, ғылыми -зерттеу орталығынан өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігін ұсынды. Өндірістік тәжірибедегі жетекшіміздің талаптары әрбір студентті ізденуге, білуге ынталандырып тұрады. Он апталық тәжірибеміз аяқталуға шақ. Бірінші аптадаАлматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы музей — үйінің қалыптасу тарихы мен зал экспонаттары туралы мәлімет жинап, сараптамалық талдау жасасақ, екінші аптада«Ахмет Байтұрсынұлы» энциклопедиясымен жұмыс істеп, әрі пікір жазып оны топпен бірге талқыладық. Осылай он аптада он түрлі тапсырма орындап, «Ахметтану» ғылымына алғашқы қадамдарымызды бастық десек те болады.
Еліміздегі жоғары оқу орындарының қара шаңырағы — ҚазҰУ мүмкіндіктер мекені. “Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы”, «Ұстаз болу жүректің батылдығы» деген сөз текке айтылмаса керек. Өз заманында, яғни ХІ ғасыр бұрын әлемде «Екінші ұстаз» деген мәртебелі атқа ие болған шығыс философы атындағы Университет аудиториясында сабақ беретін оқытушыларымыздың біліктілігі, жас маман даярлаудағы мол тәжірибесінен үйрене отырып, әр ұстаздан алған тәлім, жаңаша ойлауға қабілетімізді шыңдау, кең ауқымды ойлауға үйреткен әдіс — тәсілдері өмірлік сабақ болды.
АМАНБЕК Г а у һ а р Дәулетқызы,
Әл — Фараби атындағы ҚазҰУ,
филология факультеті студенті.
ШОРТАНБАЙ Шоқан Амангелдіұлы,
Өндірістік тәжірибе жетекшісі.