ТОҚАЕВ  Қасым-Жомарт Кемелұлы,

Қазақстан Республикасының Президенті:

«Бұл – қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн. Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан күн. Бұл – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн. Халқымызда «Егемен болмай, ел болмас» деген сөз бар. Осыдан 33 жыл бұрын тарихи әділдік орнады. Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы маңызды құжат жұртымыздың азаттық алуына жол ашты. Ақжолтай құжат жұртымыздың талап-тілегіне сай жазылды, отаншыл азаматтардың ақыл-парасатының арқасында қабылданды. Олардың сын сағаттағы батылдығын нағыз ерлік деп бағалауға болады. Біз қазір Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Сондықтан өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беріп отыруымыз керек».

            (Еліміздің ең басты мейрамы –

Республика күнімен құттықтауынан).

      Ұлттық мереке қарсаңында еліміздің жаңа биіктерге көтерілуіне аянбай еңбек етіп, өнегелі ісімен танылған қоғам қайраткерлері, өнер адамдары мен жастары марапатталды.

Бұл игілікті іс Ақордадан бастау алып, еліміздің жоғары марапатына ие болған азаматтарына құрмет көрсету облыс, аудандарда да аталып өтті. Қарасай ауданында әр салада жемісті еңбек еткен ардагерлерге «Қарасай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

Көктуымыз әкелініп, Әнұранымыз шырқалған соң аудан әкімі Естенов Жасұлан Тоққожаұлы барша қазақстандықтарды басты меркемен құттықтап, игі тілектерін арнап, мерекенің маңызына тоқталды. Ел ертеңі үшін қарасайлықтардың алдында тұрған міндеттерге тоқталды. Ауданның кешегі өткен тарихына өшпестей қолтаңбаларын қалдырған ардагерлер бүгінде жастарды, балалар мен жасөспірімдерді «Әділетті Қазақстан» құруға баулып келе жатқан еңбегін атап өтті. Солардың қатарында «Қарасай ауданының құрметті азаматы» атағы берілген Көсемова Ақлима Рахымбердіқызы да бар.

Ұстаздың шәкірт тәрбиелеп, білім берудегі еңбегі ұшан-теңіз деуге болады. 1968 жылы қазіргі Шәкәрім атындағы Семей Университетін бітіріп, шәкіртке сапалы білім берді. 1980 жылы Алматы облысының Қарасай (бұрын Қаскелең ауданы деп аталды. — FSH) ауданына қоныс аударған соң, аудандық білім бөліміне әдіскер болып орналасты. Білім саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, Ана тіліміздің жанашыры  екенін өнегелі істерімен таныта білді.

Ақлима Рахымбердіқызының заңғар жазушы Мұхтар Әуезов жайында «Ұланғайыр даланың данышпаны» атты облыстық конфреренцияда жасаған баяндамасы жоғары бағаға ие болды. Мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен жазушыларға арналған іс-шараның аудан көлемінде ұйымдастырушы ұстаз ретінде  өткізген шығармашылық иесінің айтар тәжірибесі оарасан.

Мұрат Әуезов, қоғам қайраткері: «Сізге рақмет, басымды иемін», — деп алғыс айтқан.

Тұрсын Жұртбай, абай және әуезовтанушы ғалым: «Ақлима Көсемованың баяндамасынан кейін айтар сөз де қалмады», — деп ризашылығын білдірген.

Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі А.Көсемова «Бейбітшілік пен жасампаздыққа -20 жыл», «Менің Президентім» кітаптары мен 200 -ден астам мақаланың авторы. Аудан мектептерінде мұражай ашып, халқымыздың тарихы мен мәдениетінің шәкірттер арасында жаңғыруына қосқан өлшеусіз еңбегі лайықты бағасын алды. Құтты болсын!

                                                                                (Өз тілшімізден).

Суретті түсірген: Ақтоты Мырзабекқызы

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *