Мүмкін, мүмкін ана махаббаты шығар бұл
Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ
Ана
Құлайын деп бара жатам құлдырап,
Көңілім жүдеп, көзім алды бұлдырап,
Сол кезде бір ән естимін жақыннан,
Аққан бұлақ секілденген сылдырап.
Есім жиып, өз бойымды тік ұстап,
Тіршіліктің әуенімен тыныстап,
Сергимін де, сезім гүлін құлпыртам,
Кел дегендей болады бір күміс бақ..
Сөндім-ау деп, өлдім-ау деп ышқынып,
Қалған кезде бойымдағы күш бұғып,
Сөнбейсің деп дауыстайды анашым,
Мен орнымнан жығыламын үш тұрып.
Ойнап шығам содан кейін құрақтай,
Жарқылдаймын жүрегімді жылатпай,
Мүмкін,мүмкін ана махаббаты шығар бұл,
Мені сүйеп келе жатқан құлатпай.
Елтаңба
Қатар шапқан қос тұлпар,
Ай астында қазақ үй.
Қалықтаған жас сұңқар,
Шарықтаған таза күй.
Бұл таңбасы елімнің –
Елдігімнің белгісі.
Мұнда да бар ерлігім,
Мұнда да бар жер күші.
Қара шаңырақ – ел күні,
Асқақтатып тұр мұны.
Елтаңбасы – елдігім,
Елдің тыныш тірлігі.
Біздің ту
Айнымайды аспаннан
Біздің тудың бояуы.
Оны халық қашанда
Биікке іліп қояды.
Көк аспанда қызыл күн,
Көк аспанда жас қыран.
Естілгендей біздің үн
Сол ғарыштың астынан.
Жанатындай өзі отша,
Жалын шарпып бетіңді.
Туымыз да қазақша
Сөйлеп тұрған секілді.
Туымызға жас тұнған
Бір қарамай өтпейміз.
Сол көк тудың астында
Көгереміз, көктейміз!
Борыш
Лыпылдап түскеніммен жылдам көзге,
Мен жолдас таба алмадым жырдан өзге.
Қайғыны шабу керек қылышпенен,
Ай-күнің сені аялап тұрған кезде.
Арала дүниені ден сауында,
Бергені саған Құдай берсе ауылға.
Дайында қызыңа да жасауды ерте,
Тайын да көрсетіп қой асау ұлға.
Ұйқыдан жүр өзіңді кіл оятып,
Ойлану, ояу жүру — о да бақыт.
Әкелік борыш деген борышыңды
Ұмытып кетіп жүрме Құдай атып.
Жансың ба жаурағанға от беретін,
Жомарт бол аздың өзін көп көретін.
Ағалық борыш та бар атқаратын,
Бір өзің іні алдында өткеретін.
Қайғыны, бірге көрдік қуанышты,
Көгіне кеудемізден қыран ұшты.
Борыш бар азаматтық ел алдында,
Қалай да өтеу керек сол борышты.
Сәуір келгенде
Сәуір күні жаңбырлы ма, желді ме,
Қабағынан шуақ шашты келді де,
Алты ай қыста үйден шықпай отырған
Атама өзі жұмыс тауып берді де.
Бақ ішіне ертіп барды атамды,
Атам күннен таусылмайтын от алды.
Ауламызға егіп жатыр алма ағаш,
Алмаға бір тойдырам деп ботамды.
Ботасы мен алмаға бір тоймайтын,
Іші пысса, күшігімен ойнайтын,
Кәмпит те бар, өрік те көп, алма көп,
Атам бар да менің қамымды ойлайтын.
Өзі ақылшы, өзі қамқор, өзі бек,
Ботасына үйрететін сөзі көп.
Атам еккен ағаштарға су құйдым,
Жемістерін берсе екен деп тезірек.
Атаммен шөпке барғанда
Жаздың бір жақсы күні еді
Атаммен шөпке барғанда.
Еріді дала жүрегі
Торғайлар ән сап бар маңда.
Шын шаруа болсам, байыр ма ем,
Айтпай-ақ қойып ар жағын?
Арбаға шөпті айырмен
Жаймалап сала алмадым.
Демалған болдым бір уақ,
Сені уақыт күтіп жата ма?
Жерден де шөпті іліп ап,
Әпере алмадым атама.
Қасқиған жолдың даламен
Бетіме қонды бар шаңы.
Жақтырмай маған қарады,
Әбден-ақ атам шаршады.
Таңертең қойға ермеген
Тоқтыдай болдым көтерем.
Тесігін көрсем жердің мен,
Кіріп-ақ тіпті кетер ем.
Терледі, терең күрсінді,
Қиналды Тұмаш балапан.
«Не деген олақ итсің» деп,
Ұрысқан жоқ маған жан атам.
Данияр бала
Данияр отыр, міне, сурет қарап,
Ұшырып әкетердей көңіл қанат.
Қайтсем де туған елге апарам деп,
Бір батыр келе жатыр күнді арқалап.
Данияр сол суретке қарады да,
Қуаныш үйірілді қабағына.
Қызықтап көп отырды күн суретін,
Ұнатты күн көтерген баланы да.
Дүние жарылқанып тұр жасарып,
Үніне кең даланың үн қосалық.
Ұнады енесіне ерген бұзау,
Құлын да құлдилаған қырда шауып.
Ұмытып сыпайылық, парасатты,
Тал түсте қасқыр келіп қойға шапты.
Қасқырдың озбырлығын ұнатпады,
Журналдың Данияр бала бетін жапты.
Жайлау ғой мынау жарасқан
Жайлау ғой мынау жарасқан
Арал – төбе бауыры.
Төбеден неге әрі асқан
Сәулешімнің ауылы
Төбеден төмен қараймын
Ақ үйлер қатар тігілген.
Көрінші көзге, арайлым,
Көрінші, іздеп тұрмын мен.
Болмаса егер бұл төбе,
Көрші ғой ауыл тым жақын.
Кеше де, мейлі, ерте де
Өзіңді көріп тұратын.
Тілегім неткен көп еді,
Жүрегім тұр ғой от алып.
Осынау тұрған төбені
Тастар ма еді қопарып!
Bilim-all.kz