Мақсатпен өрілген еңбек

Еліміздің мәдениеті мен өнерінің дамуында өңір зиялылары да халық игілігіне қызмет етуде зор үлес қосып келеді. Қазақта «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген нақыл бар.

Осы сөзімді Ақтөбе облысының мәдениеті мен өнерінің өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп қана қоймай, ақыл-кеңесін айтып отыратын Еркін Жолмырзаұлына арнап айтсақ қателеспейміз.

Еркін Жолмырзаұлы 1944 жылы 13 қарашада Байғанин ауданы Жарқамыс ауылында дүниеге келген. «Адам туған топырағына тар­тып туады» деген бар. Жарқамысты «Жазушылар одағының филиалы» деп те атайды. Қазақ әдебеиетінің ірі қаламгерлерінің, өр тұлғаларының осы өлкеден шығуы сол теңеуге себеп болып отыр. Еркін Жолмырзаұлы да сол өңірден шыққан тұлға. Ол 1961 жылы Қарауылкелдідегі орта мектепті үздік бі­ті­рісімен Гурьев педагогикалық институтының тарих-филология факультетіне түсіп, «Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітіріп шығады.

«Туған жерге туыңды тік» деген­дей, Еркін Жолмырзаұлы мамандық алғаннан кейін туған ауылына табан тіреп, еңбек жолын өзі бітірген мектептен бастап, 1967 жылы 23 жасында Ақтөбе облыстық комсомол комитетінің лекторлар тобының ең жас меңгерушісі, хатшысы болып жұмыс істеді. Іскерлік пен қабілеттілігінің арқасында 1991 жылға дейін партия комитетінің нұсқаушысы, консультанты, архив меңгерушісі қызметінде саяси ғана емес, мәдени-спорт шараларына көңіл бөліп, ұйымдастырды.

Ал 1991-2010 жылдары Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, бастығы, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры қызметінде қарапайымдылық пен адамгершілікті ту еткен кәсіби қабілеттіліктің үлгісін көрсете білді. Еркін Жолмырзаұлының мәдениет саласын­дағы өміршең бастамалары мен көптеген өзекті мәселелері жұмыстың көрігін қыздырып, олардың оң шешімін табуына деген ықпалы, қол жеткізген жемісті жетістіктері — өз алдына бөлек әңгіме. Облыстың мәдени мекемелеріне, Астанадағы көше атауына халқымызға танымал ақын-жазушылар мен өнер тұлғаларының есімдерінің берілуіне тер төкті.

2000 жылы Еркін Жолмырзаұлының ұсынысымен Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасына ақын Сағи Жиенбаевтың есімінің берілуі – біз үшін мақтаныш. Кітапхана қорын то­лық­­тыруға үлес қосу мақсатында 1000-нан астам кітап сыйлады.

Туған өлкенің патриоты ретінде Еркін Жолмырзаұлының шығармашылығының басты бағыты мен оның халыққа танымал ең­бектерінің басым бөлігі еліміздің тарихи тұлғалары мен өңіріміздің  мақтаныштары Ахмет Жұбанов, Тахауи Ахтанов, Бәкір Тәжібаев, Нұрсұлу Тапалова, Сағи Жиенбаев, Сақтаған Бәйішев, Молдабай, Айса Байтабынов т.б. халық мәдениеті мен ғылымына қос­қан қомақты үлесі мен сіңірген еңбектері төңірегінде қалам тартып, ма­қалаларын баспасөз беттерінде жариялап келеді. Бұл — Еркін Жолмырзаұлының қоғамдық, мәдени-педагогикалық қызметі жолындағы еңбегінің бір парағы ғана.

Қазақтың «Ердің атын еңбек шығарады» деген нақыл сөзі орынды айтылған. Әрбір адам еңбегінің арқасында ғана жетістікке жетіп, белестерді бағындырады. Соның бір дәлелі – Еркін Жолмырзаұлының еңбек жолы.  Сан жылғы тынымсыз еңбек, төккен тер тегін кетпеді. Кеңес кезеңінде де, Тәуел­сіз­дік жылдары да түрлі төсбелгілер және алғыс хаттар­мен марапатталды. Атап айтсақ, ҚР Мәдениет саласының қайраткері, Байғанин ауданының Құрметті азаматы, Ақтөбе облысының Құрметті азаматы сынды мара­паттары өңірдің абыройын көтерді. Бұл  бір бөлігі ғана демекпіз.

Өңір мәдениетінің да­муы­на, сіңір­ген зор еңбегі ескеріліп, «Құрмет» орденінің иегері атанды.

Бұған қоса Еркін Жолмырзаұлы қоғамдық-мәдени жұмысқа белсене араласып, азаматтық ұс­та­нымынан айнымай, ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісіп келеді. Адам баласының көңілін қалдырмайтын кішіпейіл мінезі, елге болсын дейтін ұстанымы, оның тұлғасын асқақтатып, қадірлі аға, қайраткер, деңгейіне көтерді. Игі ісі мен сөзі, болмыс-бітімі өнеге.

Еркін Жолмырзаұлының мерейі жасынан аға толқынның, өзін мәпелеп өсірген ата-анасының алғысы мен батасын алғанының жемісі деп есептеймін.

Мәдениет май­талманы Еркін Жолмырзаұлына зор ден­саулық, отбасына амандық, шы­ғармашылық өміріне қажымас қай­рат, сарқылмас шабыт тілеймін!

Гүлнар СЕЙТАЛИНА,

 С.Жиенбаев атындағы облыстық

жасөспірімдер кітапханасының директоры.

Ақтөбе қаласы