Мамандығым — өмірімнің айнасы

«Мектептің тірегі де, жүрегі де – ұстаз». 

Мағжан Жұмабаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл наурыз айында Атырау облысында, Жайықтың жағасында өткізген  Ұлттық құрылтайдың «Адал адам — Адал еңбек — Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана — сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек», — деп алдымызға келелі міндет қойды.

Бұл міндет – бәрінен бұрын мектепте бастауыш сыныпты оқытатын мұғалімге жүктелетіні айтпаса да белгілі. Баланың кішкентайынан тұлға болып қалыптасуы үшін көшбасшылық қабілетке ие болуы отбасында басталады. Одан кейін балабақшада білгендерін дамытады. Бастауыш сыныпқа келгенде, жадында білімнің негізі қалана бастайды. Ұстаз алдында отырған бүлдіршіндердің жандүниесіне адами қасиеттер мен ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, жасампаздық пен жаңашылдыққа ұмтылатын, Отанына, халқына жанашыр жауапкершілік пен әділдіктен ат11амайтын азамат тәрбиелеуге міндетті. Яғни, мамандыққа адал болатын шәкірттердің ұстазы да бар өнегелі істерімен, біліктілігімен, көркем мінезімен адалдыққа жаны жақын тұлға болуы қажет.

     Жақында ауданда өткен бір жиналыста қасыма бір жас мұғалім келіп, амандасты да:

—Апай, сіз еш өзгермепсіз. Маған сіздің осы кейпіңіз қатты ұнайтын. Жолыңызды қуып, бастауыш сынып мұғалімі болдым, — деп құшақтай алғаны. Кәдімгідей марқайып қалдым. Өзімнің де алғашқы ұстазым есіме түсті. Мектеп табалдырығын аттаған сәтте алғашқы ұстазымыз — Машаева Баян Бәделқызынан білім алдық. Бірінші сыныпта көп нәрсені аңғармадым. Екінші, үшінші сыныптарда Баян ұстазымыздың оқушылармен сөйлескені, бізбен бірге ән айтып, кесте тіккені, ұлдарды  ұлттық қолөнер түрлеріне үйреткені ерекше әсер қалдыра бастады. Шәкірттерімен бірге билеп жүріп, бастауыш сыныпты бітіргенімізде, ата – аналарымыздан қаншама алғыс алғанының куәсі болдық. Менің бүгінгі ұстаз мамандығын таңдап, бастауыш сынып мұғалімі болып, бала оқытуыма  қызығушылығымды оятқан өзімнің бастауыштағы ұстазым Машаева Баян Бәделқызықызына алғысым шексіз. Қазір ұстазымыз о дүниелік болып кеткендіктен рухына дұға бағыштаймын.

—Баян, адам баласы өмірінде ең алдымен мамандық таңдауда адаспауы керек. Жүрегін тыңдауы керек. Заман ілгерілеп, жылдар жылжыған сайын білім беру саласы жаңалықтармен толығатыны заңдылық.  Қай мамандықты таңдасаң да өзің білесің. Меніңше, сенің ұстаз болғаның дұрыс. Маған қатты еліктейтініңді, ұқсағың келетін білемін, — деген еді.  Мектептің жоғары сыныптарында оқып жүргенімде, «Менің жолымды жалғайтын шәкіртім бар», — мақтанышпен айтатын.

                                                                                                                               Б.С.Аюпова — «Үздік бастауыш сынып мұғалімі» байқауының Бас жүлде мегері

Атырау облысы, Исатай ауданы, Тұшықұдық ауылындағы жалпы білім беретін Ж. Мырзағалиев атындағы орта мектептің 11 – сыныбын тәмамдап,  2004 жылы Атырау облысындағы Қ. Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжіне түстім. Колледжді ойдағыдай бітіріп, мектепке ұстаз болып орналастым.  Халел Досмухамедов атындағы Атырау Мемлекеттік университетін 2008 – 2012 жылдары бітірдім. Жоғары білімімді одан әрі жетілдіру мақсатында оқуымды жалғастырып, магистр атандым.

Бастауыш сыныпты қабылдап алғаннан кейінгі алғашқы сабақ, алғашқы толқулар, ата – анамен сөйлесу, мектептегі ұстаз ұжымымен араласып кету. Бір қорқыныш пен бір үміт. Шәкірттеріме лайықты білім бере аламын ба? Білім сапасын көрсетілген деңгейіне жеткізе аламын ба деген қобалжулар артта қалды. Десемде, әр төрт жылдан соң бастауыш сынып оқушыларымен қауышқанда, алдымнан алғашқы сабақ берген кездегідей қобалжу болмайды деп айта алмаймын.

     Бастауыш сынып оқушысының білімінің мықты іргетасының қалануына ұстаздан бетер үлес қосатын ата-ана. Көптеген ата – аналар бағдарламаны түсіне алмайтынын, математика есептері қиын екенін айтады. Олардың айтқан мәселесін  шешіп, қиын деген дүниелерді оңайлатудың жолын ұстаз бен ата – ана бірлесіп іздеп, жол таба білгенде ғана жайлы орта қалыптасады. Жасы 7 – дегі оқушыдан көп нәрсе талап етудің қажеті жоқ. Мейлінше, бастауыш сыныптың бағдарламасын дұрыс меңгеріп кетуіне мүмкіндік жасау қажет. Ата – ана  ұл – қызына, ұстаз шәкіртіне «жоқ», «болмайды», «сенің қолыңнан келмейді», «білмейсің» деген сөздерді айтпауы керек. Керісінше, «сен күштісің», «сен бәрін білесің», «Жарайсың!»,  «Бәрекелді!» — деген қолдауларды көп айтқаны дұ

   Шәкірттерге білім беріп, тәрбиелеуде мектеп ұжымындағы мұғалімдер арасында өзара сыйластық, түсіністік пен бірлік орнаған кезде алынбайтын белес болмайды. Ұйымшылдық орнаған ортада жаңашылдық, білім деңгейінің сапасы, оқушылардың білімдегі, спорт пен өнердегі жетістіктері  бірден байқалады. Бұл орайда, мектебіміздің директоры Исмагулова Табила Игібайқызының білім беру саласындағы еңбегі орасан деп айтар едім.

Бастауыш сынып мұғаліміне басқа пән мұғалімдерімен салыстырғанда жүктелетін міндет те жоғары. Барлық пәндер мен тәрбие негізі, баланың қабілетінің қалыптасуы, бастауыш сыныпқа арналған пәндерді меңгеріп, ойын еркін, ашық жеткізе білуге дейін шәкіртіне білім беріп, тәрбиелеу өте қиын екенін ұстаздық ете жүріп біліп келемін. Ел ертеңі – жас буын бастауыш сыныпта қалай білім алса, орта буын, жоғары сыныпта сол үрдіспен жүретінін де байқадым. Жас ұланға «Әліппені» жатқызып, «Ана тілі», математика, табиғаттану, сурет пәнін оқыта білуі үшін ұстазға терең білім керек. Бүгін таңда әр сабақты жаңа технологиялар жаңалықтарымен үйлестіріп, жаңа бағдарламаларды игертуде бастауыш сынып оқушыларының алғырлығы, тіл тазалығын сақтап, көркем сөйлеуді үйренуге талпындырып, сабаққа қатысуын бағалап, білімге деген құштарлығын арттыру – талмай ізденуді талап етеді.

Ұстаз еңбегінің жемісі  – шәкірті шыққан белеспен өлшенеді. Менің оқушыларымның жетістігі айтарлықтай. Биылғы «Ақбота» білім марафонына қатысқан Қамбарқызы Е.; Сағидолла Е.; Әділбек Е.; Шалхар С.; Әділбек И.; Нұрман А.; Тлекқабыл А. ІІ – орынға, Жанқожа А. 3 – орынға ие болып, марапатталды. Әділхан Ш. мектепішілік өткен «Зерде» оқушыларының ғылыми сайысынан І – орын алып, аудандық сайыстан  ІІІ – орынды иеленді. Өзім де білімімді жетілдіріп, бастауышта оқытудың жаңа тәжірибелері мен жаңалықтарды пайдаланып келемін. Бір қарағанда бастауыш сыныпты оқыту аса көп ізденісті талап етпейтін, бір ізбен оқыта берілетіндей көрінетіні рас. Алайда, бастауыш сынып мұғалімі үздіксіз ізденіс үстінде жүру керектігін уақыттың өзі міндеттеп отыр.

Еліміздің Оқу – ағарту министрлігі бағдарламалары негізінде өтетін мектепішілік, аудандық, облыстық сайыстарға, оқуларға қатысып келемін. Мұндай шаралардың ұстаз үшін пайдасы көп. Атап айтқанда, 2019 жылы аудандық  педагогикалық  оқулардан І – орын, облыста өткен педагогикалық оқуларға қатысып, ІІІ – орын иелендім. 2019 жылы  аудандық үздік бастауыш сынып мұғалімдері арасында өткен байқаудан бас жүлдеге ие болдым. «Ы. Алтынсарин ұлы ұстаз» атты  сайысқа қатысып, еңбегім І – орынға лайық бағаланды. Ұстаз білімін шыңдайтын байқаулар мен сайыстар. Мақсатым осы жетістіктермен шектеліп қалмай, үнемі іздене беру.

                                                                                                                                                                                                                                      АЮПОВА Баян Салихатовна,

Атырау облысы, Исатай ауданы,

Тұшықұдық ауылындағы «Жалпы

білім беретін Ж. Мырзағалиев атындағы

мектеп» КММ. Бастауыш сынып мұғалімі.

Педагог – зерттеуші. Магистр