Мектеп болашағы: «жаңашыл ұстаз, сапалы білім, адал ұрпақ»
Қасым-Жомарт Тоқаев,
Қазақстан Республикасының Президенті:
«Жасанды интеллект саласында маман тапшылығы бар екенін білесіздер. Бұл мәселені тез арада шешу қажет. Бізге өскелең ұрпақтың жаңа цифрлық технологияны еркін меңгергені керек. Сол үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы білім бағдарламаларын қайта қарау қажет. Әсіресе жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін үйренуге баса мән берілуге тиіс».
Мемлекет басшысы айтқан өскелең ұрпақ мектепте білім алып келеді. Болашақта, бүгінгі дамып келе жатқан жаңа технологиялардың жаңа қырлары мен жасанды интеллекті пайдалана отырып, ғылым жетістігіне қол жеткізетін ұрпақ – мектепте тәрбиеленуде. Еліміз мектептерінің оқушылары негізінен әр пән бойынша өткен сабақтарын жаңа технологияларды пайдалана отырып, тәжірибе сабақтарын, белгілі бір жетістігімен қуантып келе жатқанына тәнтіміз. Бұл жетістік әр шәкірттің қызығушылығын арттырып, сабақта өткен тақырыптарына сүйене отырып, жаңашыл бағытты бағындыруға жол ашып отырған креативті, жасампаздыққа ұмтылған ұстаздардың өлшеусіз еңбегінің жемісі дейміз.
Үнемі алға ұмтылып, мектеп мәртебесін өсіруді ойлаған Алматы қаласындағы №182 мектептің ұстаздары жаңа белесті бағындыруды мақсат етіп, мектептерінен әріптестестерін арнайы шақырып, «Мектеп болашағы: «жаңашыл ұстаз, сапалы білім, адал ұрпақ» — атты қалалық семинар өткізіп, шәкірттерінің жетістіктерімен таныстырды. Семинардың мақсаты, мектепті «Гимназия» мәртебесіне көтеру. Гимназия – жалпы орта білім беретін оқу орыны. Оқушыларды олардың бейімділігіне сәйкес тереңдетіп, сала бойынша, дифференциациялы оқытуды көздейтін негізгі және қосалқы жалпы білім беретін бағдарламаларды жүзеге асырады. Гимназияның өз заң қағидалары бар. Алғашқы гимназия 1538 жылы Страсбург қаласында (Франция) ұйымдастырылды.
Гимназияда білім беретін мұғалімдер шәкірттеріне әр пән бойынша тереңдетілген білім береді. Жаңа білім белесіне көтерілу үшін, ең алдымен мектептің материалдық базасы талапқа сай, жаңа технологиялар жаңалықтарын меңгеріп, нәтижеге жету үшін оған қажетті құрал – жабдықтар, көрнекілік құралдары тапшылығы болмауы керек.
Семинар басталарда мектеп директоры Нұрғазы Әсет Бекбосынұлы қала мектептерінен келген директорлар мен мұғалімдерге семинар туралы айтып өтті. Одан кейін тәжірибе бөлісуге келген ұстаздар арнайы сынып кабинеттеріне кіріп, 14 пән бірлестігі дайындаған сабақтарды тыңдады. Оқушылар оқу жылы бойы игерген сабақтар бойынща жасаған тәжірибелері мен жасанды интелектті пайдалану арқылы жасаған жаңалықтарымен бөлісті. Арнайы заманауи құралдарды, көрнекіліктерді өте көп пайдаланған. Пән бірлестігі жетекшілері жеткен жетістіктері туралы әңгімеледі. Жалпы білім беретін мектептен гимназияға өту үшін мектеп әкімшілігі мен ұстаздар оқушыларын 3 жыл бойы экспериментальды білім алаңында тәжірибеден өткізіп, бағдарламаны игеруге білімі мен біліктіліктерін жұмсады. Білім беру саласындағы жаңашылдыққа ұмтылған мектептің тәжірибе алаңында өткізген сабақтары, дайындықтары мәресіне жетіп, қорытындысын көпшілікке ұсынды.
ҚР «Құрметті азаматы» және «Құрметті Ардагер» Мәли Жапақұлы, Алматы қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі бөлімінің әдіскері Бигалиева Айман Советқызы, Алматы қаласы «Педагогикалық шеберлік орталығының» төрағасы, Педагогика ғылымдарының кандидаты Асубаев Берік Құттыбайұлы, қала мектептерінен келген мектеп директорлары, ұстаздары семинар туралы ойларын ортаға салды. Пікірлерімен бөлісті.
Алматы қаласы, Алатау ауданындағы №182 жалпы білім беретін мектептің ашылғанына 10 жылдық мерекесі қарсаңында өтіп жатқан шараларды бағалады. Алдағы уақытқа қолға алған осынау игі істің орындалуын тілектестіктерін білдірді. Болашақтың ғалымдары мен өз ісінің шеберлерін мектеп қабырғасында тәрбиелеп, білім беріп келе жатқан ұстаздарға шығармашылық табыс тіледі.
Ж.КУЧУКОВА,
Республикалық «Farabi shakirti» журналы мен сайтының
Бас редакторы