Ұмытылмас сапар:Қиын-Керіш шатқалында

Шамамен төрт-бес жыл бұрын мектебіміз ең үздік сынып атанған бізге Қиын-Керіш шатқалына жолдама ұсынған еді. Жазғы демалысқа шыққан соң, барлығымыз бірден бас қосып, сол шатқалға аттанатын болып шештік. Ауыл тұрғындарынан азды-кем естігеніміз бойынша, бұл шатқалды «жердегі Марс» деп те атайды екен. Көкейімізді тесіп, көзімізді қызықтырып бара жатқан орынға жетуге асыға түстік.
Бір кезде ойлы-қырлы жерлермен жүріп келе жатыр едік, кенет жүргізуші ағамыз: «Ары қарай жол жоқ, түсіп жаяу барамыз», — деді. Біз елең ете қалдық. Айналамызға қарасақ, расында да өзге планетада жүргендейміз. Жетекшімізбен бірге сыртқа шығып, таң-тамаша болдық. Құдды бір басқа дәуірде жүргендейміз. Иә, расында да,
мезозой дәуірінде, тропиктік климатта қалыптасқан сазды жыныстар екен. Ұстазымыз мұнда тіпті динозаврлардың іздерін де кездестіруге болады деп еді, бойымыз түршігіп, тылсым дүниені сезінгендей болдық. Айтпақшы, шатқалдар өз түсін ауыстырып тұрады екен. Оны өзім де байқап қалдым.
Бірнеше сағат шатқалды аралап, қиын жолдармен биік тұстарына шығып та көрдік. Жаздың ыстығы мен онда соғып тұрған желге қарамастан, ерекше сезімге еніп, керемет әсер алып, ауылымызға қайттық. Міне, бүгін де мектебіміз 6-сынып оқушыларына Қиын-Керішке, ал 8-сынып оқушыларына Берел қорымына жолдама сыйлап отыр. Бұл олардың өз елінің тарихын, жер қойнауын тануына деген ынтасының оянуына себеп болды. Осындай мүмкіндік сыйлаған мектебімізге алғысымыз шексіз. Сол бір естеліктер менің санамда әлі күнге дейін жаңғырып тұр.
ӘДІЛ Жансая,
Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданы,
«Марқакөл ауылының мектеп-интернат-колледжі» КММ 11-сынып оқушысы.
Жетекшісі: ИСАЕВА Динара Асқарқызы,
тарих пәнінің мұғалімі. Педагогика ғылымдарының магистрі
Сурет:Visit east Kazakhstan сайтынан алынды.





