Наурыз — көктем

22 наурыз – мұсылман қауымның жаңа жылы. Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы. Наурыз мейрамы аясында міндетті түрде атқарылатын рәсімдер баршылық. Мысалы наурыз көже дайындалады, аналарымыз, апаларымыз қысқы соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерiн осы күнi қазанға салып, жеті түрлі дәннен көже қайнатады. Дәстүр бойынша Наурыз мейрамын барлық ауыл-аймақ тойлап, бір-бірімен көрісіп, жаңа жылды қарсы алады. Осы дәстүр бойынша Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері де «YMYRTTAGY KITAPHANA» әлеуметтік-мәдени шарасы аясында, наурыз мейрамының  шығу тарихымен  таныстыру, қазақ халқының  салт-дәстүрлерін  насихаттау мақсатында «Қош келдің, әз Наурыз» атты мерекелік кеш өткізді.

Шара барысында кітапхана қызметкерлері қазақтың ұмытылып қалған салт-дәстүрлері, ат бәйгесі, көкпар тарту, қыз қуу, палуандар күресі туралы айтып, оқырмандар мен кітапхана қызметкерлері арасында қазақтың ұлттық ойындары асық ату, арқан тартыс ойындарын ойнатты. Кітапхананың ардагері Үржан Құрманқызы шара басында шашу шашып, сәбиді бесікке салу рәсімі мен беташар жөнінде баяндап берді.  Кітапхана қызметкері Бердібек Кәдірғали қамшының жасалу жолын айтты. Сондай-ақ Әкімжан Бейбітшілікұлы әсем ән шырқап, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлап, кешті әрлендіре түсті. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін жұмбақтар жасырылып, мақал-мәтел, жаңылтпаштар айтылды. Сонымен қатар «Наурыз – құт, береке бастауы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге Лаура Ерікқызы библиографиялық шолу жасады. Наурыз туралы бейнеролик көрсетілді. Іс-шарада қазақ халқының ұлттық тағамдары наурыз көже, бауырсақ, құрт-ірімшік тағы да басқа дәмдерінен әзірленген мерекелік дастархан дайындалды. Кітапхана директоры Гүлжайнар Қалдина кітапхана оқырмандарын наурыз мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын ағайын!

Гүлжан Ескендірқызы.

                                              С.Жиенбаев атындағы

облыстық жасөспірімдер

кітапханасының қызметкері.

Ақтөбе қаласы.