Наурыз мейрамы — көне заманнан қалыптасып келе жатқан мереке
Наурыз мейрамы– діни мереке емес Жалпы, Наурыз парсы, кавказ және түрік халықтарының арасында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады.Бұл – қалың қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурыз мерекесінде көріскен жандар бір-бірін құшақ жая қарсы алып, игі тілектер айтады. Қазақ халқы бұл күні дүниеге келген қыз балаларға Наурыз, Наурызгүл, Наурызжан, ер балаларға Наурызбай, Наурызбек, Наурызхан деген есім берген.
Наурыз мейрамы Наурызкөжесіз өтпейтіні әрбірімізге анық. Наурыз көже– ұлттық тағам. Келер жылғы молшылықтың жоралғысы ретінде наурыз тойында әрбір шаңырақта міндетті түрде әзірленеді. Халықтық дәстүр бойынша оған бидай, тары, сүр ет, бұршақ, сүт, су, тұз сияқты кем дегенде жеті түрлі азықтық заттар міндетті түрде қосылуы тиіс. Тақ санын сақтап, мұндай заттар көбейтіле беріледі. Соғымнан арнайы сақталған мүшелер (қазы, қарта, шұжық, т.б.) де қосылады. Наурыз көжені халық арасында “тілеу көже”, “көп көже” деп те атай береді. Наурыз көжеге, наурызға арналып сойылған малдың кәделі асына Наурыз бата берілген соң, жиналған халық: “ақ мол болсын” деген тілек айтып тарқасады.
Жеті деген сан аптаның жеті күнін бейнелейді, бұл санның мағынасы терең. 7 санға байланысты әдет-ғұрыптар бар. Наурыз мерекесін тойлау кезінде, ақсақалға наурыз көжеге толы жеті кесе ұсынылады. Наурыз кезінде әр адам өз үйіне 7 қонақты шақырып, өзі де 7 үйге жолығады
Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша «21 наурыз түні даланы Қызыр аралайды екен» деген сенім қалыптасқан. Жаңа жылға, жаңа күнге, жаңа таңға сәлем жасау, жаңа нұрға шомылып, жан мен тәнге қуат алу уақыты – осы наурыз айының 21-нен 22-не қараған түнді халық «Қызыр түні», яғни «ырыс түні» деп атаған. Бұл түні адамдар ұйықтамай, жаратқанға құлшылық жасап, ырыс пен береке, ынтымақ пен бірлік тілейді.
Қыдыр – ел аралайтын адам бейнесіндегі «әулие», адамдарға қамқоршы, «дәулет» беруші екен. Міне, сондықтан әр үй Қыдыр атаның жолын күтіп, өздерінің жанын да, тәнін де, киер киім, ыдысы мен бұйымдарын да таза ұстауға тырысады. Үйдің іші -сыртын, қора-қопсыны тазартып, ағаш егіп, көшет отырғызып, өсімдікке су құяды. «Жаңа жылда мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деп сеніп, Наурызға дейін үй ішіндегі мүлік, жиһаздардың шаңын сүртіп, жуып, төсек орынды, киім-кешекті сыртқа шығарып қағып-сілкіп, бәрін де тазартып қоятын болған.
Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатында Наурыз мерекесі өте ерекше түрде қарсы алынады. Әр сыныптың тойлау жолдары әртүрлі. Мысалы, 5-ші сынып оқушылары өзара жарысып, өнерлерін көрсетті. Ұстаздар мен ата-аналар, оқушылар мен шәкірттер қазақ халқының ұлттық киім-кешегін, әшекей-бұйымдарын киген.Сонымен қатар, қазақ халқының ұлттық баспанасын — киіз үй құрған. Әр сыныптар қызықты жарыстарға қатысып, қыздар мың бұралып биледі. Сыныптың ата-аналары әділ-қазылардың алдында түркі халықтарының салт- дәстүрлерін көрсетіп, төрт түліктің бірі-түйе, қазақ халқының киелі құстарының бірі –бүркіт және тазы әкелінді. Әр жыл сайын біздің мектепте Наурыз керемет көңіл-күйде, ырыс-берекеге толы болып өтеді.Сонымен қатар, мектебізде Наурыз зор орын алары сөзсіз.
Қорытындылай келе, Наурыз — көктем мен еңбектің, достық пен бірліктің мейрамы болумен бірге, халқымыздың салт-дәстүрлерін құрметтеп, ұлттық қасиеттерімізді бойына сіңіріп, жан-жақты дамыған өнегелі, өнерлі азамат тәрбелейтін ұлттық мейрамымыз.Жыл басы, Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында киіз үйде отырып ақ тілек тілеп, Наурыз көжеден дәм татып, кішіге өнеге көрсету қашаннан келе жатқан ұлттық болмысты айқындайтын бір белгі сияқты. Наурыз мерекесі тек қана тарихымызда зор орын алып қана қоймай, құт-береке алып келетін ұлы мереке!!!
МҰХАНБЕТЖАН Еркеназ, ФАЗЫЛ Аягөз,
АҒЫБАЙ Адиля, КУРМАНБАЙ Алуа, КЕҢЕС Айзере
7 «В» сынып оқушылары.
Қарағанды қаласы