ҚОНАЕВПЕН СЫЙЛАСТЫҚТА БОЛҒАН

    Жақында Астанадан Президент аппаратынан  жағымды жаңалық келді. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында қазығұрттық бірнеше Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің атын көшеге беру жайлы қаулысы келіпті.

   Сол ардагерлердің ішінде Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Исақұл Тастеміровтің де есімі бар. Исақұл  ағаны ел-жұрт жақсы таниды.

Оңтүстік жұрты Исақұл ағаны өңірге танымал тұлға,  елі мен жерінің қамын ойлаған, қарапайым халықтың сөзін сөйлеген үлкен жүректі азамат ретінде құрметтейді, жылы лебізбен еске алады.

Ұлы Отан соғысы кезінде көрсеткен ерлігі үшін «Ұлы Отан соғысы» орденімен,  «Маршал Жуков», «Ұлы Отан соғысы кезінде Германияны жеңгені үшін» медальдерімен марапатталған.

Ал енді бейбіт өмірде аудан экономикасын көтеріп, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуда атқарған ерен еңбегі үшін «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және де жиырмаға жуық медальдермен марапатталған. Сонымен қатар аудандық атқару комитеті «Қазығұрт ауданының Құрметті Азаматы» атағын берген.

Исақұл аға менің әкем Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагері, Қазығұрт ауданының Құрметті Азаматы, аудандық ардагерлер ұйымының алғашқы төрағасы, соғыста танымал қолбасшы Бауыржан Момышұлының қолында батальон командирі болған, әскери гвардия подполковнигі  Досалы Мамбеталиевпен өте сыйлас дос еді. Үйге көп келетін. Екеуінің өнегелі өсиетке толы әңгімесіне таңданумен қарайтынмын.

Бірде  Исақұл ағаның Қонаевпен қалай танысқаны, таныстығының сыйластыққа айналғаны жайлы әңгімесін есіткенім бар.

—Бірде Қырымдағы «Ессентуки» шипажайында ем-дом алуға барып, серуендеуге шыққан бетім. Алдымнан бойшаң кісі шықты. Бетіне қарамадым. Бір кезде «Ей, қазақ!» деген дауысқа жалт қарасам, алдымда Дінмұхамед Қонаев тұр. Жылдам барып амандасып, қал-жағдай сұрастым.

Сол күннен бастап Дінмұхамед ағамен,  Зұхра  жеңгеммен сыйластығым басталды. Ол кісілер Ннеге жалғыз келдің,  келін қайда?», — деп қыспаққа алды. «Әйеліңді әркез бірге алып жүр. Өмірдің ыстық-суығын бірге көріп келесіңдер. Демалыста да бірге болуларың керек. Ендігі жылы дәл осы уақытта осы жерге келінмен бірге демалуға кел. Сен маған ұнап қалдың, інім», —  дегенде ішім жылып қалды.

Содан кейін қатарынан үш жыл мен жұбайыммен Димаш ағамен, Зұхра жеңгеммен бірге дем алған болатынмын. Сол кездерді сағынышпен еске аламын,-деді  Исақұл аға.

Исақұл аға жиырма жеті жыл Ленин аудандық астық қабылдау мекемесінің директоры қызметін абыроймен атқарып зейнеткерлікке шыққан болатын.

Бір кездері обком секретары Асанбай Асқаровтың шақыруымен Исақұл аға қабылдауында болған. Обком секретары Исақұл ағаға  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына басшылық жасауды ұсынды. Екі қабатты қызметтік үй беретінін айтты. Сәл ойланып,  Исақұл ағаның туған өлкеге деген сағынышы басым болып, келісім бермепті.

Сол кезде Асанбай Асқаров мемлекеттік телефонды Исақұл ағаға ұсыныпты. Ар жақтағы Димаш ағаның дауысын танып, дірілдеп мән-жайды түсіндіріпті.

Тағы бірде Исақұл аға Мәскеуге барған сапары жайлы айтып берген еді.

—Мәскеуге қызметтік жұмыспен бардым. Үш ай жүрдім, барған жұмысым тынбады. Созылып кетті. Мәссаған деп, КПСС-тің сол кездегі идеология жөніндегі секретары Сусловтың қабылдауына жазылдым.

Секретарь жылы қабылдады. Мән-жайды түсіндірдім. Бір кезде  Сусловтың көзіне  менің ескі етігім түсіп кетіпті. Шкафын ашып, жап-жаңа етікті алып шығып маған «Ки», — деді. Ыңғайсыздандым. «Сіз еңбек адамысыз. Бұл етік сізге сыйлығым», — деп, арызымның бір бұрышына «Орындалсын. Суслов» деп қойып берді.

Осы қағазбен жұмысым тынып, елге көтеріңкі көңілмен қайттым. Сусловтың етігі өте сапалы екен. Бірнеше жыл кидім,-деп сөзін аяқтады.

Құдай қаласа,  Қазығұрт ауылының бір көшесіне  Исақұл Тастеміров ағаның аты беріледі. «Атына заты сай», — дегендей, ағаның ел ішіндегі құрметі жоғары, ел-жұрт ол кісінің адами қасиетін, иманды жүзін, қамқорлығын, игі істерін сыйластықпен, сағынышпен еске алады. Билік басындағылар да ол кісінің аты берілетін көшенің үлкен, көрікті  болғанын ескерсе екен деймін.

 

 

Априза АЙТБАЕВА,

ҚР құрметті журналисі,

Қырғыз Республикасы, Бішкек қаласы