Педагогикалық менеджмент – мектеп ұжымын басқару
Менеджмент дегеніміз басқару, ұйымдастыру, алға қойған мақсатты орындау жолдарын іздестіру, адамдардың еңбегінің заң талаптарына сәйкес басқарылуын қадағалау. Педагогика саласында мектеп мұғалімдерінің бала оқытудағы тәжірибесін мектеп ішінде таратуды, одан кейін аудандық, қалалық деңгейде семинар, тренинг, коучтар өткізуді ұйымдастырып, өткізу. Ұстаздардың сағат жүктемелерінің дұрыс бөлінуін реттеп, мұғалімдер арасында реніш тудырмау. Бірінші сыныпқа оқушы қабылдауда қателікке жол бермеу. Жаңа оқу жылында мектепке келген барлық оқушылардың сабаққа түгел қатысуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ата – аналармен тығыз байланыс орнату.
Мектептің шаруашылық жұмысын реттеп, орынсыз шығынға жол берілмеуін қадағалау. Оқушылар арасында аз қамтылған, әлеуметтік – тұрмысы төмен және осал топтардың ұл – қыздарының тізімін алып, олардың ата – анасымен сөйлесу. Жаңа оқу жылы алдында «Мектепке жол!» ақциясы аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына мектепке қажетті құрал – жабдық, киіммен толық қамтылуына қолдау көрсету. Мектепке келетін мүмкіндігі шектеулі балалар болса, олардың білімнен шеттетілмеуін ең бірінші кезекті мәселе етіп қою. Мектептегі білім, өнер, спорт пен жаңа технологиялар негізінде дамып келе жатқан роботты техника, жасанды интеллекті пайдалана отырып, жасөспірімдердің ғылыми жоба жұмыстарымен айналысуына мүмкіндік жасау, олардың шығармашылығының кең қанат жаюы үшін пән мұғалімдерінің шеберлігін дамытып, сабақтарына пайдалануға ұсыныстар енгізу — міне осы айтылғандардың барлығы педагогикалық менеджмент.
Яғни, мектептің бүкіл жұмысына жауапты, басқаратын тұлға – мектеп директоры. Мектеп басқаруда аз-кем он бір жылдық тәжірибем бар. Басқарушылық бала бойында оқушы кезінен қалыптасатынын өз өмірімнен білемін. Оқушы кезден бала мектеп өміріне етене араласып, белсенділік танытып, сабақта да, қоғамдық жұмысқа да араласа білсе, біртіндеп ширайды. Бала жандүниесін түсініп, оның алға қарай талпынысына қолдау көрсететін – ата – ана мен ұстаз. Көп жағдайда, ата — ана ұл – қызының өз әлеміне қадам баса бастағанын байқай бермейді. Күні бойы жұмыста жүретін ата – ананың көбі баласының тамағы тоқ, киімі бүтін. Оған қажетті материалдық қажеттілікпен қамтыдық деп ойлайды. Осы тұста ата – анаға көмекке келетін ұстаз. Ата – анамен жиі хабарласып, баласының қабілетін дамыту туралы пікірлесіп отырса, бірлескен жұмыс өз нәтижесін береді.
Шәкірт кезімнен көшбасшылыққа ұмтылу мені – ұстаз мамандығын таңдауға жетеледі. Ұстаздық ете жүріп, мектеп басқаруда көптеген мәселелерге қанығып, көп тәжірибе жинадым. Сол себепті де мектеп директорлығына келуге бел байлаудан жүрексінбедім. Еңбек жолымды 1990 жылы қазіргі Райымбек ауданындағы «Қарасаз» өнер мектебінде домбыра сыныбының мұғалімі болып бастадым. 1991 — 1994 жылдары Алматы облысы, Кеген аудандық балалар музыка мектебінде, 1994 — 2002 жылдары Алматы қаласы, №2 мектепте, 2002 жылдан Кеген ауданы, Алғабас ауылы, Ұзақ Бағаев атындағы мектепте музыка пәні мұғалімі болып сабақ бере жүріп, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірдім. Аталған мектепте 2006 жылдан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 2010 — 2013 жылдары педагог — ұйымдастырушы, 2013 — 2022 жылдар Ұзақ Бағаев атындағы мектеп директоры қызметін абыроймен атқардым. 2022 — 2023 жылы Алматы облысы, Іле ауданы, «Қоянқұс» ауылындағы №47 орта мектепте директордың оқу — ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым.
Өткен 2023 жылдың желтоқсан айының 19 — да Абай атындағы мамандандырылған гимназия – интернатына директорлық қызметке Алматы облысы білім басқармасы жариялаған конкурс арқылы өтіп, тағайындалдым. Ұстаздармен таныстым. Педагогтар ұжымы негізінен жастар екен. Тәжірибелі, бала оқытудағы өнегесі мақтауға тұратын ұстаздарымыз да бар. Оқушыларымыз да білімге құштар жасөспірімдер. Гимназия – интернат болған соң күндіз және түнде кезекшілік өткізетін тәрбиешілеріміз де балаларға өз баласындай қарайтын жандар. Кез келген мектептің алға қойған мақсатының орындалуы үшін ең алдымен ұжым арасындағы сыйластық, бір – біріне құрметі және өз мамандығына деген адалдық, жауапкершілік, шәкірттер алдындағы баладай таза көңіл қажет. Мен ұстаздардан осы аталған қағидаларды байқадым. Алдағы уақытта бірлесіп, гимназия оқушыларының білім сайыстарына, шығармашылық байқауларға қатыстыра бермекпіз. Оқушы жетістігі – ұстаз еңбегінің жемісі.
Биылғы оқу жылы аяқталып келеді. Абай атындағы гимназия – интернатында бес айдың ішінде көптеген шаралар ұйымдастырылды. Оқушыларымыз байқауларға қатысып, білімін сынауда. Спортта да айтарлықтай жетістіктеріміз бар. Мектеп пен интернаттың айырмашылығы бар. Оқушылардың барлығы интернат ғимаратында тәрбиешілердің қарауында болады. Тәрбиешілеріміз тәжірибесі толысқан аналар. Соған қарамастан, олардың да гимназия — интернатының оқушыларымен бос уақытта өткізетін шараларды белгілеп, пайдалы іспен айналысуына мүмкіндіктер жасалады. Балалар кітапханада кітап оқиды, шығарма жазады. Сурет салады, спортпен айналысады.
Мамандандырылған гимназия – интернатының ұл – қыздары ата – анасынан жырақта болғандықтан, олардың ата – анасындай болуға ұмтылудамыз. Жаңа технологиялар заманында әр оқушы қолындағы смартфонмен сабақтан тыс кезде ата – анасымен емін — еркін сөйлесе алады. Соған қарамастан, гимназия ұстаздары жұмысты тәрбиешілерге жүктеп қоймай, балалармен қабілетіне қарай жеке жұмыс істеп келеді. Адам баласы қай ортада болмасын қиындықтарды бірлесе отырып атқарғанда, жеңіп шығады. Мен мектепке келіп, орналасқанға дейін гимназия ұстаздары білім саласында көптеген жетістіктерге жеткен екен. Сол жетістіктерді кәсіби тұрғыда дамытып, гимназия мәртебесін биіктете беруге ұмтыламыз. Алда жазғы демалыс келе жатыр. Мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі тұр. Гимназия — мектеп ұстаздары мен сынып жетекшілері қауіпсіз жаз демалысын ойдағыдай өткізу үшін әр сыныптағы оқушылардың ата — анасымен сөйлесіп, сақтауға тиіс ережелер мен қағидаларды ескерттік.
Мақсатымыз – гимназия әкімшілігі мен ұстаздар, жас мамандар бірлесіп Әділетті Қазақстанның адал еңбек етіп, адал табыс табуға ұмтылатын адал азаматтарын тәрбиелеп, білім беруге алдағы оқу жылдары да бар білімі мен біліктігін арнап, өнегелі істерімен шәкірт жүрегіне білім шуағын төге береміз деген ниеттемін.
БАЙСАРИЕВА Алия Қожаққызы,
Абай атындағы Алматы облыстық мамандандырылған
гимназия – интернатының директоры.
Алматы қаласы